Бүгінде елімізге Армениядан автокөлік әкеліп жүргендер көп. Біреулер оны өзінің қажеті үшін алса, енді біреулер ол жақта біздегіден екі есеге дерлік арзанға түсетін көліктерді әкеліп сатып, пайда табуда.
Ал Арменияда автокөлік неге арзан?
Мұның басты себебі Арменияға сырттан әкелінетін көлік үшін кедендік салықтың өте төмендігінде жатыр. Кедендік тексеруден өтіп, салық төлегендігі туралы құжат алу («растаможка») жеңіл әрі оңай. Онда 2018 жылы 10 пайыздық салық мөлшері ендірілген, ол 2020 жылға дейін сақталады. Сондықтан Арменияға Еуропа елдерінен, АҚШ-тан, Жапониядан, Кореядан, кейбір араб елдерінен сатуға апарылып жатқан көліктер көп. Әсіресе ел астанасы – Ереванның сыртындағы аумағы бірталай жерді алып жатқан алып автокөлік базарында соңғы екі жылдан бері сауда қызу жүруде. Ол жерден 2 мыңнан бастап, 20 мың долларға дейінгі және одан да қымбат саналатын көліктерді табуға болады. Бағалары біздегіден екі есеге дейін арзан. Сондықтан да бұл елге көлік сатып алуға баратын қазақстандықтардың қатары артып тұр.
Олар қыста қар түсіп, Кавказдағы тау асуларында жол мәселесі қиындайтын уақытқа дейін әрекет жасап қалуға тырысады. Оның үстіне қаңтар айынан бастап көлік бағасының қымбаттай түсетіні бар. Яғни жергілікті тұрғындар арасында көлікті осы арзан кезінде көптеп сатып алып, қыс пен көктемде қымбатыраққа сатумен айналысатындар да аз емес.
Арменияға шетелдіктер түрлі себеппен (ескіргендіктен, жол-көлік оқиғасына ұрынғандықтан, басқасын алу үшін) аукционға қойып, арзанға сатқан көліктер мұхит, теңіз жолдарымен, Кавказдағы теңіз айлақтары арқылы жеткізіледі. Көліктер арасында судай жаңалары да, бірер жыл қолданыста болғандары мен біраз ескіргендері де бар. Ескіргендері мен «ұрылғандарын» көз тартардай етіп жөндеуден өткізетін «костоправтар» Арменияда да жетіп-артылады. Сондықтан қандай көлікке тап болуы алушының аңғарымпаздығы мен біліктілігіне де байланысты.
Бүгінде Армениядан кереметтей көлік әкелдік деп қуанып жүргендер арамызда аз емес. Мысалы, таяуда Мәлік Орақов деген бір жерлесіміз әлеуметтік желі арқылы өзінің қуанышымен бөлісті.
«Кіші інім Армениядан «Камри-40» алып келді. 2008 жылы шыққан. Барып-қайтуы – барлығы 2 миллион теңгенің үстіне шығыпты. «Қазақстанның қолдан-қолға өтіп, ескіріп қалған машинасын алып шаршадым», – дейді.
Мынаның Америкадан әкелінгеніне екі апта болған екен. Мініп, былай-былай көріп едім... айтатыны жоқ екен. Зауыттан жаңа шыққандай. Оның қасында Ресейде құрастырылған жаңа «Камри-70»-терің ойнап қалады. Қатты қызықтым. «Шумоизоляциясының» мықтылығы сондай, есігін жапқанда сырттағы сабалап жауып тұрған жаңбырдың даусы естілмей қалды. Моторының дыбысы, дөңгелектің шуы – түк жоқ қой, түк жоқ! Өзінен-өзі суда жүзіп келе жатқан қайық секілді.
Айтайын дегенім, қазір мүмкіндік болып тұрғанда көлік алсаңдар, сол жақтан алу керек екен», – деп жазды ол.
Қазақстандықтарды, әрине, көлік бағасының арзандығы қызықтырады. Оның үстіне Арменияда көлікті өз атыңа есепке қоюға да көп уақыт кетпейді. Ол сол жерде-ақ іске асырылады. Сосын армян нөмірімен жүре беруге мүмкіндік бар. Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер аумағында да, егер заң бұзбасаң, алаңсыз жүре беруге болады.
Ал Армениядан көлік сатып алушылар ол жаққа барғасын мынадай әрекеттер жасайды: Қажетті көлікті тауып, сату-сатып алуға, сақтандыруға және басқа да мәселелерге қатысты құжаттар рәсімдетіп алғанша бес-он күнге пәтер жалдап, уақытша тіркеуге тұрады. Сосын базар аралап, ұнаған көлікті сатып алғасын өзі тіркеуге тұрған жергілікті ауданға барып, салығын төлейді. Техникалық паспортын алып, салыстырып-тексеруден өткесін есепке қояды, нөмір алады. Осыдан кейін енді сіздікі болып, атыңызға тіркелген көлікпен Қазақстанға қайта беруге болады. Тек техникалық тексеруден уақтылы өткізіп тұру қажет, сосын жылына бір мәрте Арменияға барып, көлік салығын төлеп тұруыңыз керек. Әйтпесе оны «угонға» қойып жіберуі де мүмкін.
Сатып алынған көлікті рәсімдеуде ортадағы делдалдардың қызметін де пайдалануға болады. Жұмысың біткенше тұратын пәтер тауып беретіндер, тиісті құжаттарды рәсімдеуге көмектесетіндер, тағы басқа да қызмет түрлерін көрсететіндер өріп жүр. Жақсы, сенімді дос таба алсаңыз, тіпті көлікке тиесілі салықты да электронды қызметті пайдалану арқылы, соның жәрдемімен іске асыра аласыз. Әйтсе де бұған көп адам тәуекел ете бермейді, өзі барып төлеуге тырысады. Себебі «лақтырып» кететіндер бүгінде қай елден болса да табылады.
Жалпы, Армениядан сатып алынған көлікті «растаможка» жасап, түбегейлі өз атыңа иеленуге де болады. Бірақ ол қымбатқа түседі, Қазақстандағы «растаможка» сомасымен айырмасын және заңда көзделген бірер қосымшаларды төлеу керек. Сондықтан да көп көліктер бүгінде елімізде армян нөмірімен жүр, яғни олар сол елде есепте тұр.
Ал Қазақстанға мұндай жолмен әкелінген көліктерді сатып жіберу оңай емес. Өйткені белгілі себептермен бүгінде көлікті сенімхат арқылы сатуға тыйым салынған. Біреулер ондай көлікті «страховка» арқылы сатуға тырысады, бірақ ол да оңай емес. Сондықтан көп жағдайда ондай көліктерді сатуға Арменияға қайта апарып, құжаттарды қайта рәсімдету керек болады.
Армениядан сатып әкелінген көлікті Қазақстанда есепке тұрғызуға болады. Бірақ ол үшін ол заңда көрсетілген бірқатар талаптарға сай болуы (мысалы, «Евро-4» класына жататын болуы) тиіс.
Т. ТҰРАН.