«Алматыда қаланың бірегей келбетін сақтауға мүмкіндік беретін құрылыс жүргізудің жаңа ережесі қабыланды» - Алмасхан Ахмеджанов
Бұл жерде экологияға баса назар аударылған әрі Мемлекет басшысының елді мекендерде жайлы өмір сүруді қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасына сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында агломерацияларды дамыту туралы жаңа Заң мен қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте де жан-жақты талқыланғаны белгілі. Кеңесте Тоқаев Алматы әкімдігінің қала сәулетіне қатысты тапсырма жүктеген болатын.
Президенттің сөзінше, бұрынғы қала құрылысын жоспарлау кезінде біраз қателіктер кетіп жатыр. Осылай деп атап өткен Президент бұдан былай орталық аудандарда тығыз құрылысқа тыйым салып, саябақтарды көбейту қажеттігін айтты.
"Байырғы алматылық ретінде мен Абылай хан даңғылындағы тарихи ғимараттың орнына үлкен тұрғын үй салғанына және Қабанбай батыр көшесіндегі қарағайлы саябақтың маңына зәулім қонақ үй тұрғызуымен келісе алмаймын. Барлығын жауып тастаған.
«Миллион тұрғыны бар қалалар Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің тірегіне, ал облыс орталықтары өңірлердің өсу нүктелеріне айналуға тиіс. Сондықтан агломерацияларды дамыту туралы заңды және қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеу қажет болады», - деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Енді міне Тоқаевтың осы сынынан кейін қала жаспарына қатысты әбден тыңғылықты дайындалған жаңа құжат дайындалып отыр. Жаңа құжат мегаполистегі құрылысты шектейді, ғимараттардың биіктігін және салынатын құрылыстың тығыздығын анықтайды және инфрақұрылымды дамыту бойынша талаптарға негізделіп отыр.
Құжаттың мақсаты - қаланың сәулеттік-кеңістіктік дамуын құқықтық реттеу. Яғни аталмыш құжат тұрғын аудандар мен шағын аудандардағы халықтың тығыздығына қойылатын талаптарды, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлердің ұзындығы арақашықтығының ортр мөлшерін анықтайды. Нақты айтар болсақ, 3-5 қабатты үйлерде арақашықтық кем дегенде 20 метр, 10-16 қабатты үйлерде кем дегенде 48 метр, ал 17 және одан жоғары қабаттарда 80 метрге дейін өседі.
Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджановтың айтуынша, қала құрылысын жоспарлауға қатысты жобалар ойдағыдай жүріп жатыр.
– Алмасхан Тілеуханұлы, ағымдағы жылдың мамыр айында Алматы қаласының мәслихаты бірқатар жаңа талаптарды белгілейтін «Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау ережелерін» бекітті. Қаланың одан әрі дамуы үшін Сіз осы нормалардың қайсысын маңызды деп санайсыз және неліктен?
– Жалпы, біз осы Ережелерді әзірлеген кезде, біз халықаралық тәжірибені негізге алдық – дамыған елдерде құрылыс салу кезінде қаланың сыртқы келбеті адамға неғұрлым жайлы және жанға жылулық сыйлатындай етіп салынуына мән беріледі. Ережелерді әзірлеу үшін 2019 жылғы 28 желтоқсанда Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойған Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негіз болды. Ережелерді әзірлеу туралы осы Заңда жазылған. Бұдан әрі, Алматы әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, біз қаладағы жағдайды талдап, қай нәрселерге адамдардың көңілі толмайтындығын, неліктен нүктелі құрылыс жүргізіліп жатқанын анықтадық. Біз Алматының қала құрылысының ережелері жалпы республикалық нормативтерге негізделгендіктен, мұндай шектен шығулар орын алады деген қорытындыға келдік. Президенттің тапсырмасын тек Алматы қаласына арнайы талаптарды әзірлеу арқылы ғана орындауға болатынын түсіндік.
– Осы Ережелерде қандай жаңалықтар бар, оларды қолдану нәтижесінде не өзгерді және өзгереді?
– Ең алдымен, Ережелерге ғимараттар мен құрылыстар арасындағы қашықтық бойынша жаңа нормалар енгізілді. Сондай-ақ, қаланың қандай да бір кварталында рұқсат етілген халықтың тығыздығы қалыпқа келтірілді. Ережеге ғимараттар мен құрылыстардың тарихи келбетін сақтау талаптары енгізілді. Себебі, Алматы - жаңа қала емес, оның өзіндік тарихы бар. Тиісінше, өзіндік стиль қалыптасты, сәулет ансамбльдері құрылды. Ережеде тарихи және мәдени маңызы бар ғимараттарды бұзуға тыйым салынады. Егер қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, мысалы, ғимараттарды нығайту немесе қайта құру қажет болса, онда қасбеттердің сақталуы талап етіледі. Әрі қарай, қала шетінде тұрақты даму қағидаты сақталуы керек деген талап бар. Бұл дегеніміз, халықтың санын ескере отырып, қаланың әр кварталындағы мектептерде, балабақшаларда белгілі бір орындардың, емханалардың, сондай-ақ полицияның тірек пункттерінің болуы қарастырылуы керек.
