Ас берудің қадірі неге қашып барады?
Қадыр ағамыз айтқандай, жиған-терген дүниесін шашу үшін жинайтын қазекемнің бұл әдетіне әзірге тоқтам сала алмайтын түріміз бар. Той жасаса да, өлікті қайтпас сапарға аттандырып салса да, бір-бірімен бәсекеге түскенді қалайды. Оның қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екендігін таразыға тартуды әрбір адамның санасына берген дұрыс шығар. Тіпті, қалтасында қаржысы болмаса тойды банктен несие алып жасайтын жағдайға жеттік. Өзің қиналып отырып, ас та төк дастархан жайып, шашылғанның қаншалықты дұрыстығы бар? Мұны біз түсіне алмай келеміз. Айтамыз. Айтамыз да өзіміз де сол әрекетке көше бастаймыз. Ең бастысы, біз үшін жұрттың сөзіне қалу өліммен тең. Осындай жалған намыс бізді «өлтіріп» жатады. Сондай-ақ, өлік жөнелткенде де ағайыннан асып түскенді қалаймыз. Әйтеуір, әлеумет осылайша әрі-сәрі күйге түсіп жүрген жағдайы бар. Осындай оймен қазақтың ас беру дәстүріне көз салып көрсек деген ойымыз бар.
Бақилық болған адамды ана дүниеге құрметтеп шығарып салу, жаназасын өткізу мұсылман қауымның ғана емес, барлық халықтың міндетіне айналған. Ол дәстүріне енген шара. Жаназадан кейін бейсенбісі, жетісі, қырқы, жүзі арнайы аталып өтіледі. Кей жерде адамның қайтқанына жүз күн толуына байланысты құран бағыштау болады. Бұл да адамды құрметтеудің, ағайын-туыс, жекжат болып қайғы бөлісудің саналады.
Осы орайда қызылордалық ұстаз Батырхан Остаев мынадай қынжылысты ойын білдірген еді. «Бірде көшеде кездескен біреудің әлдекімнің асынан келе жатқанын білдім. Ал ол болса былтыр жол апатынан қайтыс болған он жеті жасар жас жігіт екен. Өкінішке қарай, көпшілік, әсіресе, жастар пайғамбар жасына, яғни 63-ке толмаған адамдарға ас беруге болмайтынын білмейді. Ондай жағдай оқыған маман, журналистердің арасында да бар. Бірде телеарнадан «пәленшенің асына шақырамыз» деген хабарлама берілді. Жылын бергелі отырған 19 жастағы бойжеткен қайтыс болғанда 18 жаста екен. Бақилық болған кісіні еске алу мақсатында ұйымдастырылатын бейсенбілікті бейсенбілік асы, жетілігін жетілік асы, қырқын қырық күндік асы, жүзін жүз күндік асы демейміз де жылын атап өтер кезде асы не жылдық асы деп айтатынымыз бар. Дұрысында жылға толу мерзіміне байланысты шараны жылы деп, не жылдық асы деп айту керек. Қайтыс болған кісінің бәрінің жылын атап өту парыз болғанымен, ас беру рәсімін өткізу міндетті емес» дейді Батырхан Остаев ағамыз.
Ол кісінің айтуынша, түрлі деректерде көрсетілгендей және көнекөздер қалдырып кеткен дәстүрлер негізінде ас берілетін кісі кем дегенде пайғамбар жасынан асқан болуы керек. Энциколпедиялық мәліметтерде «Ас негізінен жасы ұлғайып дүние салған ер адамға беріледі» делінген. Ол ас құрметтеуге тұралық тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар, ас беретін үй ауқатты болуы шарт. Ас әйел адамға берілмеген. Берілген жағдайда ойын-сауық ұйымдастырылмаған. Бұл мәселеге сын көзбен қараған дұрыс.
«Сонымен, бақилық болған кісінің жылға толуын атап өтуде жылы, асы (жылдық асы) деген екі ұғымға қалыптасуымыз керек. Ендігі бір біліп, ажыратып алатын мәселе астың өткізілу тәртібі былайша өрбиді деді ағамыз. Ол кісінің айтуынша, тарихта Тезекбай асы, Тоқсанбай асы, Сағынай асы, Бөжей асы, Шегердің асы, Білгехан асы секілді астар болған. Ас берудің салтында қонақ күту, қонағасы беру, бәйге жолын көтеру ағайындардың мырзалығындағы мәселе болған. Ас берудегі сауын айттырудың мәнісі де сонда. Бөжейдің асына Құнанбай бармай, Абай барған. Абай Бөжейдің нағашыларын күткен. Нағашыларын күту үшін 5-6 үй тіккен. Дастарханын, саба-саба қымызына дейін даярлап бес байтал сойған. Арғынның Атығай руынан шыққан Тоқсанбайдың асына төрт рулы ел Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Кереку, Қызылжар, Омбы секілді жеті ояздың елі түгел шақырылды. Ат бәйгесіне 200-дей ат қосылды.
Асқа Тоқсанбайдың өзінен 1000 қой, 100 ту бие, жекжат, құдаларынан 1500 қой, 150 бие – барлығы 2500 қой, 250 бие сойылды. Оның үстіне қымызын жиналған жұрт өзі алып келді. Бұл асқа келген адамдардың қарны ашып, шөлдеп қалмауы үшін жасалған ұйымдастыру шаралары болса, астың мерейін шығару істері тігілген бәйге мен мүше тарату жағдайларына да байланысты. Шегірдің асында ат бәйгесіне 100 ала жылқы тігіліп оны Жылтайдың көк байталының жеңіп алғаны, сондай бір үлкен аста Аманкелді Имановпен үзеңгілес қызмет атқарған Ақмолда және елге танымал Стамбеков Мұхтар мен Сейтәлінің атасы Байғараға он қарадан мүше берілгені үлкен бір әңгіме шежіре.
«Заманның өзгеруіне байланысты аста қонағасы беру мейрамханаға, ат жарыс, жаяу жарыс, күрес, т.б шаралар спорттық жарыстарға ауысқанымен салт-дәстүр өзгерген жоқ. Бәрінің ізі бір. Тек үлгісі басқаша. «Ас» деген сөз екі түрлі мағынаны білдіреді. Ас тамақ ретіндегі түсінікте зат есімге жататын болса, өлген кісіні еске алу, оған құран бағыштау іс-шарасы ретіндегі түсінікте етістікке жатады. Сонымен «ас» деген сөздің екі түрлі мағынаны білдіретінін ажырата білумен қатар, «жыл» мен «астың» аражігін ажырата біліп жүрейік» дейді Б.Остаев ағамыз.
Қалай десек те, біздің қазақтың осындай жөнсіз әдеттері бар екенін жасыра алмаймыз. Қолдан келсе, қалтаң көтеріп тұрса, өмірден өткен ет-жақыныңа дұға жасап отырғаның артық емес. Өкінішке қарай, біз солай ете отырып, даңғойлыққа салынып кететін әдетіміз бар емес пе? Жақсы, әркімге өзінің ата-анасы немесе бауыры өте жақсы көрінеді. Дегенмен, оның ел алдында қандай беделі болды, сол жағын бір ой сарабына салып көрдік пе екен? Кейді біздің осындай оралымсыз жағдайларға орын беріп жататынымыз рас. Қанша жерден шашу үшін жинасақ та әрбір мәселенің алды-артын ойлағанымыз артық емес қой.