Алматылықтар Малайзия асханасы мәзірімен танысты
Бүгінгі Алматы – әлемнің түрлі елінің мәдениеті мен әдеті жарасқан мегаполис. Әсіресе соңғы уақытта шаһарда ұлттық асханалар қарқынды дами түсуде. Өткен сәрсенбі күні Алматыдағы Hyatt Regency Almaty қонақ үйінде Малайзия асханасы көпшілікке тағы бір таныстырылды.
Бұл шараны Малайзияның Қазақстандағы елшілігі, «Туризм Малайзия» ұйымы, «Эйр Астана» әуе компаниясы, Hyatt Regency Almaty қонақүйі бірлесіп ұйымдастырды. Осымен екінші рет қолға алынған фестиваль «Малайзия асханасының фестивалі – 2010» деп аталды. Шараға тек қала қонақтары емес, шетелден арнайы меймандар келді. Онда қонақтар ең әуелі Малайзия асханасының ас мәзірімен танысты. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, түрлі тағамдарды Малайзиядан арнайы келген аспаздар дайындайды. «Малайзия тағамдарының бір ерекшелігі, оның құрамында ащы қоспалар көптеу болады. Сондықтан астан ауыз тиерде абай болыңыздар», – деді ұйымдастырушылар қонақтарға қалжыңдап. Кеште алматылықтар малайзиялық әртістердің өнерлерін де тамашалады. Сазды әуеннің ырғағымен тербеле билеген бишілер, малай ұлтының сызылтып салған әндері көрермендердің жүрегіне ыстық ықылас ұялатты. Мамандардың айтуынша, «Малайзия асханасының фестивалі – 2010» шарасы қазанның 20-сына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары мен қонақтары тек қана Малайзия асханасымен ғана емес, мәдениетімен де жақын таныса алады. Кеш соңында «Эйр Астана» әуе компаниясы лоторея ойнатып, қонақтарға Алматы–Куала-Лумпурға, Борное аралындағы Кото-Кинибалу қаласына, Куантан демалу айлағына билеттер, басқа да сыйлықтар үлестірді.
Дато СО Чин ХОН, Малайзияның Қазақстандағы елшісі:
– Біз «Малайзия асханасының фестивалі – 2010» шарасын осымен екінші рет өткізіп отырмыз. Былтыр бұл шара өте табысты ұйымдастырылды деп айтқым келеді. Себебі алғашқы рет ұйымдастырылғанына қарамастан, фестивальге қатысқан қонақтардың қарасы өте көп болды. Менің ойымша, Малайзия асханасы қазақ халқына тек малай ұлттық тағамдарын таныстырып қана қоймайды, екі елдің мәдениетін, адамдарын да жақындастыра түседі. Бүгінгі кешке Малайзиядан арнайы аспаздармен бірге өнерпаздар да келіп отыр. Олар да өздерінің өнерлерімен жұртшылықты қуантады ғой деп ойлаймын. Өз басым «Малайзия асханасының фестивалі» шарасын өте сәтті ұйымдастырылған жоба деп ойлаймын. Сонымен бірге осы сәтте шараны қолға алуға мұрындық болып, демеушілік жасағандарға да үлкен алғысымды білдіргім келеді. Былтыр біз «Эйр Астана» әуе компаниясымен Алматы–Куала-Лумпур әуе қатынасын жолға қойдық. Биыл бұл сәтті қадамның бір жылдығы деп айтқым келеді. Қазір аталған компания Куала-Лумпурға екінші әуе жолын ашпақшы. Енді ол жолмен екі ел азаматтары апта сайын бір-біріне қатынай алады. Мен Малайзия мен Қазақстанның арасында күн сайын әуе көлігі жүретін уақытты асыға күтемін.
Ибрагим ДЖАНЛИЕЛЬ, «Эйр Астана» әуе компаниясының сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті:
– Барша алматылықтарды «Малайзия асханасының фестивалі – 2010» шарасымен құттықтаймын. Қазақстанда осымен екінші мәрте қолға алынып отырған шараның маңызы зор. Өткен жылы Дато СО Чин Хон мырза екеуміз Алматы–Куала-Лумпур әуе жолын ашу туралы ақылдасқан едік. Шынын айту керек, сонда біз бұл жобаның болашағына онша сенімді болған жоқпыз. Қуанышқа орай, бұл жобамыз сәтті жүзеге асты. Енді, міне, осы жоба арқылы екі ел арасындағы мәдени байланысты да жолға қойып отырмыз. Біз қараша айында Алматы – Куала-Лумпур бағытындағы екінші әуе жолын ашуды жоспарлаудамыз. Осы жобамыз да сәтті шығады деген ойдамын.
Дерек
Алматы – Куала-Лумпур әуе жолы 2009 жылдың 1 қазанында ашылды. Осы уақыт ішінде әуе рейсі 13 393 адамға қызмет көрсетіп, 30 809 тонна жүк тасымалдады. Алматыдан Куала-Лумпурға жүру уақыты – сегіз сағат.