Әлемді бірге өзгертейік!
Намысың болса – жарнамаңды түзе!
«Алаш айнасы» мен «Бауыржан» қайырымдылық қорының бірлескен жобасы
2011 жылдан бері ұйымдастырылып жүрген «Бауыржан» қайырымдылық қорының «Әлемді өзгерт» деп аталатын республикалық байқауы биыл сәуір айында өз жұмысын қайта бастаған болатын. Содан бері бірнеше әлеуметтік шараларды өткізіп үлгерген Қор ұжымы бұл жолғы акцияны суретшілерге арнады. Алматы қаласында сайысқа түскен қылқалам шеберлері экологиялық проблемалар мен салауатты өмір салтын сақтауды өз туындыларында паш етті.
Бұл жолы суретшілерге екі түрлі тақырып ұсынылды. Бірі – экологиялық проблемаларды шешудің жолдары, екіншісі – велосипедтің денсаулыққа пайдасы қандай? Адам қиялынан асқан дүние бар ма? Өз фантазиясын бояудың құдіретімен жеткізген мамандар өзара сайысқа түсіп, жеңімпаздарға құнды сыйлықтар таратылды.
Лаура Уатханқызы, жоба жетекшісі:
– Мұндай идея біздің азаматтар мен жастардың сана-сезімін қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелерге араластырып, оларды шешудің жолдарын іздестіруде кірісе білуін қалыптастыру үшін туындады. Әйтпесе, бір мәселені бір бет қағазға түсіре білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін шаруа екендігі анық. Бұл жоба сол үшін де құрылған. Халқымыз әлемде туындап жатқан әлеуметтік мәселелерді шешуде әлеуметтік жарнамалардың қалай әсер етіп, көмек көрсетерін білгені абзал.
Естеріңізге сала кетейік, «Әлемді өзгерт» байқауы – қоғам мүшелерін қайырымдылыққа, адамзаттық құндылықтарды қадірлеуге, өзекті әлеуметтік мәселелердің шешімін насихаттауға, отаншылдыққа және балаларды қорғауға тәрбиелеу мақсатында құрылған жоба. Коммерциялық мақсаттан бөлек, бұл байқау сонымен бірге әлеуметтік жарнама мәдениетін дамытуды да көздейді. Байқауға қатысуға ниетті жандардың азғана уақыты қалды. Себебі жұмыстарды маусым айына дейін project@baurzhan.kz электронды мекенжайына жіберу қажет. Байқау жүлдесінің қоры 1 млн теңге. Жолданған жұмыстардың үздіктері «Әлеуметтік тележарнама», «Әлеуметтік баспа мен сыртқы жарнама» және «Әлеуметтік интернет-жарнама» аталымдары бойынша сараланады. Ал жеңімпаздарды марапаттау салтанаты 22-маусымда Алматы қаласындағы Esentai Mall сауда орталығының кинотеатрында өтеді. Келем деушілерге есік ашық.
Тағы бір айта кетер жайт, «Алаш айнасы» республикалық газеті мен «Бауыржан» қайырымдылық қоры осы «Әлемді өзгерт» республикалық әлеуметтік жарнама байқауы аясында «Намысың болса – жарнамаңды түзе!» атты акция жариялаған болатын. Акция барысында жарнама мәдениетін дамыту, оның ішінде қазақ тілді жарнама мәселесінің олқылықтары мен осал тұстарын талқылау және оны жетілдіру бойынша іс-шаралар өткізілуде. Бүкіл республикадан сапасыз жарнамалық өнімдер жиналып, жарнама ісіне жауапты орган мамандары сын садағына ілігуде. Енді сол жиналған қате жарнамалардың көрмесін ұйымдастыру маусым айының бесінші жұлдызына жоспарланып отыр. Көрменің нақты өтетін орны мен уақытын қосымша жариялайтын боламыз. Сіз де акцияға белсене араласа аласыз! Себебі қазақстандық кез келген жарнама қазақы сауаттылықтың айнасы іспетті. Егер сауаты санаңызға жақпаған, өрескел қателігі бар жарнамаларды көзіңіз шалып, айтарыңыз болса, бізге хабарласуыңызға әбден болады. Қазақ тілді жарнаманың сауатын бірге ашайық!
Байланыс телефонымыз:
388-80-60, e-mail: alash.as@mail.ru Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА