Астматиктер дайындайтын "фабрика" жасап алдық
Бүгінде әлемде 300 миллион адам астма ауруынан зардап шегеді. Медицина мықты дамып келеді дегенмен де, дәл осы диагноздың алдында дәрменсіздік танытуда. Мамандар мұның себебін қоршаған ортаның аэроаллергендермен ластануынан, күнделікті тұтынатын тағамдарда бейтабиғи қоспалардың көп болуынан, түрлі химиялық ұнтақтарды пайдаланудан көріп отыр. Науқастардың нақты саны тізімге тіркелгендерден 5-6 мәрте көп дейді мамандар. Елімізде демікпе дертінен зардап шегетіндер аз емес.
Оларға арнайы емдеу курстары, түрлі бағдарламалар қабылданып жатқанымен шыққан нәтиже нөлге тең. Ал өзге елдердің озық тәжірибесін пайдалану жағы кемшін деп айтпасқа амал кем. Мәселен, Ресейде осы астматиктерге арналған «Еркін тыныстау» атты арнайы бағдарлама бар. Ол өткен жылы қабылданған болатын. Арнайы сайты да бар. Кеудесі сырылдап, дем ала алмай қиналған жан өзін астма ауруына өкпесі болса осы сайт арқылы дәрігерлерден көмек алып, арнайы тексеруден өте алады. Ресейлік дәрігерлер дабыл қағып отыр, бұл дерт бүгінде тым жасарып барады. Әлемнің тұмсығын тықпаған түкпірі жоқ. Түгел қамтыған десе де болады. Ол аурудан азатпыз дейтін ел жоқ. Ең қорқыныштысы бұл дерт 2-3 жастағы сәбилерге де ауыз сала бастаған. Әсіресе Австралия, Жаңа Зеландия, Англия, Куба, АҚШ-та ауру саны көп. Еңбек етуге қабілетті жастағылардың 68 пайызы астмадан азап шегеді, оның басым бөлігі яғни, 68 пайызы әйелдер, 71 пайызы астманың өте ауыр түрімен ауырады. Мамандар «бұрын интернет жоқ кезде жақсы еді, науқастар аурудың ерте кезеңінде келіп анықтап, алдын алып жататын. Ал бүгінде интернеттегі түрлі ақыл кеңестерге құлақ түріп әбден өткізіп алып барып келетін болды» дейді. Сөйтіп ресейлік ғалымдар ғаламтордың аурудың өршуіне өлшеусіз үлес қосып отырғанына алаңдаулы. Ал бізде үнсіздік...
«Астма мектебі» қашан ашылады?
Бронхиальды астма дерті бүгінде пульмонология саласындағы ең күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. 1997 жылы «Астма мен аллергияны Халықаралық зерттеу бағдарламасы» қабылданған болатын. Зерттеу барысында дәрігерлер астматиктерді үнемі санотариялық-курорттық емдеуде болуы керек деген қорытындыға келген-тін. Осы дерттің шеңгеліне тұсалғандардың барлығы да курортқа баруға міндетті делінген. Дамыған елдерде астматиктерді курортқа жіберерде әсіресе көктем айларына сәйкестендірмеуге тырысады. Өйткені ағаштар бүршік жарып, шөп көктеп келе жатқанда аурудың нағыз қозатын кезеңі. Ал бізде уақыты келсе болғаны. Жолдама күйіп кетпеуі үшін амал жоқ ауырса да, жақпаса да баруға тура келеді. Курортыңыз не, санатороидің өзі арман. Онда да кезегі келсе ғана. Тағы бір назар аударарлық жайт климаттың жақпауы. Өйткені ол өте қатты әсер етеді. 80-ші жылдары ресейлік ғалымдар зерттеу жүргізгенде астматиктерді тек өзі тұратын аймақта емдегенде ғана емнің нәтижесі болатынын анықтаған. Яғни, климат ауыстыру да жаға бермейді. Мәселен, Ресейде астманы кез келген санатроиде емес арнайы санаториде ғана емдейді. Мәскеу түбіндегі «Валуево» курорты астматиктердің арнай курорты. Таулы аймақтарда мәселен тері аллергиясы төмендейді, тыныс алу жолдары ашылады, емнің алғашқы күні ақ кеудеде дем алыс жақсарады, тыныс алу кеңейеді. Тұншығу азаяды. Алтай аймағындағы «Белокуриха» курорты да астматиктерге таптырмайтын орын. Мұнда науқастар желтоқсан мен ақпан айларында демалады. Санаторияларда ингаляториялар бар. Спелеотерапия да өте жақсы әсер етеді. 1980 жылы үңгір астында емдеу жолы қолға алынды. Тұз үңгірлерде емдеу өте қарқынды жүргізілген болатын. Бүгінде әлемде қолдан жасалған арнайы 25 үңгір емдік орындары бар. Кеңес одағында ол алғаш рет Украинада ашылған-тын... Бүгінде Ресейде арнайы «Астма мектебі» ашылған. Онда сала мамандарымен қоса психотерапевтер де сабақ өтеді. Өйткені бронхиалді астмамен зардап шегетіндерде депрессия жиі болатыны белгілі. Тұншығу, демала алмау, «өліп қалам ба» деген қорқынышпен үнемі үрейде жүреді. Созылмалы түрімен ауыратындарға астма мектебі көп көмек қолын созады. Мұнда приступ ұстағанда не істеу керек, тұншығуды басу үшін не істеу керектігін үйретеді.
