Аштық жариялаудың заңдық негізін жасау керек пе?
Аштық жариялау «сәнге» айналып кетті ме, әлде қоғамда соған мәжбүрлейтін факторлар дендеп бара ма? Бұл сауалға кесіп жауап беру қиындау. Наразылықтың осы түрін терең зерттеп жүрген ғалымдар «аштық жариялау Еуропа мемлекеттері арасында ертеден-ақ кең тараса, діні мұсылман елдерінде оны жат санаған» дейді. Бір анығы – жанайқайын ас-судан бас тартып естіртуді жөн санағандар саны соңғы 10-15 жыл ішінде көбейе түсуде. Аштық жариялаудың қандай заңдық негіздері бар? Оның себеп-салдары қадай?
Заңдық тұрғыдан аштық жариялаудың ешқандай да құқықтық негіздері жоқ екен. Олай болса, не «заңды», не «заңсыз» деп бір жақты қорытынды шығару да мүмкін емес. Десек те, егер аштық жариялаған адамның денсаулығы нашарлап немесе олай-бұлай болып кетсе, оған даудың екінші жағында тұрғанның жауап беруіне тура келеді. Оның өзінде құзырлы органдар алдымен істің ақ-қарасын ажыратып алады. Егер аштық жариялауға еш негіз табылмаса, әрине, ешкім жазаға тартылмайды.
Ал себептері қандай? Себептері де әртүрлі. Біреуі шарқ ұрып, шындыққа жете алмай, соңғы шара аштыққа барса, енді бірі ұсақ-түйекке бола, қарсы жаққа сес көрсету үшін барады екен.
Рас-өтірігін кім білсін, «кейбір оппозициялық көзқарастағы топтар бұл әлеуметтік проблеманы саяси мәселеге айналдырып жіберуді көздеп, үлескерлердің қолтығына су бүрікті» деген сыбысты да құлағымыз шалып қалатындығы шындық.
Егер орын алып жатқан осындай оқиғаларды бір-бірлеп сүзгіден өткізіп шығатын болса, расында да, құқықтары аяққа тапталып жатқандар баршылық. Мысалы, Павлодардағы көпбалалы аналар ұйымдастырған наразылық ешкімді бейжай қалдыра алмады. Баспана алу кезегіндегілер (қалай, неге екендігін тиісті орындар анықтай жатар) тізімнің басында тұрса да, оларға тиесілі пәтерлер өзге біреулердің еншісіне тиіп отырған. Ал жергілікті әкімдік заңсыздықты тексеру шараларын тек аштық жариялау акциясынан кейін ғана қолға алған.
Керісінше өткен жылы Петропавловск қаласын шулатқан оқиғаны асыра сілтегендік пе деп қалдық. Естеріңізге сала кетсек, жатақхана тұрғындары электр қуатының үзілуіне байланысты наразылық көрсетіп, үш күн аштық жариялаған-ды. Тиісті орындардың жарықты өшіруіне тұрғындардың жарық ақысын төлемеуі себеп болған. Бұл жерде біз коммуналдық қызмет көрсетушілердің әрекеттерін ақтағалы отырған жоқпыз. Алайда коммуналдық қызмет ақысын төлемеймін деген тұрғындардың да әрекетін түсіне алмадық.
Тағы бір мысал, Көкшетау қаласындағы базар сатушыларының аштық жариялауларына қала әкімдігінің сауда орындарын босатуларын талап еткендігі түрткі болған. Бір оймен әкімдікті де түсінуге болады. Дауға айналған сауда орындары орналасқан көшеге қаланың бас жоспарына байланысты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған-ды. Сатушыларға әкімдік жұмыс та тауып берген көрінеді. Ақырында базына арты тәртіп сақшылары мен сатушылар арасындағы қақтығысқа ұласып кеткен.
Бір айта кетерлігі, қазір аштық жариялап, жеңіске жетіп жатқандар саусақпен санарлық. Тіпті аштық жариялау мән-мағынасын жоғалтып алған сияқты. Кейде осындай қадамға бел буғандар далаға айғайлап жатқандай көрінеді. Қашаннан қалыптасып кеткендей, аштық жариялағандарды бірінші күннен-ақ дәрігерлік бақылауға алып, билік өкілдері олардың талап-тілегінің дұрыс-бұрыстығын дер кезінде тыңдап, ол жайлы БАҚ өкілдеріне түсінік берсе, аштық жариялаушылар жайлы біржақты пікір, алыпқашпа әңгіме сан-саққа жүрмес пе еді. Тиісті билік өкілдерінен нақты шаралар қолға алынбағандықтан, оның артының немен тынатындығы көбіне-көп көлегейленіп қалады.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заңгер, ғалым:
– Аштық жариялау жаппай орын алатын болып кетті. Бұл – жақсы емес. Біріншіден, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді, екіншіден, мұнымен ұрпаққа не тәрбие береміз? Оның үстіне, ешбір заңға жүгінбей, қанша аштық жарияла, қоғамды өзіңе қаратқаның болмаса, оң нәтижеге жетемін деген ниеттен түк шықпауы әбден мүмкін. Сондықтан да аштық жариялау акциясының да құқықтық, заңдық негіздерін жасау керек деп санаймын. Бәлкім, Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібі туралы» Заңымен шешу керек шығар бұл мәселені. Еуропадан бастау алатын бұл акцияның тарихына жүгінсек, ұсақ-түйек емес, негізінен, ірі-ірі оқиғалар, тіпті мемлекет шеңберіндегі істер және аса маңызды мәселелер түрткі болған.
Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, қоғам қайраткері:
– Аштық жариялаудың құқықтық негіздерін жасауға болмайды. Тиісті орындардың наразылықтың бұл түріне рұқсат бермей қоятыны айдан анық. Сонда шындық іздеп шырылдағандардың үні қоғамға қалай жетпек? Осының барлығы орын алып жатқан әділетсіздіктердің салдарынан. Ешкім аштық жариялауға еріккеннен бармайды. Әрбір аштық жариялау наразылығының артында күрмеуі шешілмей жатқан бір іс тұр деген сөз.
Егер билікке наразылықтың қандай да бір түрі ұнамайды екен, оған жол берілмес үшін елде тәртіп орнатып, мәселені заңмен шешуі керек.
Айтылған пікірлердің екеуі де түзік. Сонда не істеуге болады? «Былай тартсаң өгіз өліп, былай тартсаң арба сынатын» сияқты. Тақырыпты қоғам талқысына салып отырғанымыз да тектен-тек емес. Бәлкім, құзырлы орындардың аштық жариялау наразылығының себеп-салдарына терең үңіліп, дер кезінде назар аударғандары жөн шығар?