"Аңыз адам" Гитлерді жақтаушы, экстремизмді ақтаушы болып шыға келді
Жарылқаптың қыр соңынан қалмай қойған Гитлер «Аңыз адам» журналының бас редакторын әбден тығырыққа тіреп болды. Жарылқап Қалыбайдың бар жазығы – Гитлерді «Аңыз адам» журналына шығарғаны. Қазақ халқын Гитлердей қанішер басшылардан сақтандыру мақсатында неміс фюрерін журналға арқау еткен Жарылқап Қалыбай соттың шешімімен Гитлердің жақтаушысы, экстремизмнің ақтаушысы болып шыға келді. Қалың оқырманға түсінікті болу үшін «Алаш айнасы» тілшілері әңгіменің әлқиссасынан бастасын.
Бүгін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Жарылқап Қалыбайдың «Аңыз адам – Жұлдыздар отбасы» журналының 2014 жылғы №8 санына, яғни журналдың Гитлерге арналған нөміріне қатысты әкімшілік сотының шешімі шықты. Бірнеше аптаға созылған соттың шешімі Қалыбайды да, қалың жұртшылықты да қанағаттандырған жоқ. Сот шешіміне сәйкес, Жарылқап Қалыбайдың өзіне 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (27,780 мың теңге), ал журналды шығарушы «Отбасы» ЖШС-не 70 МРП (129,640 мың теңге көлемінде) айыппұл салынды. Сондай-ақ «Аңыз адам» журналының Гитлерге қатысты №8 саны тәркіленетін болды. Әлдеқашан таралып кеткен журнал санының қалай тәркіленетіні белгісіз...
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Естеріңізге сала кетейік, Жарылқап Қалыбайдың үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 344 бабының 2 тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалған болатын. Алматы қаласы ішкі істер басқармасы «Аңыз адам – Жұлдыздар отбасы» журналының Гитлерге арналған №8 (92) нөміріне филологиялық сот сараптамасы тағайындап, осы сараптаманың негізінде «Аңыз адам» журналының Гитлерге арналған нөміріндегі «Сауалнама» айдарында тарихшы Нағашыбай Есмырза деген азаматтың «Гитлер – фашист емес» деген пікірінде экстремизмді ақтау белгілері бар деп тауып, журнал редакторын сотқа берген болатын. Алғашқы сот отырысынан бастап-ақ Қалыбай мен оның қорғаушылары, куәгерлер, барлығы Алматы қалалық сот сараптама орталығының сарапшысы Рабилов пен Қазақстанның Дін істері жөніндегі агенттіктің Христиандық және басқа діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасы бас маманы Н.Мұқанованың журналға жасаған сараптамасымен келіспейтіндерін айтты. Жарықап Қалыбайдың қорғаушылары мемлекеттік сарапшылардың сараптамасы негізсіз, сауатсыз жасалғанын, сараптамаға қатысты түсініксіз сұрақтардың көп екенін алға тартып, сарапшыларды сотқа келуге міндеттеу қажеттігін алға тартқан болатын. Алайда мемлекеттік сарапшылар сот отырыстарының ешқайсысына қатысқан жоқ.
Өткен сот отырысында, 24 шілде күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы айыпталушылардың мемлекеттік сараптамамен келіспейтініне байланысты қайталама сот сараптамасын жасауға шешім шығарған болатын. Сараптаманы қайта жасауға 3-4 күн уақыт берілді де, сот 1 тамыз күніне белгіленді. Алайда Алматы қаласының сот сараптама орталығы аталған сараптаманы жасайтын саясаттанушы, филолог мамандардың жоқ екенін айтып, уақыттың жеткіліксіз екенін сылтауратып, сараптаманы қайта жасаудан бас тартқан. Нәтижесінде сот отырысы шұғыл түрде 30 шілдеге ауыстырылған. Қайталама сараптаманың жасалмағанын айыпталушы тарап сот отырысы барысында білді. Сонымен сот төрағасы Дастан Алыбай Жарылқап Қалыбайды ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 344 бабының 2 тармағы бойынша кінәлі деп тауып, ешқандай пікірталассыз, тіпті шешім шығаруға бес минут ойланбастан үкімді оқыды. Сот шешіміне сәйкес, Жарылқап Қалыбайдың өзіне 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (27,780 мың теңге), ал журналды шығарушы «Отбасы» ЖШС-не 70 МРП (129,640 мың теңге көлемінде) айыппұл салынды. Сондай-ақ «Аңыз адам» журналының Гитлерге қатысты №8 саны тәркіленетін болды.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Аңыз адам» журналының бас редакторы:
– Әрине, әділетсіз сот, әділетсіз шешім. Бұл саяси астары бар сот болғандықтан осылай боларын сездік. Қайта тағайындалған сараптаманы жасайтын Қазақстанда маман жоқ дегенге кім сенеді? Керек десеңіз, біз осы соттың канцеляриясына сараптама жасайтын мамандар туралы ұсынысымызды күні кеше жазбаша түрде қалдырғанбыз. Қазақстан ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі бөлім Қыздархан Ырысберген деген маманның және саясаттану ғылымдарының докторы, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеттің профессоры Гүлшат Нұрымбетованың осы іске қатысты сараптама жасап беруге өз келісімдерін алып, олардың байланыс телефондарына дейін сотқа өзіміз әкеп бердік. Алайда бұған құлақ асқан ешкім жоқ. Егер сарапшы маман жоқ болса, Алматы қаласындағы білдей бір сот сараптама орталығы не үшін керек? «Аңыз адам» журналына қатысты қаншама азаматтық, әкімшілік соттар өтті, өз басым әділеттілікті көре алмадым. Мен тіпті маған, менің басылымдарыма қатысты салынған айыппұлдарды айтпағанда, журналды тәркілеу туралы соттың шешімін түсінген де жоқпын. Соттың шешімі үш күннен соң қолыма түседі. Осыншама қазақ халқы, журналдың оқырмандары, жанашырлары тұрғанда мұндай әділетсіздікке жол бермейміз. Мен қайта апелляциялық сотқа беремін. Журналымды тәркілетпеймін.
«Алаш айнасы» интернет-газетінің анықтамасы
Жарылқап Қалыбайға «Аңыз адам» журналына Гитлерді шығарғаны үшін сан түрлі айып тағып, соттан сотқа сүйреп жүргендер неміс фюрерінен де қиын болып тұр. Естеріңізде болса, «Жұлдыздар-отбасы – Аңыз адам» журналының сәуір айындағы нөмірінің шығуына орай, ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі басылымды «ҚР Конституциясы мен заңнамалық актілерін бұзған. Соның ішінде әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты тудыру фактілері кездеседі (ҚР Қылмыстық Кодексінің 164 бабы)» деп айыптаған болатын. Одан кейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты Жарылқап Қалыбайға журналда мекемнің мекен-жайы көрсетілмегені үшін 120 айлық есеп көрсеткіші көлемінде айыппұл салды. Уақыт өте келе жағдай тіпті ушыға түсті, Алматы қаласында тұратын бір топ ардагер журнал басшысын «Гитлерді насихаттап, біздің ар-намысымзға» тиді деп бір даурықты. Енді міне, Жарылқап Гитлердің жақтаушысы, экстремизмнің ақтаушысы болып айыпталды.