"Алтын Орда" базары неге құл базар атанды?

"Алтын Орда" базары неге құл базар атанды?

Алматыдағы «Алтын орда» базарының бір жақ бүйірі – «Құл базар» аталғалы қай заман? Бұл жолғы журналистік зерттеуді осы бір құл базардағы өмірге арнадық. Осылайша, қолымызға киім-кешегіміз салынған сөмкемізді алып жұртпен бірге жол бойына шықтық.
Біз жеткен «Алтын орда» базарының күнделікті қауырт тіршілігі басталып кеткен екен. Біреуді біреу біліп болмайтын қарбалас қимыл.
Алайда, базарға кірмей, күре жолдың бойындағы жұмыскерлерге қарай бұрылдық. Адам қарасы көп. Арасында атасақалы иегін жапқан қарттар да, кәмелетке толмаған ұл-қыздар да қаптап жүр. Негізінен – өзбек, қырғыз азаматтары мен қыз-келіншектері екен. Топ ер-әйел болып екіге бөлініп алған. Шағын ғана сөмкеміз бен киген киімімізге қарап біздің «құлдыққа» келмегенімізді бірден білген болуы керек, барлығы бізге бедірейе қарады. Жұрттың мұнысын қауымның шетінде тұрған бір жас жігіт түсіндіргендей болды: «Мұндағылар барлығы бір-бірін жақсы біледі. Ал жаңа адам келсе қызғанады. Жатырқайды. Бірақ сіз жұмыс істейтін адам сияқты емессіз, мүмкін соған таңырқап тұрған болар», – дейді. Иә, сөзінің жаны бар, шынында да бізді ешкім жақын тартпады. Содан да шығар «қойға келген қотыр ешкідей» состиып біз тұрмыз. Әлден уақыттан соң жанымызға жуан сұр «джип» сырғи кеп тоқтай қалды. Сол-ақ екен бағанағы бедірейген жұрт көлікке қарай лап қойды.
«Кәне, нендей жұмыс? Ал, қанша төлейсіз?», – деп шулағандардың арасынан жұмыс берушінің даусын ажырату мүмкін емес. Не көлікке жақындай алмай, не сөзін ести алмай, амалсыз шеттеп тұрдық. Келген дөкей көп тұрмады, соқталдай-соқталдай екі жігітті салып алды да жылжи берді. Қандай жұмыс екенін, қанша ақшаға келіскендерін білмек болып жиынның ішіне кіріп сұрай бастап едік, «стройка» деп саңқ етті ұяң сары шашты жігіт ағасы. Одан басқа ақпарат болмады.
Тағы бір көлік әйелдер жаққа келіп тоқтады. Біз де солай қарай жақындадық. Олар бес әйел салды. Біз өз кезегімізде «қожайынмен» сөйлесіп жатырмыз. Жаңа үй салған екен, соның ішін жуып-шаймақ көрінеді.«Қанша сомаға келістіңіз?», – деген сұрағымызға көлік тізгінінде отырған қырма сақалды, қабағы түксиген орта жастағы ер адам «әрқайсысына екі мыңнан берем» деп қысқа ғана қайырды. Ал әйелдер жағы:«жақсы кетті» десе, жігіттер: «ақшалы сияқты, басында үш мың деп айтулары керек еді», – деп жатты.
«Сауданы» бұзатын кім?
Барлығы екі жүзден аса адамның саны түске шейін біраз сирегендей көрінгенмен, қара жолдың бойына келушілер үзілер емес. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген рас екен, қарашаның ызғарында жарты күн қаңтарылсақ та бір «қожайынның» көзіне түсе қоймадық. Ешкім жаратпаған соң, жиынға шынымызды айтуға тура келді. Журналист екенімізді, осындағы тіршілікті көзімізбен көріп жазуға келгенімізді айттық. Бәрі де шу етіп:«бәсе, жүзің, киім киісің мен сөйлеген сөзіңнен ауыр жұмыс істейтін адамға ұқсамайсың. Бәлкім, тесік қалта студент шығар деп ойладық», – дейді.
Осы сәтте біз: «Сонда студенттер де келеді ме?», – дедік тақырыпқа тұздық табылғанына қуанып. Қасқа тістері темекі түтінінен қарайып кеткен, мыжырайған кепкелі өзбек жігіт: «Келеді. Демалыс күндері «саудамызды» бұзатын да – солар ғой. Өздерін арзан бағалайды. Бес жүз теңгеге кете береді», – деп ренішін жасырмады. Асыра айтқан шығар деп, төңірегіме қарасам, бәрі құптағандай үнсіз изесті.
Азап…
Осы базардағы өзбек пен қырғыз біздің тілші екенімізді естіген соң, жан-жағымызға шығып әңгіме сұрады.«Ал, сіз не үшін келдіңіз? Қолыңызда камера жоқ нендей журналиссіз, әлде камераңыз сыртымыздан түсіріп тұрған шығар, ә?», – деген сияқты мәнсіз әңгімемен қажыта бастады. Барынша түсіндірген болдық, өйтпеске де амал болмады.
