Күнделікті ас дайындауға мақсары майы, күнбағыс майын пайдаланатынымыз белгілі. Асқатық майдың араласпайтын жері жоқ. Тағамды онсыз дәмді етіп пісіру де мүмкін емес. Дүкен сөрелерінен «Қазақстанда жасалған» өнімді алайын десең, кейде емге таптырмайтыны бар. Есесіне, ресейлік «доня-понялардан» көз тұнады.
Өз торсығы мелдектеп тұрса да, біреудің шалабын көріп, шөліркейтін қанағатсыз ындынды қойсаңызшы. Отандық өнімдерді ысырып қойып, өзгенікіне өлерменденетіндер де жоқ емес. Қымбатшылықтың «размері» жоқ екені белгілі, импорт өнімнің бағасы жыл сайын жоғарыласа да алармандары азайған емес. Ал отандық өнімдер шаң басып, шетке ысырылып қалып жатқаны. Сонда біз отандық өндірісті қалай дамытамыз? Алармандарымыз аз болса... Ішкі сұранысты толық өтеуге мүмкіншілігі бар саланың аяғына өзіміз тұсау салып, шідерлеп отырғандай бір хал. Расында, асқатық май өндірісінде түйіншек болып түйіліп тұрған мәселелер жетерлік. Оны шешу де өз қолымызда. Сонда не кедергі? Сұйық майға деген сұраныс ешуақытта да төмендеген емес. Қайта арта түспесе, бір мысқал да кемімейтіні тағы анық. Санақ бөлімінің есепшотқа салып қағып жібергендегі мәліметі мынау: Жамбыл жұртының сұйық майға деген сұранысы былтыр 9 мың тоннаны құрапты. Оны өндіру де, сұйық майға қажетті шикізатты да өзімізде өндіруге әлеуетіміз жетеді-ақ. Мақсары да, күнбағыс та облыс аумағында өсіріледі. Әсіресе мақсары алқаптарының көлемі жыл жылжыған сайын ұлғайып келеді. Осыдан екі жыл бұрын оның алқабы – 70, өткен жылы 78 мың гектар алқапты құраған. Оның әр гектарынан орта есеппен 5-6 центнерден өнім алынған. Мамандардың санағы бойынша егер облыс көлемінде жыл сайын 40 мың тоннадан астам шикізат жиналса, оны өңдеп, дайын етіп шығарғанда облыс тұрғындарының қажеттілігін толық өтеуге болады екен. Өкіндірері, сол өңірде өңдеу өнеркәсібінің кежегесі кейіндеп тұр. Алқаптардан жиналған өнімнің 80 пайызы өңделмеген күйі сатылып кетеді.
Осылайша, мақсарының желдиірменіне түспейді. Соның салдарынан ішкі сұранысты қанағаттандыруы тиіс қажетті майдың 20 пайызға жуығы ғана өзімізде өндіріледі. Аймақта 2010 жылы – 1 мың, 2011 жылы 1,5 мың тонна сұйық май өндірілген.
Облыста майлы дақылдардан дайын өнім шығаратын екі шағын зауыт бар. Әрі осы салаға там-тұм үлес қосатын, яғни мақсарыны алғашқы өңдеуден өткізетін үш шағын цех бар. Облыс орталығындағы қуаттылығы жылына 3 мың тонна майды құрайтын «Палуанов» ЖШС-і бар. Оның ішкі сұраныстың 30 пайызын өтей алатын мүмкіндігі бар. Алайда аяқтан шалатын кедергілердің кесірінен қанатын кеңге жая алмай отыр. Жеке кәсіпкер Барысбек Палуанов зауытын банктен несие алу арқылы ашқан болатын. Несиенің үлкен пайыздық көлемі де титықтатары сөзсіз. Соның салдарынан өрісін кеңейте алмай отырған жайы бар. Осы кәсіпорынға бәсекелес бола алатын ірі зауыттың бірі «Төлебай май» ЖШС-і де ішкі сұраныстың 30 пайызын жабуға шамасы келер еді. Оның да шикізат тапшылығы аяғын тұсаулап отыр. Егер осы екі кәсіпорын облыс тұрғындарының сұйық майға деген сұранысының 60 пайызын жауып отырса, «мұртымызды балта шаппасы» анық. Онда импортный майларды дүкен сөрелерінен түре қуып шығуға шама келер еді. Алайда... Шу, Меркі және Байзақ аудандарындағы шағын цехтар майлы дақылдарды алғашқы өңдеумен ғана шектеледі. Асқатық майды өндіруде әсіресе оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің асығы алшысынан түсіп тұр. Жамбылдағы дүкен сөрелерін де, базар атаулыны да жаулап алған өнімдердің дені негізінен осы көрші облыстан жеткізіледі. Сондай-ақ ресейлік өнімдердің де бәсі басым. Әзірге облыстың 80 пайыз сұранысын солар өтеп отыр. Үкімет майлы дақылдарды, соның ішінде мақсары өсірушілерге әр гектарына 5 мың теңгеден субсидия беруде. Кейінгі кезде майлы дақылдарға көптеп көңіл бөлудің арқасында мақсары өсіруге құлшыныс білдірушілер көбейді. Облыста майлы дақыл егетін егістіктің көлемін 90 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Егер мақсарышы ағайын білек сыбана жұмыс істесе, әр тоннасын 35-40 мың теңгеге пұлдап, қарық болмақ. Оның сабаны да мал семіртуге сеп. Сондықтан мақсарының дәні де, сабаны да жерде қалмайды. Әзірге мақсары өсіру Шу, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандарында ғана дамып келеді. Жері құмды, сортаңды Мойынқұм ауданы ғана мақсары егуге қолайсыз аймақ саналады. Қалған барлық аудандарда егіп, мол өнім алуға мүмкіндік те мол. Минуттан мысқал ұрлаған шаруақор адамның қулығы да, кейінгі кездері бидай, арпа егетіндер осы мақсарымен-ақ май шайқауға болатынын бағамдағандай да. Өйткені дәнді дақылдарды өткізуде кедергілер көп. Кейде қамбаға сыймай қалады, кейде далада қалып шіриді. Әйтеуір бітпес жыры көп. Ал мақсарыны өңдеп, өнім өндіретін зауыттар аранын ашып, шикізатқа шөліркеп отырады. Әйтеуір жерде қалмайтыны анық.
Мақат ПІРІМҚҰЛОВ, диқан:
– Соңғы жылдары бас көтерген мәселенің бірі – мақсары тұқымының ұсақталып кетуі. Қолда бар ұрықтың дені жыл сайын еге берген соң, азғындауға ұшыраған. Шетелдерден аса қажетті тұқымдықты алу оңай емес. Сапалы тұқым мол өнім алудың кепілі екені рас. Оның үстіне, майлы дақылдарға жаудай тиетін зиянкестер де көбейіп кетті. Түрлі химиялық препараттар шашпаса, дәнін түгін қалдырмай жеп қояды. Ол дәріңіз де арзан тұрмайды. Аталған мәселелер шешімін тапса, мақсарыдан көп өнім жинауға кепілдік те мол болмақ.