Осыдан бірер жыл бұрын – 2005-2006 жылдары Қазақстанның, Қазақстан ғана емес бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары қарағандылық өнертапқыш Сәнтай Жетесовтің гильзасыз патронмен атылатын тапанша-пулеметі туралы таласа-тармаса жазысты. «ППЖ-05» – орысша «Пистолет-пулемет Жетесова», ал «05» – 2005 жылы жасалған деген белгі болатын. Арада бес-алты жыл алмасты. Қару-жарақ өндірісі мен нарығына сілкініс әкеледі деп күтілген жаңалықтың соңы естелікке ұласып барады, техника ғылымының докторы, академик Қарағандыдағы Мемлекеттік-техникалық университеттің профессоры Сәнтай Сүлейменұлы ақсақалдың тапаншасы зертханалық «ойыншық» ретінде тарихқа енетін түрі бар...
Академик С.Жетесовтің тапанша-пулеметінен бұрын гильзасыз патрон жасау жолындағы ізденістері ерте басталған болатын. Жұмысының қорытындысы ретінде 2001 жылы 23 шілдеде Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқы жөніндегі комитетіне өтініш түсірген. Аталмыш комитет өтінішті өздерінің жұмыс тәртібі бойынша, төрт жылдай тексеріп, қарастырған болатын. Әлемнің күллі қару-жарақ тарихын қопарып, барлық жаңалықтарын түгендеп, 2005 жылдың 27 шілдесінде өнертапқышымызға «Алдын ала патент» ұсыныпты. Қазір профессордың жаңалығы Қазақстан Республикасының өнертапқыштық жаңалықтарының Мемлекеттік реестрінде 16344 нөмірмен есепке алынып тұр. Ондағы ресми құжатта аталмыш патронның «басы сфера түрінде жасалып, іші қуыс боп келеді... Осы техникалық шешім патрон жасау технологиясын жеңілдетеді» деп жазылған. Ал аталмыш патрон патенттелер жылдары өнертапқыш зертханада құйып шығарған оғын сынақтан өткізген. Нәтижесінде, Макаров тапаншасынан Калашников автоматына дейін әлгі патронды пайдалануға жарамсыз боп шығыпты. Осылайша, «ППЖ-05» дүниеге келген болатын.
Гильзасыз патронның әлемдік қару-жарақ нарығына, өнеркәсібіне қосар басты жаңалығы – оның ерте бастан қолданыстағы гильзалы патрондардан арзандығында. Мәселен, Калашников автоматының бір патроны, мысал үшін 100 теңге тұратын болса, оқтың жалпы құнының 60 пайызы гильзаға есептеледі екен. Яки, оқ атылып кеткен соң, гильзаны лақтырып жібересіз де, әр патронға кететін 100 теңгенің 60 теңгесі артық шығын боп саналады. Профессор ойлап тапқан гильзасыз оқ – темірден құйылып, сыртына мырыш не қорғасын жағылған үшкірлеу патрон. Өзге қару оқтарынан айырмасы – артқы жағынан ойылып, іші қуыс боп келеді. Сол қуысқа дәрі салынған шағын арнайы құты орналастырылады. Гильзаның қызметін осы қуыс атқарады да, оқ атылған соң, дәрісі жанып кетіп, еш қалдық қалмайды. Ресми-бейресми мәліметтер бойынша, қазір Жер шарында оқ атылмайтын күн болмайды екен! Осыны есепке алып, гильзасыз патронның қандай үнем әкелетіні туралы өзіңіз ойлай беріңіз.
Ал гильзасыз патронмен оқталатын «ППЖ-05»-те, жалпақ Жер шары ұстайтын Калашников автоматынан бастап, барша мылтықтан арзанға түседі екен. Салмағы екі келі тартатын қарапайымдау тапаншаны жасау үшін 25000-30000 теңге жұмсалады екен. Осыдан төрт-бес жыл бұрын профессор «ППЖ-05»-ті тираждап жасауға зауыт салынса, 4,5 миллиард теңге керектігін айтқан болатын. Егер «ППЖ-05»-тің өзіндік құны 50000 теңгеден аспаса, оны нарықта 1000 доллардан сатқан күннің өзінде бірер жылда ақтап шығарар еді. С.Жетесов «ППЖ-05»-тің ең алғашқы нұсқасын Елбасыға сыйға тартыпты. Сынамадан сәтті өткен жаңалықтың патент туралы әңгімесінің өзі едәуір уақытқа созылып, ақыры, қазір біздің елдің көптеген өнертапқыштық жаңалықтары тәрізді соңы тым-тырыс боп қалған жайы бар. Айтпақшы, сол «ППЖ-05» туралы жер-жаһан жорналшылары жарапазандап жазып жатқан жылдары Қазақстанға автоматтың атасы – генерал М.Калашников та жиі келіп-кетіп тұрды. Тіпті Калашников автоматының алғашқы нұсқасы Қазақстанда – Алматы облысы Ақсу ауданының Матай стансысында жасалған деген әңгіме де жиі айтылып жүрді. Осының бәрінің сыртында үлкен саяси астарлы әңгімелер жатпасына кім кепіл?!
Қалай болғанда да, профессор С.Жетесовтің «ППЖ-05»-і, гильзасыз патроны тек журналистердің қаламына ғана қуаныш болған сияқты. Ал қару-жарақ өндірісі ғана емес, бейбіт тірлікте де өзгеше ойлау, өзгеше ізденістерімен ерекшеленетін Сәнтай Сүлейменұлы ақсақал сол жылдары жалғызтабанды рельспен жүретін трамвай, әлемдегі күллі танктен өзгеше «Нұротанк» ойлап тапты, қарағандылық өзге де ғалымдар шахталарда қолданылатын «қара жәшік», «Жигулиден» «Рольс-ройс», бронетранспортерден «Хаммер», саптыаяқ-күрешкеден қақпақпен жабылатын банка жасап шығарды. Тіпті осы жолдардың авторы да жылқылардың мойнына түнгі мезгілде жарыққа шағылысатын жалтырауық бас жіп-ноқта кигізу керектігі туралы ұсыныстар жасаған болатын. Өкініштісі, жоғарыдағы жаңалықтардың бірі еленсе, бірі еленбей, кей ретте өзге адамдардың тегін олжасына айналып кетті. Өнертапқыштарымыз өгейсіп қалмау үшін өрелі шаралар керек тәрізді...
Дерек-дәйек
Әскерилердің айтуынша, қазір Қазақстанда алдағы 100 жылға еркін жететін қару-жарақ қоры бар екен.
Украинаның жылдық бюджетінің 40-45 пайызы шетелден қару сатып алуға жұмсалады-мыс.