Айта кететін жайт, біз осындай ережелерді Қазақстанда бірінші болып әзірлеп, бекіттік. Ережелерді әзірлеу кезінде біз бұл мәселелердің көбі қолданыстағы заңнамамен реттелмегенін түсіндік. Сондықтан, Алматы үшін мұндай нормаларды қабылдау туралы шешім қабылданды, содан кейін оның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көргенде, мұндай нормаларды жалпы республикалық заңнамаға енгізуге болады. Келесі қадам ғимараттар мен құрылыстардың биіктік регламентін енгізу болады. Бұл қалада экологиялық проблемалардың болуына, хаотикалық құрылыстың салдарынан ауаның газдануы бойынша үлкен мәселелердің болуына байланысты. Сондықтан бұл жерде экологияға баса назар аударылған.
Жалпы, ережелерді әзірлеу кезінде біз адамның қажеттіліктеріне бағдарландық, бұл Мемлекет басшысының елді мекендерде жайлы өмір сүруді қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасына сәйкес келеді. Ережелердің барлық талаптары мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген, ережелер Әділет Министрлігімен бекітілген және қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжат болып табылады.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларының арасында сәулет жоспарлау саласында шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету талабы бар ма? Бұл Ережелерде қалай жүзеге асырылады?
– Ең алдымен, жаңа Ережелер әкімшілік тәртіпте, дереу және талқылаусыз енгізілмегенін атап өткім келеді. Ережелердің әрбір жолын, әрбір талапбын біз халықпен, сондай-ақ құрылыс салушылармен, инвесторлармен талқыладық және келістік. Біз толық қолдауға ие болдық, жаңа стандарттарды енгізуге ешкім қарсылық білдірген жоқ. Әрине, құрылыс салушы әрқашан кішігірім ауданда үлкен құрылыс салуға ниет білдіреді, бірақ қазір шектеулер енгізілуде. Айталық, аумақта көлікпен проблемалар бар – қолданыстағы жолдар бойынша тұрғындардың еркін кіріп, шығу мүмкіндігі жоқ. Демек, халық санын шектеу керек.
Тағы бір талап Алматы қаласының әрбір тұрғынына арналған аула аумағының алаңына қатысты. Егер бұрын ауланың ауданы тұрғын үй алаңына байланысты болса, қазір біз басқа тәсілді қолданамыз – біз әр тұрғынға аула алаңын есептейміз. Шағын ауданның әрбір тұрғынына 10 шаршы метр аула аумағы тиесілі болуы тиіс, бұл ретте осы алаңның 25% көгалдандырылуы тиіс. Бұл норма аулалық аумақтарда Алматыны көгалдандыруды сақтауға және ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұрын мұндай тәжірибе болған, аула аумағы мемлекетке тиесілі болғандықтан, оны аукциондарда әзірлеушілер сатып ала алатын. Содан кейін, 10-15 жылдан кейін құрылыс салушы осы учаскеде құрылыс бастауға ниет білдіретін. Тиісінше, енді бұл тәжірибе Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында тоқтатылды.
– Қоғам жаңа Ережелер мен кейінгі шешімдерді талқылауға және қабылдауға қалай қатысты?
– Ережелерде қала құрылысы шешімдерін қабылдаудың ашықтығы туралы талаптар бөлек жазылған. Біз бас жоспардан және егжей – тегжейлі жоспарлау жобаларынан бастап осындай шешімдердің барлығын халықпен талқыладық. Барлық талқылаулар барынша ашық өтеді, БАҚ-та және халыққа қолжетімді ақпараттық ресурстарда кеңінен жарияланады. Құрылыс салушылар Ережелерге сәйкес ғимараттар мен құрылыстар салынып жатқан аудан аумағында тұратын тұрғындармен қоғамдық тыңдаулар өткізуге міндетті. Енді, егер халық келіспесе, нүктелі құрылыс салу, тіпті құрылыс салушы белгілі бір учаскеге меншік құқығына ие болған жағдайда мүмкін емес. Қала құрылысы шешімдерін талқылауға мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестер де, кәсіби қоғамдық ұйымдар да қатысады. Соңғыларының ұсыныстары құжатты әзірлеу сатысында, мысалы, Бас жоспарда ескеріледі.
