Бірде екі қазақ Германияға қонаққа барады. Көшедегі тазалықты көрген бір қазақ қасындағы жолдасына: «Осы немістер көше тазалауды біледі, ә?» – десе, жолдасы: «Жоқ, бұлар тазалауды емес, сол көшені ластамауды жақсы үйренген»,– депті. Әрине, бұл сөздің жаны бар. Себебі Германия халқы ел тазалығы адамдардың жеке басының тазалығынан басталатынын әлдеқашан түсінген. Ал біз әлі күнге дейін көшеге қоқыс тастап жүргенімізді қорсынбаймыз.
2011 жылы Қазақстанда Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы орайда елімізге келген қонақтар ең алдымен жеріміздің тазалығы мен сәніне мән беретіні белгілі. Алайда біз әлі де қонақтарды қажетті деңгейде күтіп алуға дайын емеспіз. Қазір Алматы қаласының қай көшесімен жүрсеңіз де, жол жиектерінде шашылып жатқан қоқыстарды көзіңіз шалады. Тек қала сыртында ғана емес, басты көшелерімізде де кемшіліктер жиі байқалады. Әрине бұған ең алдымен тұрғындарымыздың өздері жауапты. Себебі азаматтар қарапайым қоқыстарды қоқыс дүңгіршектеріне тастауды білмейді. Көшеде келе жатып, қолындағы заттарды жол жиегіне тастап кете береді. Осыған дейін қала тұрғындары қоқыс дүңгіршектерінің аздығына шағымданған болатын. Халықтың сұранысынан кейін 2008 жылы Алматы қаласы әкімдігінің тапсырмасымен қалаға 16 мың қоқыс тастайтын дүңгіршек орнатылған. Оған қала бюджетінен 185 млн теңге бөлінді. Дүңгіршектер сәуір айынан шілде айына дейін орналастырылды, алайда шілде айында оларды қайта есептегенде олардың 15 пайызы орнында жоқ болып шықты. Мамандардың сөзіне қарағанда, көшеге қоқыс тастайтындардың дені жастар екені анықталып отыр. Сондықтан жоғары оқу орындарында, мектептерде тәртіп, тазалық сабақтарын көбірек оқыту қажет. Екінші бір мамандар қала тазалығын қамтамасыз ету үшін заңды қатайту керек деп есептейді. Сонымен бірге оған құзыретті орындардың жауапкершілігін күшейту қажет. Мәселен, шамамен 60-жылдары Швейцария әлемдегі ластану жағынан алдыңғы қатарлы елдердің бірі болған екен. Ондағы өзен-сулардың ластанғаны соншалық, шомылған адам түрлі қатерлі ауруларды жұқтырған. Кейін ел үкіметі заңды қатайтып, қоқыс тастаған тұрғынға түрлі қылмыстық жаза қолдануға дейін барған. Мұнымен елдің арнайы криминалдық полициясы айналысатын болған. Осындай шара қабылдаудың нәтижесінде, айналдырған бірнеше жылдың ішінде Швейцария әлемдегі ең таза, көрікті елдердің қатарына қосылды. Әрине, біздің елде де бұл бағыттағы шаралар жоқ деп айтуға болмайды. Қыркүйектің 1–29 аралығында Алматыда «Таза қала» шарасы өткізілді. Алматыда осы шараны қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатына қатысқан мамандардың айтуынша, шара барысында барлығы 249 адамның құқық бұзғаны анықталды. Олардың 188-іне ескерту айтылып, тек 61-іне ғана айыппұл салынды. Бұл әкімшілік жазасы күшейтілген алғашқы тазалық айлығы болғаннан кейін, тұрғындарға аздаған кешірім де жасалды. Ал келесі айлық шарасынан бастап қолға түскен барлық құқықбұзушылар қатаң жазаланатын болады. Айыптылардан жиналған қаржы болашақта қаланы гүлдендіруге жұмсалады.
Марат КЕСІКБАЕВ, Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:
– Тексеру шарасы базарларда, аялдамаларда, басқа да сауда, қоғамдық орындарда жүргізілді. Шараға БАҚ өкілдері, жол полицейлері, СЭС мамандары, қала әкімдігі жұмылдырылды. «Таза қала» шарасы мұнымен тоқтап қалмайды. Қыркүйек айында біз ескерту шараларын қолға алдық. Енді құқық бұзғандарды қатаң түрде жазалайтын боламыз.
Қажетті дерек:
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 387-бабы бойынша ережені бұзған жан, егер ол жеке тұлға болса, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, егер ол лауазымды қызметкер, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға, кіші және орта бизнес субъектісі, коммерциялық емес құрылым болса, онда 20-дан 40-қа дейін, егер ережені бұзушы ірі кәсіпкерліктің жеке тұлғасы болса, онда 50-ден 100-ге дейінгі көлемде айыппұл төлейді. Егер келеңсіз іс-әрекеті қайталанып жатса, онда айыппұл көлемі өсіп отырады. 476-бап бойынша айыппұл көлемі айлық есептік көрсеткіштің екіден бір бөлігін құрайды.