Жоғарыда айтқандай ұзын жолдың бойындағылардың дені Өзбекстаннан келгендер екен. Арасында қарақалпақтың қыз-жігіттері де жүр. Егдесі мен жасы, ері мен әйелі ми қойыртпақ араласқан қауымның ішінен 13-14 жасар жасөспірімді, 60-тан асқан қартты да кездестірдік. Бойжеткен қыз, бозбала да жүр екі қолға бір жұмыс таппай. Бір отбасындағы екі-үш адам түгелімен шығыпты қара жолдың бойынан нәпақа іздеп. Әсіресе, жанымызға батқаны – жасы алпыстан асқан аналардың «құл базар» аталып кеткен құлықсыз мекенде кім көрінгенге жапақтап, көлік көрсе жүгіріп, жанын жалдап жүргендері. Жасының бейнеті кетіп, зейнетін көрер шағында біреуге жалданып, оның қас-қабағына қарап жұмыс істеу оңай ма. Оның үстіне шіліңгір шілде, қақаған қаңтарда қара жолдың бойында ұзынды күн қақиып тұру кімге де болса ауыр.
«Құлдықтағы» батырлар
«Құлдықта» күнелтіп жүргендердің арасынан өзбекстандық ауған соғысына қатысқан Хайролла Қасымов деген азаматты жолықтырдық. Қырықты еңсеріп қалған жігіт ағасы сұхбаттасудан қашты, тіпті суретке де түспей қойды. Қасындағылардың айтуына қарағанда, оның «Ауған соғысының ардагері» ретінде алатын тиын-тебені отбасын асырауға, тіршілігіне жетпейтін көрінеді. Сондықтан сонау Өзбекстаннан осында «құл базарға» келіп қара жұмысқа жегіледі екен. Қасымовтан Ауғанстан жеріндегі ерлігі туралы естелік айтып беруін өтініп, отбасы жөнінде де бірнеше сұрақ қойып едік: «Бұл – әскери құпия. Оны кім көрінгенге айтуға болмайды», – деп қысқа қайырды.
Батырдан мардымды жауап ала алмай тұрғанымызда, біреу тағы бір Ауған соғысының ардагері осында келіп жұмыс істеп жүргенін әңгіме қылды. Көпшіліктің ішінен қанша сабылып іздесек те, оны таппадық. Бір жігіт оның Ұзынағаш жақта біреудің қыстаулығын тазалауға кеткенін айтып, «ол бір аптадай болмайды» –деді. Екінші Ауған батырының кім екенін сұрап едік, ешкім жарытып жартымды әңгіме айта алмады. Тек сырттай танитын бір кісі оның Қарақалпақстаннан келгенін, Ауған соғысында үш рет тұтқынға түсіп шыққанын әңгіме қылды. Амал қанша, батырдың шынайы атын ешкім білмейтін болып шықты.
Есектің «табысы» қанша?
Күре жолды кесіп өтіп, біздің жанымызға келген есек арбаны көрсеткен бір кісі: «әзір есектің дәурені жүріп тұр. Осылар туралы жазсаңызшы», – деп күлді. «Жақсы тақырып екен» дедік іштей. Осылайша, «Алтын ордаға» қарай аңырап бара жатқан көк есектің тізгініне жабыстым. Бет-ауызын таңып алған арбакеш қыздар шошып кетті. Мәселенің мән-жайын айтып едік, «хозяйка аузымызға ұрған. Ешнәрсе айта алмаймыз» демесі бар ма. Не керек, қалтамнан 500 теңге шығарып «саудаластым». Олар маған есекті жалға беретін адамның үйін, сонымен бірге бір есек арбаны қаншаға жалдайтындарын, күніне қанша ақша табатындарын жайып салды.
«Есектің иесіне күніне 1 мың теңге төлейміз. Бірақ оны екі-ақ сағатта шығарып аламыз. Кіріскөзіміз – бос бөтелке. Жаздыгүні 6 мың теңгеге шейін табыс табуға болады, ал қазір сыра мен сусынның маусымы. Сондықтан бөтелке көп табылады», – дейді арбакеш бойжеткеннің біреуі.
«16-есек үй» деп аталып кеткен үй «құл базардан» алыс емес екен. Бірақ қорада бірде-бір есек қалмаған екен, бәрін алаң-елеңнен жұмыссыздар жалдап кеткен. Сынған, дөңгелегі жарылған арбалар тұр аулада. Біздің суретке түсіріп жүргенімізді байқаған үй иесі Жанат есімді жас әйел сәлемімізді алмастан, көшені басына көтерді.
«Тілшісің бе, осы журналистерден шар¬ша¬дым! Не керек сендерге? Неге менің есектерімді аңдып қалдыңдар? Басқа жазатын дүние жоқ па, неге менің есектерімді қайта-қайта жазасыңдар? Өткенде біреуің жаздыңдар «есегім-ай, есегім» деп. Қазір бүкіл Тараз естіпті, менің есек бағатынымды», – деп шаптықты. Перизатқа істің жөнін түсіндірмек болып едік, сөзімізді тыңдамады. Тіпті есек бизнесі туралы сұрағымыз да жайында қалды. Содан амалсыз кері қайттық. Оның үстіне есек қораның аузындағы тайыншадай сары төбет те біздің келгенімзді жақтырмағандай шынжырын шайнап, арсылдап тұр екен.
erkindik.kz сайтынан алынған
(Түпнұсқадағы тақырып: Құл базар)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста