Алғашқы трамвай 1881 жылы Германияда пайда болса, Алматы көшелерінде көліктің бұл түрі 1937 жылдан бастап қатынай бастаған. Ал қазіргі уақытта Алматы қаласындағы трамвай жолының ұзындығы – 66,4 шақырым. Бүгінгі күні қала тұрғындарының бірі «трамвай керек» десе, енді бірі «керегі жоқ» деген пікір айтады. Шынында да, Алматы қаласына трамвай керек пе? Оның пайдасы мен зияны қанша? Таразылап көрелік.
Қашанда Батысқа қарап бой түзейтін біздің шенді-шекпенділер кейде батыстың тіршілігі мүдделеріне сай келмей жатса, кері айналып жүре беретін сияқты. Олай дейтініміз – көптеген алдыңғы қатарлы елдердің үлкен қалаларында трамвайды пайдалану ілгеріде-ақ тоқтатылған. Мысалы, Мәскеуде ХХ ғасырдың 50-60 жылдарда трамвайды орталық көшелерден алып, көлік қатынасы аз көшелерге ауыстырған. Парижде 1937 жылы, Лондонда 1952 жылы трамвайды пайдалануға тыйым салған. Ал ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында алдыңғы қатарлы елдерде жүйрік трамвайлар жүре бастады. Олардың артықшылығы – олар аспа жолдармен жүріп, даңғұр-дұңғұр шу шығармай, басқа да жол қатынасшыларына кедергі жасамай жүреді. Француздар мен ағылшындардың 60-70 жыл бұрын бас тартқан көлігін біздің қимай отыруымыздың мәні неде?
Александр, жүргізуші:
– Автомобильдің «ходовкасынан» түк қалдырмайды. Күнде Өтеген батыр көшесімен келіп, Төле би көшесін қиып өтемін. Трамвай рельсінің кесірінен таңертеңнен кешке дейін тығын болып тұрады. Бір көшеге жасыл шам жанып жатса да, екінші көшедегілер әлі қиылыс ортасында жүреді, 30-40 көлік өтетін қиылыстан 10-15 көлік қана өтіп үлгереді. Бәріне трамвай рельсі кінәлі.
Трамвайдың тиімсіздігі:
— Автокөлік жолдары жиі бұзылып, жөндеу жұмыстарына қосымша қаржы жұмсалады.
— Автокөлік жолын тарылтады.
— Автокөліктердің жүргізетін бөлшектерін (ходовая часть) тез істен шығарады.
— Бұрылыста автокөліктермен жолы қиылысып, көлік тығыны пайда болады.
— Трамвай рельстері төселген көшелерді автокөлікпен қиып өткен кезде, кейде бағдаршамның жасыл шамы жанып тұрғанда қиылысқа кіріп, жылдамдықты бәсеңдетудің салдарынан қиылыстан шыққаныңызша қызыл шам жанады. Соның кесірінен жүргізуші мен жол полицейлері арасында келіспеушілік туындап жатады.
— Трамвай аялдамалары жол ортасында болғандықтан, мініп-түсу кезінде белгілі бір дәрежеде жолаушылардың өміріне қауіп төнеді.
— Трамвай жүретін көшелердің тұрғындарының демалуына кедергі жасайды.
Тиімділігі:
— Экологиялық таза көлік.
Көріп отырғанымыздай, таразының қай жағы ауыр екендігін болжау қиын емес.
Айдар, Жароков көшесінің тұрғыны:
– Таңертең трамвайдың тарсылынан сәбиіміз шошып оянады. Түсте де, кешке де сол. Трамвай керек деген адамды Жароков көшесіне көшіріп әкелу керек. Әуселесін сонда көрерміз.
Бүгінгі таңда трамвай жолдарын жаңа үлгідегі рельстермен ауыстыруға және трамвай вагондарын жаңалауға Алматы қаласы әкімдігі инвестор іздестіріп жатқан көрінеді. Алайда тиімділігінен тиімсіздігі басым көліктің қажеті қанша? Бір ғана тиімділігі экологиялық тазалығы болса, неге оны экологиялық таза троллейбуспен алмастырмасқа? Өйткені троллейбус автокөлік жолын тарылтпайды, бұзбайды, трамвай сияқты көп кесірін тигізбейді. Екінші жағынан, троллейбус өзімізде жасап шығарылады. Қаржы да еліміздегі өндірісті дамытуға жұмсалар еді.
Алматыға трамвай керек пе?
Последние статьи автора