Алматыда заңсыз орнатылған дүңгіршектер сүріліп жатыр
Алматыда заңсыз орнатылған дүңгіршектер сүріліп жатыр, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі әкімдік мәліметіне сілтеме жасап жазды.
Әкімдік мәліметінше, тиісті талапты сақтамаған 17 сауда нүктесі бұзылған. Жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысында 6 дүңгіршек, Абай даңғылында 8 нысан және Орбита-4 шағынауданында 3 нысан сүрілген.
"Өз бетінше орнатылған дүңгіршектер тротуарға, жол жиегіне шығып кетіп, қаланың сыйқын кетіріп тұр еді. Әдетте, мұндай нүктелер қоқыс жиналатын орынға айналып, өрт қауіпсіздігін сақтай бермейді. Қала әкімінің бастамасымен биыл алғаш рет "Алматы қаласының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес сауда нысандарын орнату қағидасы" қабылданды. Егер ережені елемесе, сауда нүктелері бұзылады", - делінген хабаралмада.
Былтыр Алматыда 500-ден аса заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысаны анықталды. Бүгінде оның 120-сы сүрілген.