Ақтөбеде жыныстық жолмен ВИЧ жұқтырған гейлер көбейіп барады
Ақтөбе облысында жыныстық жолмен Вич жұқтырғандар көбейіп барады.Бұл жөнінде облыстық ЖИТС орталығының мамандары айтты.
Ақтөбелік дәрігерлер жыныстық жолмен ВИЧ жұқтырушылардың көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Керісінше, инемен есірткі қолданатын нашақорлардың арасында ауруға шалдыққандар саны азайып келеді. 2006 жылы бұл көрсеткіш 93 пайызды құраса, қазір олардың 15 пайызы ғана ВИЧке шалдыққан. Әсіресе, мамандар жұқпалы аурудың жастар арасында белең алып бара жатқандығын айтады. Жыл басынан бері ВИЧ инфекциясына қатысты 10 дерек тіркелді. Оның жетеуі –жыныстық жолмен жұқтырғандар.
-Бұрын бұл індетке коммерциялық секс қызметкерлері мен нашақорлар ғана шалдығатын. Енді жаппай халықтың арасына тарап бара жатқандығы алаңдатады.Әсіресе ер адамдар көп. Тіркеуде тұрғандардың 57,8 пайызы ер адам болса, 42,2 пайызы - әйелдер. Өйткені қыз-жігіттер бей-берекет жыныстық қарым-қатынасқа барады. Интернет пен кафеде танысып, бейтаныс адамдармен жақындасады. Бізге келгендер ер адамдар 10-12 серігі болғанын айтады. Бірақ бірінің де толық аты-жөнін не телефонын білмейді. Осыдан кейін ВИЧ жұқтырғандарды табу қиынға түседі, -дейді ЖИТС орталығының профилактика бөлімінің меңгерушісі Айжан Жайлаубаева.
ВИЧ жұқтырғандар Хромтау мен Бадамшада көп. Дәрігерлер мұны бұл өңірлердің Ресеймен шекаралас жатқандығымен байланыстырады. Бір ғана Орынбор облысында ВИЧ індетіне 20 мыңнан астам адам шалдыққан. Әзірге Әйтеке би мен Ойыл ауданында ВИЧ жұқтырғандар тіркелмеген. Алайда бұл індетке шалдыққандар мүлдем жоқ деген сөз емес. Өйткені дәрігерлер өз еркімен келгендерді ғана тексереді. Ауыл жастарының ВИЧ туралы хабары аз. Жыныстық қарым-қатынастан сақтану жолдарын білмейді. ЖИТС орталығының мамандары,әсіресе,өзге елден келген жезөкшелерді бақылаудың қиындығын айтады.
-Қазір біз Ақтөбедегі коммерциялық секс қызметкерлерінің 80 пайызын қамтып отырмыз. Аптасына екі рет сауналар мен теміржол маңдарында түнгі рейд жүргізіп, достық кабинетінде жеке қабылдау жүргіземіз. Бірақ өзге облыстардан,Өзбекстаннан келетіндерді бақылау қиын. Өйткені ол елде алдын алу жұмыстары жүргізілмейді. Олардың көпшілігі клиенттерінің мүшеқап қолданудан бас тартатындығын айтады,-дейді бөлім меңгерушісі.
Бүгінгі күні 3 бала Вич инфекциясын анасының құрсағында жұқтырған. Олардың ең кішісі қазір бір жаста. Уақытылы есепке тұрмаған әйел ВИЧ инфекциясына шалдыққанын білмей, оны сәбиіне жұқтырған. Соңғы 27 жылда облыста ВИЧ жұқтырған 68 жүкті әйел есепке алынған. Оның 34-і дені сау сәбиді өмірге әкелсе, қалғаны жүктілігін үзген. Жүктілік кезінде келіншектер екі рет ВИЧ-тестін тапсыруы тиіс. Аяғы ауыр әйел неғұрлым ерте есепке алынса, ауру сәбиге жұқпайды.
Ақтөбе облысында ерлер мен ерлердің арасындағы жыныстық қатынастан ВИЧ жұқтырғандар да бар. Ең алғашқысы 2010 жылы тіркелген. Қазір ВИЧ жұқтырған 6 гей тіркеуде тұр. Ең соңғы дерек өткен жылдың соңында анықталған. 28 жастағы ер адам дәрігерлерге өзінің еркектермен жақын қарым-қатынаста болғандығын айтыпты.
“Вич инфекциясы инемен есірткі қолдану, жыныстық жол мен қан арқылы ғана тарайды. Тұрмыстық жолмен берілмейді. Олар жұмыс істеуге де қабілетті. Аниретровирусқа қарсы дәрі-дәрмек қолданатындықтан, кәдімгі адамдар секілді өмір сүреді. СПИД –бұл аурудың тек ақырғы сатысы. Алайда бұл туралы хабарсыз халық ВИЧке шалдыққандарға үрке қарайды. Сол себепті олар өздер туралы ешкімге айта бермейді”- дейді дәрігерлер.
Мамандар адам жұқпалы ауруға шалдыққан жағдайда 72 сағаттың ішінде вирусқа қарсы препарат қабылдауы қажеттігін айтады. Сол кезде ВИЧ жұқпасының қаупі сейіледі. Бұл үшін ақтөбеліктер ЖИТС орталығының 21-31-97 нөмірлі сенім телефонына хабарласуы қажет. Жасырын түрде ем жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін Ақтөбе облысында ВИЧке шалдыққан 348 адам тіркелген. Оның 268-і ел азаматтары болса, қалғандары шетелден келгендер. Қазір 177 ақтөбелік тұрақты диспансерлік тіркеуде тұр. 15 мамыр- СПИДтен қайтыс болғандарды еске алу күнінің қарсаңында мамандар ақтөбелік жастармен кездесу өткізбек.
kerek-info.kz