Ит адамның досы екендігі ежелден белгілі. Десек те, қаңғыбас иттердің проблемасы еліміздің үлкен қалаларындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Мектеп жасындағы балалар мен қарттардың қаңғыбас иттердің шабуылынан жәбірлену фактілері азаймай отыр. Бүгінгі күнде Алматы қаласында 40 мыңнан астам қаңғыбас иттер бар көрінеді.
Сәуірдің 16-сы күні Орбита-3 ықшамауданында тұратын №132 орта мектептің 9-сынып оқушысын, ал 22 сәуір күні Мәметова көшесі, 12/21 үйдің тұрғыны 1947 жылы туған Үмбетов Мағауияны ит қауып, дәрігерлер көмегіне жүгінген. №12 аурухана дәрігерлерінің мәліметіне қарағанда, күніне осындай бірнеше оқиға тіркелетін көрінеді. 2008 жылы Алматы қаласында (Алмалы, Бостандық, Медеу аудандары бойынша) ит қауып, дәрігерлік көмекке 1100 адам жүгінген көрінеді. Ал 2009 жылдың үш айында (Бостандық, Алмалы, Медеу аудандары бойынша) 323 оқиға тіркелген. Оның 263-і – белгісіз иттер. Жалпы, Алматы қаласын алып қарар болсақ, бұл сандардың екі еседен артық болары анық. Қаңғыбас иттер күндіз аулада ойнайтын балалардың, жүргіншілердің аяғына оратылса, түнде тынымсыз үріп, тұрғындардың демалуына кедергі жасайды. Алматы қаласы бойынша иттерді ұстау және «ұйықтатумен» айналысатын екі жеке кәсіпкерлік мекеме бар. Олар – «Кожекеев» ЖК (Алмалы, Әуезов, Медеу аудандары бойынша) және «Римзан» ЖК (Бостандық, Жетісу, Түрксіб аудандары бойынша). Бұл мекемелер қалалық әкімдіктің тапсырысымен жұмыс істейді. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 2008 жылы 78 млн теңге бөлінген. Бір итті «ұйықтатуға» – 4000 теңге, уытсыздандырып (дезинфекция), жер қойнауына жіберуге 500 теңге жұмсалады. Қазіргі уақытта хайуанаттарды қорғаушылар иттерді ветеринарлық емханаларда стерилизациялау мәселесін көтеріп отыр. Бұл жағдайда ветеринар дәрігерлердің бақылауында 10 күн болып, иттер қайта бостандыққа жіберіледі екен. Бұл түсінікті, бірақ мәселені шеше ала ма? Ветеринарлық емханада стерилизациялауға 5000 теңге жұмсалады екен.
Ұлыбританияда «Қоғамды сауықтандыру қызмет бөлімі» жұмыс істейді. Олар қала көшелерін кезіп, иесіз иттерді құрықтап, иттерге арналған орынға тапсырады. Егер де жеті күн ішінде ит иесі табылса, ол итті құрықтауға, жеті күн асырауға кеткен шығынды төлеп, итін қайтарып алады (шамамен 55 фунт стерлинг). Ал жеті күн ішінде иесі табылмаған жағдайда, ит «Хайуанаттарды қорғау қоғамының» меншігіне өтеді. Өз кезегінде «Хайуанаттарды қорғау қоғамы» итті аламын деуші басқа адамға беруге немесе «ұйықтатуға» құқылы.
Иттердің аулаларда мекендеуіне, бір жағынан, тұрғындардың өздері де кінәлі. Өйткені санитарлық нормаларды сақтамай, тамақ қалдықтарын ауладағы кез келген бұрышқа лақтырып кете баратын жағдайларды жиі кездестіреміз. Екінші жағынан, тиесілі мекемелердің қалдықтарды уақытында алып кетпеуі себеп болып отыр. Ал тамағын қорғаштаған иттердің тосын мінез танытуы – табиғи заңдылық.
Сонымен қатар қаңғыбас иттер көлік жүргізушілердің де проблемасына айналып келеді. Мысалы, 2006 жылы көлік астына түсіп өлген иттердің саны – 2318.
Ахмет, жүргізуші: «Өткен сенбі күні Сайын көшесімен төмен түсіп келе жатқанымда, алдымды кесіп ит жүгіріп шықты. Қас қағым сәтте не істерімді білмей, тежегішті басып, рульді бұрып жібердім. Абырой болғанда сенбі күні көлік аз болып, ешкіммен қақтығыспай, жол жиегіндегі арыққа түсіп кеттім».
Ит тістеген жағдайда, салғырттыққа салынбай, жедел түрде дәрігерге қаралған жөн. «Құтырған» ауруының емі болмағандықтан, әрбір сәт қымбат.
Иттерге арналған приюттерді көбейтіп, мәселені шешу жолдарын қарастыру керек. Өйтпеген жағдайда, биылғы 40 мың ит ендігі жылы 50 мыңға жетуі мүмкін. Ал ит санының көбеюі, проблеманы арттыра түседі.
Жұманова Мағираш Рауанқызы, Алматы қаласы Медеу аудандық қадағалау басқармасының бас маманы: «Ит, мысық, егеуқұйрық, тышқын тістеген жағдайда ескерусіз қалдыруға болмайды. Міндетті түрде дәрігерге көріну керек. Ауруханалар әрбір оқиғаны бізге хабарлайды. Ал біз өз кезегінде жәбірленушінің шартты немесе шартсыз түрде емделуін қадағалаймыз және хайуанаттардың жұқпалы аурумен ауырған-ауырмағандығын тексеріп, бақылап отырамыз. Дәрігерге көрінбесеңіз, бақылаудан тыс қаласыз. Мұның соңы қайғылы оқиғаға әкеліп соқтыруы мүмкін».
Дәрігерлік ескерту:
Құтырған ит тістегенде инкубациялық кезең 15 күннен 55 күнге, кейде 6 айға дейін созылады. Жалпы, ауру үш кезеңнен тұрады. Бірінші – драмалық кезең. Ол – 1-3 күн. Бұл кезеңде аурудың ыстығы 37,2-37,3 градус болып, ұйқы қашуы, мазасыздануы байқалады. Жарақаттың ізі жазылып кеткен сияқтанғанмен ауруы басылмайды. Екінші – өршу кезеңі. Шамамен 4-7 күнге созылады. Бұл кезеңде ауру кез келген ұсақ-түйекке шамданғыш келеді. Шамның айқын жарығы бұлшық еттердің құрысып-тырысуына әкеліп соқтырады. Үшінші – паралич кезеңі. Алғашында ауру көрмей, содан соң қол-аяғы істемей қалады. Ақыр аяғында сырқаттың тыныс мүшелерінің қызметі тоқтап, адам өліміне әкеліп соқтырады. Бұл кезең – 5-8, кейде 10-12 күнге созылады. Ит қапқан жағдайда спирттік ішімдіктердің қай-қайсысынан болса да, бас тартқан жөн.