Астаналық балалар Астана мәртебесін асқақтатып қайтты
Өткен аптада Болгарияда Бірінші халықаралық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық фестиваль-конкурсы өткен еді. Болгария, Украина, Ресей, Польша, Молдова және Румыния елдерінің өнерпаз оқушылары мен жасөспірімдері қатысқан сол дүбірлі жарыста Астана қаласының №4 қазақ гимназиясының «Боталар» хорының балалары озық өнер көрсетіп, еліміздің мерейін тасытып қайтты. Астанадан барған осы оқушылар хоры (олардың ішінде №66 мектептің де үш оқушысы бар) вокал жанрында 1-орынды иеленсе, жеке орындауда хор мүшесі Нұрболат Шпан да 1-орынды жеңіп алып, барша қазылар алқасы мен фестиваль қатысушыларының таңдайын қақтырды.
Әсия МҰСТАФИНА, «Боталар» хорының жетекшісі:
– Бұл конкурсқа жеті мемлекеттен 297 шығармашылық ұжым немесе жалпы саны 620 бала қатысып, вокал, хореография, аспапты музыка, фольклор, цирк, акробатика секілді өнер салаларында ұжымдық және жекелей орындаушылық өнерін ортаға салды. Біздің «Боталар» хоры конкурстың бірінші күнінен-ақ бірден дараланып, жұрт назарын өзіне аударды. Нұрболат Шпан ең үздік солист болды десем, артық айтқаным емес. Бүкіл көрермен «Қазақстан, Қазақстан!» деп айғайлап, қол соқты. Сөйтіп, конкурстың қорытындысында қазылар алқасы хор ұжымын да, Нұрболат Шпанды да бірінші орынмен марапаттады.
Әділ АМАНЖОЛОВ, «Боталар» хорының мүшесі, 5-сынып оқушысы:
– Конкурс өте жақсы өтті. Ал оған қатысқандардың ішінде украиналық балалардың өнері керемет болды деп ойлаймын. Біздің хор байқауда «Астана», «Илігай», «Аве Мария» мен «О,солемио» секілді шығармаларды шырқады.
Мирас МӘДИҰЛЫ, «Боталар» қорының мүшесі, 3-сынып оқушысы:
– Болгарияға әртүрлі елдерден көп бала келіп, өз өнерлерін көрсетті. Бірақ біз бірінші орынды иеленіп, жақсы көңіл күймен қайттық. Жетекшіміз Әсия Әбілханқызына алғысымыз шексіз.
P.S. Бұл жүлде «Боталар» хорының тұңғыш жеңісі емес. Әсия Мұстафина жетекшілік ететін хор ұжымы 2005 жылы Түркиядан бас жүлде, 2006 жылы Грекиядан 1-орын, 2007 жылы Испаниядан бас жүлде, 2010 жылы Санкт-Петербургтен 1-орын алып, Қазақ елі мен оның елордасы- Астананың атын әлемге әйгілеп жүр. Біз осынау жас өнерпаздардың өнері өрге жүзе берсін дейміз!