«Емдемейді, мүгедек етеді...???»
Ең қиын да күрделі аурулардың қатарына жататын астманы емдеу үшін мыңдаған дәрі дәрмектер шығарылуда. Бірақ астманың әл берер түрі жоқ. Қайта әртүрлі кейіпте бой көрсетіп, түрлене түсуде. Емдеуге ден қойған сайын құтырып, қайта мың құбылып барады. Өткен жылы Ресейдің денсаулық сақтау министрі қалпына келтіру медицинасын қайта тірілтуге пәрмен берген болатын. Бұл өз кезегінде үлкен дау тудырған-тын. Бас дәрігер физиотерапия мен емдік денешынықтырумен айналысыңдар деп әбден ескірген жүйені қайта тірілткенде не ұтады деген сыңайда басы дауға қалған болатын.
Оразғали Такишев, Қ.А. Иассауи атындағы Қазақ-түрік университеті клиникасының аллергология-пульмонология бөлімінің пульмонолог-дәрігері:
– Ауруханада бұрыннан емделіп жүрген астматиктер бар, егер оларда астманың приступы ұстаса эуфилинсіз кетіру мүмкін емес. Яғни гормонды дәрілерсіз тұншығуды баса алмайды. Олар осы дәрілерге үйреніп қалған. Бүгінде науқастардың басым бөлігі амбулаторлық ем қабылдайды. Өте ауыр жағдайда болғанда ғана ауруханаға жатқызылады. Бүгінде біртіндеп ингаляторларға өткізіп жатырмыз. Мәселен науқасқа екі ингалятор беріледі. Бірі емдейді де, екіншісі приступты алдын алуға көмектеседі. Осы тәжірибені енгізіп жатырмыз.
Астманың азабын тартқан науқастардың жан айқайына құлақ түрсеңіз «тәжірибесіз дәрігерлер өкпесінде сырылы барлардың бәріне гормондық дәрілер жазып береді. Ал бұл ауру емес адамның астматикке айналуына апаратын төте жол болып табылады. Бронхит болғандарды емдеп жазуға болады ғой, ал олар астмаға айналдырады. Соның кесірінен аурухана мен дәріханалардың тұрақты клиентіне айналады» деген болатын. Расында бүгінде астматиктер арифметикалық жылдамдықпен өсіп барады. Ресейдің медицина журналында бүгінде бұл елде астматиктердің 7 миллионнан асқанын жазады. Расында қарап отырсаңыз емдеу емес қайта ауруды тереңдету сияқты. Базалық терапия бойынша бронхолитиктер тағайындалады, ол гормон деген сөз. Шетелдерде оны стероид деп атайды. Мұны біздің елде бронхит болғанда әлі астмаға жетпеген кезде де тағайындай береді. Бұл өлімге апаратын төте жол. Өйткені созылмалы қабынуларда жоғары тыныс алу жолдарында қорғау қабаты түзіледі. Ол инфекциялардың өкпеге өтпеуіне ат салысады. Бронхолтитиктерді (эуфилин, солутан) қабылдау осы қорғаушы күшті жояды, бронхтарды кеңейтіп жібереді. Соның салдарынан бронхит болады, соңы бронхиалды астмаға айналады. Гормондарды үнемі пайдалану бронхиалды астманың үдеуіне әкеп соғады. Аурудың ерте баста анықталғанында-ақ гормондарды қабылдау астманың үдетеді. Ауруды меңдетіп, өлім жітімнің көбеюіне де үлес қосады. Осындай емдеу түрінен кейін бе соңғы 20 жылдықта тіптен көбейіп кетті. Астматиктерді дайындап шығаратын «фабриканың» жұмысы