Әлімжеттік мектепті меңдеп барады
Әскердегі әлімжеттікті жоя алмай әлек болып жүргенімізде, бұл індет мектептерді де бұғаулап, дерті дендеп барады. Әскердегі әлімжеттікті сала мамандары «Кеңес Одағынан қалған жаман әдет» деп әскери бөлімдерде орын алып жатқан оқиғалардың бірін жасырып, бірін асырып, әйтеуір, қоғамға қатардағы оқиға ретінде көрсетуге тырысып бағуда. Студент жастардың арасында әлімжеттіктің бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Ал мектеп қабырғасындағы әлімжеттіктің туындау себебі неде? Оған кім кінәлі? Қалай оның алдын алуға болады?
Бұл бір күнде пайда болған індет емес екені айдан анық. Тек соңғы кезде ғана қоғамның назарына ілігіп, ата-аналарды, жалпы қоғамды алаңдатып отыр. Мектеп басшылары осы уақытқа дейін, болған жағдайларды жасырып келген. «Ауруды жасырсаң, ыстығы көтеріледі» демекші, бүгін дерт дендеп, күрмеулі мәселеге айналып отыр. «Сасқан үйрек артымен сүңгидінің» күйін кешкен кейбір мектеп басшылары арасында «журналистер түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп, жоқ жерден шу шығарып жүр» деушілер де табылуда. Біздің мақсат – шу шығару емес. Біздің мақсат – болып жатқан жағдайға елдің назарын аударып, қоғам болып індеттің алдын алу. Қоғамда алаңдаушылық туындауы жайдан-жай емес. Өйткені соңғы кезде еліміздің барлық аймақтарында оқушылардың мектепке суық қару, электрошокер, атыс қаруларын әкеліп, зорлық-зомбылық, әлімжеттік жасау оқиғалары жиілеп кеткен.
Нақты мысалдар келтірер болсақ: Астана қаласындағы №53 мектептің жоғарғы сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларын ұрып-соғып, ақша бопсалаған. Уақытында төлей алмаған балаларды «счетчикке» отырғызып, үстемемен ақша алып отырған (өз арасында ондайларды «сауын сиыр» дейтін көрінеді). Тіпті ақша бере алмағандардың киімін шешіп алған жағдайлар да кездесіпті. Мектеп ұжымы емес, керісінше, ата-аналар мектеп ұжымын жинап, шындықтың бетін ашқан. Осы шулы оқиғадан соң, бұл іске құқық қорғау органдары да араласып, тәртібі нашар балаларды есепке алыпты. «Соңғы нүктені сот қояды», – дейді полиция өкілдері.
Ал Павлодар қаласының №33 мектебінің қатар оқитын екі 11-сынып оқушылары кім мықты екенін анықтау үшін мектепте топ болып төбелескен. Мектеп директоры «бұл қатардағы оқиға» деп, ол үшін елді дүрліктіру орынсыз екенін айтып ақталуда. Десе де, Павлодар қалалық ІІД баспасөз қызметі мамандары мектеп оқушыларына қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Жандос ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
– Тараз қаласында 2010 жылдың қазан айынан бастап прокуратура, ішкі істер органдары, әкімдіктер мен білім беру мекемелері қызметкерлерінен тұратын 15 мобильдік топ құрылды. 75 адамнан тұратын топ қаладағы 52 мектепте білім алатын 53 мың баламен сауалнама жүргізді. Нәтижесінде 2000-нан астам оқушы мектеп қабырғасында ақша бопсалауға ұшырағанын айтқан. Мобильдік топ өкілдері өздеріне рұқсат етілген әдістермен ақша бопсалау оқиғаларына қатысы бар адамдар туралы ақпарат жинады. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша бопсалау фактілері, сондай-ақ кейбір мектептерде «бақылаушы» деп аталатын жоғары сынып оқушыларынан бастап, ересек қылмыскерлерге барып тірелетін бопсалау жүйесінің болуы расталды. Бұл жұмыстар жедел іздестіру іс-шараларымен бірлесе отырып жүргізілуі нәтижесінде жекелеген бопсалаушыларды ұстауға және оларды жауапкершілікке тартуға ықпал етті.
Бұзақылық фактілері бойынша тоғыз қылмыстық іс қозғалып, екі іс сотқа жолданды, қалғандары тергеліп жатыр.
Айыпталушылардың 90% – кәмелетке толмаған балалар, қалғандары – ересек қылмыскерлер.
Мұндай оқиғалардың орын алуы Тараз қаласында қалыпты жағдайға айналғандай. Өйткені қаладағы №17, 41, 42, 43 орта білім беретін мектептер мен теміржол колледжі полицияның назарына іліккен. Олар жыл басынан бері ақша бопсалаудың алты фактісін анықтапты (анықталмағаны қанша?!) Алайда «бұл оқиғаларға ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатысы жоқ» деп полиция қызметкерлері көңілді жұбатып отыр. Әрине, солай болуы да мүмкін.
Жамбылдық полиция басшылары балалар арасында бопсалаушылыққа жол берген мектеп директорларын жұмыстан босатуды ұсынды. «Егер өздері осындай жағдайларды анықтап, дер кезінде полицияға хабарласа, онда мектеп басшысына рыхымшылық жасауға болады», – дейді полиция басшылары. Олардың пайымдауынша, осылай мектеп директорларының жұмысын жандандырып, жауапкершілігін арттыра аламыз.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл індетке жұмыла қарсы тұру керек. Егер «анау кінәлі, мынау кінәлі» деп жауапкершілікті бір-бірімізге сілтей берсек, онымен мәселе шешілмесі анық. Сондықтан отбасындағы және мектептегі тәрбие мәселесіне баса назар аударып, ата-аналар мен мектеп ұжымы психолог мамандарды тарта отырып, тығыз байланыста жұмыс атқарғаны жөн. Өз кезегінде мектеп басшылары болған оқиғаны жасырмай, дер кезінде полицияға хабар беріп, құқық қорғау органдары мамандарымен бірлесе іс-әрекет жасауы тиіс. Қоғамдық ұйымдар да бұл шарадан шет қалмай, тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өткізіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.