– Сіз қала үшін арнайы жеке талаптар туралы сөз қозғадыңыз. Алматыда қабылданған ережелер жалпы мемлекеттік стандарттарға қайшы келе ме?
– Жоғарыда айтқанымдай, Ережелерді әзірлеу кезінде біз нормативтік – техникалық талаптарды бекітетін бейінді министрліктерден бастап Әділет министрлігіне дейін барлық келісу рәсімдерінен өттік. Қарама-қайшылықтар жоқ. Бірақ, Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы заң бізге кейбір талаптарды қатайтуға мүмкіндік беретінін атап өткім келеді. Мысалы, жалпы республикалық норматив бойынша бір тұрғынға кемінде 6 шаршы метр аула аумағы тиесілі болуы тиіс. Біз өз талабымызды енгіздік-кем дегенде 10 шаршы метр. Сонымен қатар, біз халықтың тығыздығын реттейтін талаптарды енгіздік. Қалалық квартал аумағында әр гектарға адам саны 440 -тан аспауы тиіс. Жобалау кезінде әзірлеуші міндетті түрде осы талаптарды ескеруі керек.
Еуропа елдерінде «дизайн-код» ұғымы бар. Бүгінде Қазақстанда да өзіндік стандарттарды енгізу ұсынылып отыр. Яғни, ҚНмЕ (Құрылыс нормалары мен ережелері) девелоперлерге адам факторын есепке алмағанда, көбірек шаршы метр салуға мүмкіндік берсе де, қабылданған жаңа стандарттар құрылыс салушылардың мүдделері мен тұрғындардың мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
Осылайша, біздің Алматыда ережелер техникалық талаптардан адами факторға қайта бағдарланған. Айтпақшы, мен айтқан 10 шаршы метр аула аумағы тұрғын үй кешені үшін норматив болып табылады, жалпы пайдалану аумағы бұл көрсеткішке кірмейді. Ал 10 шаршы метр көрсеткішке біз Алматы қаласы бойынша қайта құру, реновация жүргізу кезінде қол жеткізетін боламыз, өйткені бізде ескі тұрғын үй қоры көп, ол саябақ және декорациялық аймақтарға да ауыстырылатын болады.
– Алматы тұрғындары бұл жаңалықтарды қалай қабылдады?
– Айта кету керек, талқылау барысында, менің байқауларым бойынша, қала халқының 70-80% жаңа ережелерді жақтады. Әрине, біз бәрін егжей-тегжейлі түсіндірдік. Мысалы, ауданның әр гектарына 440 адамнан тұратын квартал халқының шекті санын анықтайтын норматив бойынша. Бұл жерде, экономикалық компонент те бар. Ескі, тарихи қала орталығы үшін біз бұл талаптарды тіптен күшейттік. Яғни, онда бір гектарға шаққандағы халық саны одан да шектеулі. Міне, әсіресе осы талап жақсы қабылданды. Яғни, алматылықтар бұдан былай тығыздалмайтынын түсінді. Кеңес заманында әр гектарға 330 адамнан тұратын норматив қолданылды және біз осыған тоқталдық. Сондықтан, сол кварталдарда жаңа тұрғын үй салынбайды.
– Жаңа ережелер қабылданғанға дейін келісілген жобалармен не болады? Оларға өзгерістер енгізіле ме?
– Жаңа Ережелер жарты жыл көлемінде қолданылып келеді. Біз барлық құрылыс салушылардан жаңа талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық жобалық материалдарды қайта қарауды талап етеміз. Қазір біз барлық нысандарды жаңа талаптарға сәйкестендіру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Халықтың тығыздығы бойынша норматив бізге мектептердің, балабақшалардың, емханалардың немесе отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың қай жерде орналасуы керектігін анықтау үшін есептеу жүргізуге негіз береді.
Барлық осы сұрақтар жаңа Ережелерде жазылған. Мысалы, осы аумақта тұратын әрбір мың адам үшін мектептерде 180 орын, балабақшаларда 100 орын, емхана және полицияның тірек пункті болуы керек. Ең бастысы, бұл талаптардың барлығы бірыңғай құжатта қамтылған. Бұрын олар әртүрлі ҚНмЕ-де шашыраңқы болатын. Сондай-ақ, болашақта ережелер көлікпен, серуендеу аймақтарымен қамтамасыз ету мәселелерін қамтитынын, сондай-ақ құрылыстың биіктігі мәселелеріне кеңейтілетінін атап өткім келеді. Биіктік регламентіне қатысты тапсырма бар және біз бұл бойынша жұмыс істей бастаймыз. Бұл регламент, сонымен қатар тұтастай Ережелердің барлық талаптары ғылыми негізделген, техникалық дәлелденген және заңды түрде дұрыс болуы керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.