осылайша асығы алшысынан түсіп тұр. Бүгінде созылмалы бронхитті осылай емдеген соң астматиктер көбейіп барады. Онсыз тұра алмайтын ингаляторларды сатып алушылар көбейеді. Соның салдарынан дәріханаларда оның өтімі үдейді, біреуге өлім жазасы, ал енді біреуге бұл байлықтың қазынасы. Астмаға «кандидаттардың» қарасын осылайша өз қолымызбен көбейтіп жатырмыз. Емнің өзге түрін енгізу жүйесін қолға алатын кез жетпеді ме баяғыда-ақ. Ауруханалардағы емдеу жүйесі әбден ескірген. Сол себептен соңғы жылдары ауру көбейген, өлім жітім көп, мүгедектік басым. Еліміздегі емханалар 25 жыл бұрынғы енгізілген ескі жүйемен жұмыс істеп келеді. Жаңа методика жоқ... Ауру жанына батқандар «Астматиктер ассоциациясын» құру керек дейді. Сонда ғана бір нәтиже шығар бәлкім? Тұмауға, пневмонияға шалдыққан, не бронхит болғандардың көбісі келешек «кандидаттар». Тәжірибесіз дәрігер эуфилинге отырғызады. Болды бітті. Өкпесі сырылдағандар ендігі жолы осы эуфилиннен басқаға көнбейтін болады.
Гүлбану Ергешова, 3 топтағы кемтар жан:
–12 жылдан бері демікпе дертінен азап шегіп келемін. Дәрігерлердің салғырттығынан әбден зәрезап болғанмын. Өткен жылы ОҚО денсаулық сақтау басқармасы №1 орталық емханаға 3(?) ғана серетид, басқа да ингалятор бөліпті. Ол кімге жетеді? Айтқанмен, шағымданғанмен нәтиже жоқ. Жылдың аяғына дейін тегін дәріні ала алмадық. Амал жоқ сатып алуға тура келді. Ал ауруханадағы ем түріне де көңіл толмайды. Суықтап, жөтеліп не болмаса қатты тұншығу ұстап барғандардың бәріне бірдей эуфиллин салады. Болды басқа қосымшасы жоқ, Цефазалин, дексаметазоны тағы бар. Мұның бәрі де гормондық дәрілер. Эуфилин біріншіден жүректі «отырғызады», бүйрекке, бауырға да әсері күшті. Бір жағынан «лечить» етсе, екінші жағынан «колечить» деуге болады. Сонда қаншама жылдардан бері ағзаның басқа мүшелеріне әсер етпейтіндей емдеу түрі табылмағаны ма? Ауруханадағы дәрігерлер бір жүйеден шыққысы келмейді, ескі сүрлеумен жорта береді. Сонда науқастың жайын кім ойлайды? Қауіпсіз деп «Небулайзер» деген құрылғыны сатып алыңдар дейді. Оның ультрадыбысты түрінің ең арзаны 16 мың теңге тұрады. Аз ғана жәрдемақыға қарағандардың оны сатып алуға шамасы келе ме?
Сандуғаш Есіргепова, аллерголог-пульмонолог:
–Қандай да бір ауруды емдеу жүйесін өзгерту үшін оған алдымен зерттеу нәтижелері жүргізілуі қажет. Ол үшін денсаулық сақтау министрлігінің арнайы нұсқауы қажет.
Фатима Қаныбекова, терапевт:
–Расында бүгінде интернеттің көмегіне жүгінушілер көп. Кеңес заманында адамдар емханаға келіп арнайы дәрігердің нұсқауымен ғана дәрі қабылдайтын. Бүгінде интернет ресурстардың бәрі де пайдалы деп айта алмайсыз. Ондағы ақыл кеңестердің де дұрыс бұрыстығын тексеріп отырған жан жоқ. Сондықтан да сауатсыздыққа салынбау қажет дер едім.