Өндірісі өрістеп, өркен жайып келе жатқан мұнайлы өңірдің мұңы да аз емес. Әуелгісі, әрине, экология. Ішер су мен жұтар ауа лас болса, ол халықтың келешегі жайлы жарқын болжамдар жасау қателік болар еді. Өйткені зиянды заттарға бөккен ауамен тыныстаған елдің денсаулығы құрып барады. Бүгінде Атырауда 42 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Олардан ауаға шығатын зиянды қалдықтар мөлшері жылына бір мың тоннадан асады. Ел-жұртты жұмыспен қамтып, экономикалық жағынан да қыруар пайдаға кенелтіп отыр демесеңіз, мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау шараларына немқұрайды қарайтыны тағы бар. Жыл сайын ауа қабатына шығарылатын зиянды заттар көлемінің 85 пайызы осы салаға тиесілі. Және бір сұмдығы – осы мөлшердің 0,2 пайызы ғана залалсыздандырылады.
Шыны керек, мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың ішінде Экологиялық кодекстің талаптарын сақтап отырғандар некен-саяқ. Жер қойнауын пайдаланушылардың стационарлық мекемелерінің бірде-бірі әлі күнге дейін тазарту қондырғыларымен жабдықталмаған. Бұл – зиянды шығарындылар сүзгіден өткізілмеген күйі ауаға тазартылмай кетіп жатыр деген сөз. Экологиялық кодексте тазарту қондырғыларынсыз кәсіпорынды іске қосуға болмайды делінгенімен, оған назар салған жан баласы көрінбейді. Нәтижесі – өткен жылы Атыраудағы ірі жер қойнауын пайдаланушылар 107 мың тонна лас шығарындылар шығарған, бұл адам басына шаққанда 201 келіден келеді. Бұл туралы «Атырау облысының экологиялық проблемалары, шешу жолдары және қазіргі заманғы технологияларды енгізу» тақырыбында өткен жиында белгілі болды. Тағы бір белгілі болған жайт – жекелеген компаниялардың тазарту қондырғыларын орнатуды экономикалық жағынан тиімсіз санайтыны, қоршаған ортаны қорғау шараларының жоспарында ұмыт қалдыратыны. Облыстық экология департаментінің бастығы Ербол Қуанов осы мәселені айта келе, өңірдегі алпауыт компанияның соңғы бес жылда табиғат қорғау шараларына 160 млрд теңге жұмсағанымен, бүгінге дейін тазарту қондырғысын алуға мүдделі болмай келе жатқанын жасырмады.
Ауру кө-ө-өп...
Ауаның ластануы, ең алдымен, қара халықтың денсаулығының бүлінуі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінде Теңіз кеніші орналасқан Жылыой ауданында соңғы бес жылда халықтың тыныс алу жолдарының сырқаты 21 пайызға артқаны айтылады. Ал облыстық СЭС келтірген деректерде өндірістегі зиянды факторлардың кесірінен «Қазтрансойл» мен «Қазтрансгаз» мекемелерінің қызметкерлерінің арасында ауру саны артқаны көрсетілген.
Өндірістік кәсіпорындарда ұзақ жылдар жұмыс істеген адамдардың зиянды заттардың әсерінен ауруға шалдығатыны да – дәлелденген дүние.
Соңғы 20 жылда Атырау қаласы тұрғындарының аурушаңдық көрсеткіштері едәуір артқан. Сүйек-бұлшық ет жүйесі аурулары – тоғыз, қан және қан түзетін органдар аурулары – алты, туабітті аурулар 3,8 есеге дейін өсті. Бұл – облыстық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссияның кешенді зерттеуінің нәтижесінде белгілі болған дерек. Атырау мұнай өңдеу зауыты мен басқа да кәсіпорындардың қоршаған ортаға және облыс орталығындағы халықтың денсаулығына әсерін бағамдайтын үш жылдық кешенді зерттеудің алдын ала мәліметтерінде атмосфералық ауаның жерге жақын қабатында күкіртті сутек, күкірт диаксиді және азот көбейгені жайлы келтіріледі. Қорқынышты тұсы, түнгі мезгілде Атырау қаласындағы күкірт сутегінің концентрациясы шекті мөлшерден 140 есеге асып кеткен (!). Енді екі-үш жылда бірқатар ірі мұнай-газ жобасы іске қосылатын болады. Ал одан ауаға тасталатын лас заттар көлемінің бүгінгіден еселеп арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Сол кезде қара халықтың денсаулығы қандай күйге келерін ойлаудың өзі көңілге үрей ұялатады.
Қара жер қара майға айналды
«Жер қойнауын пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғау шараларында кемшілік көп». Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Данияр Ереншинов Атырауға келген сапарында осылай деп ашығын айтты. Оған себеп те жоқ емес. Жер қойнауын пайдаланушылар табиғат қорғау шараларына эмиссия алуға керекті құжат деп қана қарайды. Экологиялық қауіпсіздікке байланысты мәселе қалдықтар мен қоқыстардың төңірегінде де бар. Бүгінде облыстағы полигондарда 1 млн тоннадан астам қалдық жиналған. Облыстағы 28 полигонда 105 мың тонна май топырақ, мұнайды бұрғылау қалдықтары тау-тау болып үйіліп жатыр. Оларды залалсыздандыруды кейінге шегере беруге болмайды. Бір ғана қалалық қоқыс алаңында биылғы сәуір айынан қыркүйекке дейін сынап, формальдегид, фенол, метилмеркаптан, аммиак секілді ластаушы заттардың рұқсат етілген шекті мөлшерден асып кетуі туралы 40 факт тіркелген. Облыстық экология департаментінің бастығы Ербол Қуанов мұнай компанияларының қалдықтарды жоюды мамандандырылған компанияларға беріп құтыла салатынын айтады. Ол компаниялардың құжаттары қатып тұрғанымен, шын мәнінде, қалдық сақтайтын уақытша орындары да жоқ. Соның кесірінен мұнай қалдықтары көрінген жерге төгіліп жатыр. Өткен жылы осындай компаниялардың бірінің Атырау мұнай өңдеу зауытының маңына мыңдаған тонна қалдық көміп тастағаны белгілі болды. «Ол компаниялардың жұмыстары тексеріледі, лицензияларының күшін жоюға дейін шаралар қолданатын боламыз», – дейді Е.Қуанов.
Экология жайлы сөз болғанда Каспий теңізін айналып өту мүмкін емес. Теңізден көмірсутегі шикізатын игеру шарықтау шегіне жеткен мезгілде су айдынының экологиялық жүйесіне төнер қауіптің де арта түсетіні белгілі. Бұған дейін де талай әңгіменің тамызығына айналып келе жатқан теңіздегі мұнай ұңғымаларын жою жөнінде соңғы екі жылда ешқандай жұмыс жүргізілген жоқ. Экологтер су астына батып кеткен ұңғымалар саны мыңнан асады дейді. Бірақ әдеттегідей оларды жою үшін ақша жоқ деген сылтауды малданумен келеміз. Су астында тотығып, шіріп, теңдессіз теңіздің таңғажайып экожүйесіне қауіп төндіріп жатқан ұңғымалардың көзі жойылмайынша, Каспийдің тазалығы туралы сөз қозғау ерте.
Әр атыраулық жылына екі центнер зиянды зат жұтады
Последние статьи автора