Аспалы көпір тағдыры аспанда ілулі тұр
Семей қаласындағы аспалы көпірді көрген жанның «аузын ашып, көзін жұматыны» рас. Енді ше, мұндай көпір бүкіл ТМД аумағында тек Семейге ғана бұйырыпты. Тіпті әлемде саусақпен санарлық қана. Бұл көпірді көрген де — арманда, көрмеген де, арманда. Десе де, сол аспалы көпір жайын сөз еткенде семейліктер «аһ» ұрады. Көпірдің көз алдарында тозып бара жатқанына жандары ауырады.
Бұл көпірдің құрылысы қиын жылдарда қолға алынды. Ел экономикасы әлі еңсе тіктей қоймаған 1998 жылы Үкімет жаңа көпір құрылысын бастауға шешім шығарды. Көпір құрылысымен, негізінен, жапондық «Аячай» фирмасы айналысты. Жапонияда жасалған көпір қаңқалары алдымен су жолымен, сосын теміржолмен Семейге тасымалданған. Жалпы, екі ел арасындағы келісімге қарай, Жапония мемлекеті көпір құрылысына 165 млн доллар бөліпті. Бұл қаржыны 2,7 пайызбен 30 жылда қайтару мәселесі де алдын ала пысықталған. Ал Түркияның «АлсимАларко» фирмасы көпірге келіп тірелетін ұзындығы 16 шақырым жол құрылысын жүргізумен шұғылданыпты. Осы арада айта кету керек, жаңа көпірдің үстіне табиғи асфальт төселген. Бұл асфальт, білетіндердің айтуынша, Кариб бассейніндегі Трининад көлінен арнайы тасып жеткізілген көрінеді. Сонымен қатар көпір құрылысы жұмыстарына өз елімізден 30-ға жуық фирмалар қатысса, жұмысшылардың 90 пайызын жергілікті азаматтар құрапты. Көпір құрылысы белгіленген мерзімнен бұрын бітіп, 2000 жылдың қазан айында пайдалануға берілді.
Нөпірлі көпірді кім күтеді?
Содан бері аспалы көпірдің үстімен жүйткіп жүргенімізге он шақты жылдың жүзі болыпты. Бұл көпір Ертістің арғы жағы мен бергі жағын ғана емес, Азия мен Еуропаны, қыр мен Сібірді жалғастырып жатыр. Бұл дегеніміз — Семейдегі аспалы көпір стратегиялық маңызы зор нысан деген сөз. «Семей қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің бастығы Мұрат Құржықаевтың айтуынша, көпірдің үстімен тәулігіне 60-70 мыңға дейін көлік өтетін көрінеді. Олардың шамамен 30-40 пайызы транзиттік көліктер.
Бірақ, өкінішке қарай, көпірге алғашқы күннен бастап-ақ дұрыс көңіл бөлінбегенін айтқанымыз жөн. Нысан алты-жеті жыл бойы не қаланың, не облыстың балансына кірмеді. Тіпті мемлекеттік комиссия да көпірді уақытымен қабылдап алмады. «Құрылыс салынды, іс бітті» дедік.
Бірақ көпірді күтіп-баптау, сақтау, бақылау жұмыстары қолға алынуы керек емес пе еді? Жоқ, көп уақыт бойы бұл шаруаға ешкім де бас ауыртпады. Ал жапондықтардың оған міндетті емес екені бесенеден белгілі. Көпірді күтіп-баптап ұстау мәселесі Семей қаласына Мейрамхат Айнабеков әкім болып келгеннен кейін ғана көтеріле бастады. Қала әкімі ретінде алғаш өткізген жедел ақпараттық кеңес жұмыстарының бірінде М. Айнабеков осы көпірдің жағдайына алаңдаушылық білдіріп, көпірге қызмет жасайтын арнайы мамандандырылған кәсіпорын құру қажеттігін, бұл мәселені шешу үшін қаржы көздерін іздестіруді тездету керектігін ашып айтты. Көп ұзамай қажетті мекеме құрылды да. Бірақ бұл мекемедегілер көпірді тазалап, сыпыру жұмыстарынан басқа ештеңе бітірмеді. Себебі түсінікті де. Қаржы жоқ. Тіпті көпірге жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын жасау үшін де қала бюджетінде қаражат тапшы болып шықты. Ал көпір тозып барады. Тіпті бүгінгі күні көпірге төселген асфальттің қопарылып жатқаны да өтірік емес. Одан басқа жұмыстары қаншама! Көпірге келіп тірелетін 16 шақырымдық жолдың жағдайы, істен шыққан жарығы мен су кәріздері... Көпірді күтсең ғана – көпір. Осы орайда «жібекті түте алмаған жүн қылады, аруды күте алмаған күң қылады» деген дана сөз ойға еріксіз оралады екен.
Ұтымдысы – республикалық баланс
– Қазіргі күні бұл көпірдің нақты жағдайын білмейміз. Тіпті, елімізде бұл аспалы көпірдің жағдайын зерттеп-зерделейтін, аурудың диагнозын қойғандай кем-кетігін анықтап беретін мамандар да жоқ. Сондықтан қала әкімі М. Айнабеков үстіміздегі жылы бюджеттен көпірдің нақты жағдайын біліп, зерттеу үшін ғана 50 млн теңге бөліп отыр. Осыған орай байқау жарияланды. Мәскеулік, новосібірлік, жапондық мамандармен хабарласып жатырмыз, – дейді «Семей қаласының тұрғын үй коммуналды-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің бастығы Мұрат Құржықаев бізбен әңгімесінде.
Оның айтуынша, өткен жылы қала әкімінің тапсырмасымен көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 350 млн теңгеге жоба жасалыпты. Бірақ ол жобаны іске асыруға қалалық бюджеттен қаржы табылмаған. Тіпті қажетті қаржыны облыс та тауып бере алмаған екен. Көпірді «Жол картасы» бағдарламасына енгізіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі талпыныс та сәтсіз аяқталған. Бұдан басқа көпірдің күнделікті күтімінің өзіне қомақты қаражат керек. Ол үшін, яғни қарын күреп, тазалап отыру секілді жұмыстар үшін қалалық бюджеттен 3 млн теңге ғана бөлінеді екен. Ал негізі, жыл сайын жөндеу жасалып, бес жылда бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жасалып тұруы тиіс. Және бұл аспалы көпірді шетелдік транзиттік көліктер ақысыз пайдаланып жатыр. Көзін тапсақ, көпір өзін-өзі-ақ қамтамасыз етеді емес пе? Бірақ оның жолдары әлі қарастырылып, заңдастырылмаған.
Мұрат ҚҰРЖЫҚАЕВ, «Семей қаласының тұрғын үй коммуналды-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің бастығы:
– Біріншіден, бұл көпір жәй көпір емес, аспалы, айрықша көпір. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұл тек оң жағалау мен сол жағалауды ғана қосып тұрған жоқ, Еуропа мен Азияны жалғастырып тұрған транзиттік көпір. Сондықтан бұл көпірді стратегиялық нысан ретінде танып, республикалық балансқа алса, жөн болар еді.
Керек дерек
Аспалы көпірдің биіктігі –100 метр
Ені – 35метр
Ұзындығы – 750 метр
Пайдалану кепілдігі – 200 жыл.
Күтімі – 0