«Алтын кітап» тағы жаңа есімдермен толықты
Қарағандыда «Құрметті жастардың алтын кітабының» парағына тағы бір топ жас қарағандылықтың есімі жазылды. Ереже бойынша кітапқа қоғамның түрлі салаларында жүрген, атап айтқанда, зауыттың қарапайым жұмыскерінен, жастар арасында көш бастаушы жасы отызға толмаған жастар ене алады. Сонымен қатар 14 номинацияның екеуі екінші жыл қатарынан жас ерекшелігіне қарамастан, жастар саясатын дамытудағы жастар бірлестіктеріне қолдау көрсетуге үлес қосқандарға беріледі. «Алтын кітап» шығару туралы шешім былтыр қабылданған еді. Сол уақытта аймақтағы ең белсенді және талантты азаматтар қалың томның алтын парақтарына бірінші болып енгізілген-ді.
Конкурсқа қатысу үшін жеңіске үміткерлердің барлығы арнайы анкетаны толтырып, құжаттарын, қызмет саласындағы еңбегі үшін марапат және мақтауларын комиссияға тапсырды. Барлық үміткерлердің портфолиосы my-karagandincy.kz сайтына енгізілген және онлайн дауыс беру жарияланды. Сол арқылы «Алтын кітаптың» «алтын адамдары» анықталып отыр. Атап өтерлігі, биыл лайықты тұлғаларды таңдауға тілекшілер қатары да көбейген. Шамамен бес мың қарағандылық дауыс берген.
Аталымдардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – «Жастардың жыл көшбасшысы» десе де болғандай. Оған Саят Балмақаев лайық деп танылды. Саят – Қазақстан студенттері Альянсы республикалық бірлестігінің Қарағанды облысындағы өкілі. ҚарМТУ студенті жастығына қарамастан саясатта азды-көпті елеулі табыстарға қол жеткізген. Бұл қызметті ол екі жылдан бері атқарып келеді. Биыл жоғары оқу орнын тамамдайды.
Саят БАЛМАҚАЕВ, «Жастардың жыл көшбасшысы»:
– Меніңше, бұл менің осы уақытқа дейінгі атқарған ісімнің лайықты қойылу нүктесі. Жастар саясатында қалар-қалмасымды әлде мамандығым бойынша жұмысқа орналасатынымды нақты айта алмаймын.
Мұндай құрмет кітабы бар екендігін естіген кезде өз кандидаттығымды ұсынғым келді. Бірақ мен үлгере алмай қалдым. Менің атымнан өтінішті жастар бастамашыл орталығы беріп қойыпты. Маған тек жастар саясатындағы менің еңбегімді дәлелдейтін қажетті құжаттар мен марапаттарды тапсыру ғана қалған еді.
Сондай-ақ «Жылдың жас жұмысшысы» аталымы бойынша тепловоз машинисі Ержан Жиреновтің есімі кітапқа енді. Ол төрт жылдан бері машинист болып еңбек етеді. Оны бұл кітапқа ұсынған кәсіпорын басшылығы мен әріптестері екен. Сонымен бірге «Алтын кітаптың» парақтарына үздік педагог – Рүстем Әбілдин, студент – Гүлмарал Махабыл, мектеп оқушысы – Әнел Төлеуқұлова, спортшылар – Варвара Лисичкина және Сергей Чернов, журналист Юлия Демьянованың да есімдері жазылды. «Алтын кітаптың» парақтарындағы жаңа есімдерді жұртшылық облыстық өлкетану мұражайынан тамашалай алатын болады.