Ақтөбедегі «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы адасқан ағымның арбауына түскен мұсылман әйелдермен жұмыс жүргізді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Бірнеше еркекке талақ болған мұсылман қыздың мұңы, дін қызметкерлерінің түсіндірмесі мен ескертпелері бейнежазбаға түсіріліп, «Аңсар» орталығының сайтына жүктелген. «Ар-ұят саудасы» материалында облыстағы талақ айтылған «тастанды қыздардың» тағдыры баяндалады.
«Қызға талақ айтылады. Тастанды қыз некесін қиып берген басшыларына барады. Ол қызды тағы біреумен некелестіреді. Осылай некесі қиылған қыз 3-4 жігітті басынан өткереді. Қыздарды құдды бір жезөкше ретінде қарайды. Некесіз жыныстық қатынастан әйел қай еркектен жүкті болғанын білмейді», - дейді бейнероликті дайындаған теологтар.
Ақтөбеде WhatsApp арқылы «талақ» айтатындар бар
Дін қызметкерлері адасқандар арасында «талақ» сөзінің ойыншық болғаны сондай, әйелдерімен вацап арқылы ажырасатындардың жиі кездесетінін айтады.
«Қазір «талақ» мәселесі өршіп тұр. Үйленетін кезде өлердегі сөзін айтатындар талақты ұялы телефонмен бере салады. Бұл жағдай мүфтилер арасында да мәселе болып жүр. Ұялы телефон, интернет, WhatsApp арқылы «талақ» беру мәселесі әлеуметтік желіде талқыға түсіп жатады. Егер әлеуметтік желі арқылы талақ берілетін болса, желі арқылы үйленуге де рұқсат болуы керек. Талақ пен үйлену мәселесін бөліп қарауға болмайды. Бұл қазақ халқы үшін жақсы нәрсе емес», - дейді облыстағы дін істер басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан.
Олардың арасындағы өз ұстаздары жас қыздардың санасына өмірдің мәні оқу мен жұмыс жасауда емес, иманы берік жігітке тұрмысқа шығуда деп түсіндіреді. Дінсіздерге әйел болғанша, Сирияда соғысып жүргендерге жыныстық қызмет көрсетуге үгіттейді екен. Бұл ерлігі үшін ақыретте шаһид дәрежесінде боласың деп сендіреді.
Мен исламға бақыттымды тапсам деп келдім...
Адасқан ағым арбауына түскен бойжеткен өзінің дінге бақытын іздеп келгенін айтады.
«Мен исламға келгенде бақытымды тапсам деп келдім. Кейін бәрі басқаша болып кетті. Күйеуге шықтым, бәрі өзгерді. Күйеуім талақ етті. Одан кейін үш еркекпен некелестім. Соңғы жолдасым менің жиһадқа баруымды өтінді. Өзімнен жиіркеніп кеттім. Бәрі кеш», - дейді астаң-кестен болған өміріне өкініш білдірген қыз.
Теологтар түсіндірме сюжетте қыздардың 13 жастан ел асып, жыныстық жиһадқа аттанып жатқанын айтқан. Тірі тауарға айналған қыздар қолдан қолға өтіп, бір күнде 6-7 ер адамға қызмет көрсетеді екен. Сириядағы содырлар қыздарды орталарына шығарып, тәнін көрсетіп билететіні айтылған.
Араб жігітінің иманына сенген қыздың өкініші
Теологтар дайындаған сюжетте адасқан ағым жетегінде жүргендер ұнаған қыздармен телефон арқылы немесе ғаламтор арқылы таныса беретіні айтылады. Әдемі сөздермен неке қиып, екі аптада үш рет талақ айтып ажырасып жүре береді екен. Ал әйел ертесіне талақ болып, басқаға бұйырады.
«Мен өзім сол некені дұрыс деп ойладым...»,- деген келіншек теологтармен кездескенше өзінің надан болғанын мойындайды. Араб жігіттерінің иманы мықты болады деп сенгеніне өкінеді.
Тағдырлары күл-талқан болып, өздерінен жиіркеніп кеткен қазақ қыздарына алаңдаған теолог Жандәулет Сүлейменов:
«Қаракөз қарындастарымыздың тағдыры өзекті өртейді», -деп өкініш білдіреді.