Әлем неге алаңдаулы? Өткен айда Ақ үй басшысы климат өзгеруінің алдын алуға байланысты қабылданған Париж келісімінен АҚШ-тың шығатынын мәлімдеген-ді. АҚШ президенті Дональд Трамп Гамбургте өткен G20 саммитінде де өзінің ұстанымынан айныған жоқ. Көмірқышқыл газын шығару көлемі бойынша әлемде екінші орында тұрған АҚШ басшысының сол сөзі әлемді әрі-сәрі күй кештірді.
CNN арнасының мәліметінше, Трамптан басқа саммитке қатысушылардың бәрі климат өзгеруі мен жаһандық жылынудың күн тәртібінде тұрған мәселе екеніне келіскен. Әйтсе де, АҚШ-қа қатысты сауда-саттық мәселесінде оң ұстанымда қалған сыңайлы. ГФР канцлері Ангела Меркель саммиттің жабылуы кезінде: «Өкінішке қарай, АҚШ климат келісімін тастап шықты немесе солай жасауға мүдделі екенін мәлімдеді», ‒ деген болатын. CNN-нің хабарлауынша, G20-ның 19 мүшесі Париж келісімін жалғастыра беретініне уәде берген. Алайда, АҚШ келісімнен шықса да, ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы мөлшерін азайтуға талпынатынын жеткізді. «Саммиттен кейін Ресей президенті Владимир Путин климат өзгеруін «басты мәселе» деп атап, Меркельдің «жақсы ымыраға» келгенін айтты. «АҚШ шықса да, олар бұл мәселені талқылауды жалғастыра береді. Меніңше, бұл оң шешім және мұны Ангела Меркельдің табыс- ты қадамы ретінде есептеуге болады», ‒ деді Путин. Британия премьер-министрі Тереза Мэй де АҚШ-тың ұстанымына келіспейтінін білдіріп, Трампты асықпай ойлануға шақырды. Ал Канада премьері Джастин Трюдо «әлеуетті экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау қатар жүреді», деп айтты», ‒ делінген CNN-дегі мақалада. Time журналы АҚШ-тың Париж келісімінен бас тартуы басқа елдердің бірлесе, бұрынғыдан әлеуетті жоспар қабылдауға әкелгенін жазады. «Жыл басында Президент Трамп АҚШ-ты Париж келісімінен шығатынын мәлімдегенде, бұл жайтты жаһандық жылынуға қарсы саясатты әлем бойынша қолдайтындар мәселеге кедергі келтіреді деп қауіптенген. Алайда, Трамптан басқа әлемнің озық экономикасының көшбасшылары G20 саммитіне жиналып, таза энергия өндіру мен климат өзгеруіне қатысты Париж келісіміне сай әрекет ететінін қайта нақтылады», ‒ деді Time. BBC агенттігі әлем көшбасшылары Трамптың пікірін өзгертуге қауқары жетпеді деп есептейді. «Германияда өткен G20 саммитінде 19 елдің басшылары АҚШ-тың шығып кеткеніне қарамастан, өздерінің климат өзгеруіне байланысты Париж келісіміне адалдығын білдірді. Гамбургтегі келіссөздердің соңғы күнінде тығырыққа тірелгендей болған, алайда, ақырғы келісімге қол жеткізілді. Онда Президент Дональд Трамптың басқа елдердің ұстанымына қарамастан, Париж келісімінен шығатынын көрсетті», ‒ деп мәлімдеді BBC арнасы. Дональд Трамп көмірқышқыл газын азайту саясатынан бас тарту өзінің басты ұстанымы екенін әлдеқашан мәлімдеген. Оның айтуынша, Париж келісімі АҚШ үшін оңтайлы емес. Әрі Ақ үй басшысы жаһандық жылынуға сене қоймайтынын бұрыннан бері айтып келеді. Трамп бұл мәселе АҚШ-тың бәсекеге қабілеттілігін азайту үшін Қытай тарапынан ұйымдастырылған мәселе деп есептейтінін 2012 жылы твиттерге жариялаған-тұғын. Жалпы, Париж келісімі БҰҰ-ның климат өзгеруі жөніндегі конвенция аясында 2015 жылы қабылданып, бір жылдан кейін қол қойылған-ды. Құжат 2020 жылдан бастап әлем елдерін ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы мөлшерін азайтуға міндеттейді. Бүгінгі таңда оған әлемнің 195 елі қол қойып, 153-і бекітті. Келісімнің басты мақсаты ‒ жаһандық жылынуды 2 градус Цельсийден төмен деңгейде ұстап қалу. Әлем елдерінің АҚШ-тың мұндай шешіміне алаңдауының негізі бар. Өйткені, жаһандық жылыну 2 градус Цельсийден асып кетсе, теңіз деңгейінің көтеріліп, су жағалаудағы қалаларды шайып кетеді. Бұл туралы ғалымдар көптеген зерттеулер жасап, әлдеқашан дабыл қағып үлгерген-ді. Қазірдің өзінде климат өзгеруінің әсері орасан зиян тигізіп отырғаны белгілі. Мәселен, кейінгі кездегі әлем температурасының 0,5 градусқа көтерілуі Антарктида мұздықтарының опырылып, жедел еруіне әкеліп соғуда. Тіпті, бұрын мұз басып жататын аймақтар бүгінде қара суға айналған. Мұның «домино әсері» де бар. Сондағы су жалпы мұхит температурасын жылытып, оларды Антарктида астына апарып, мұздың еруін одан әрі жеделдетіп келеді. National Geographic журналы алда-жалда осындай үрдіспен кете берсе, 2100 жылы теңіз деңгейі 1-2 метрге көтерілуі мүмкін екенін айтады. Негізі, Антарктида мұзы түгелдей ерісе, жер бетін су басып қалу қаупі бар. Алайда, әзірге ең көп зиян шегіп отырған ‒ Батыс Антарктида бөлігі. Ондағы мұздықтар саны азайып барады. Мәселен, Ларсен А және Б мұздықтары түгелдей опырылып, ашық мұхитқа ағып кетті. Қазіргі таңда Пайн аралы мұздығы да соның кебін киюі ықтимал. Әлемдегі мұхит деңгейін 1 метрге көтеруге қабілетті Туэйтс мұздығы да үлкен қауіптің алдында тұр. Бұл ‒ Антарктиданың батыс бөлігіне ғана қатысты. Мәңгі ақ континент мұзының негізгі бөлігі оның шығысында екені мәлім. Бұрын ғалымдар Шығыс Антарктида қауіптен аман деп есептеп келген. Кейінгі жүргізілген зерттеулер ондағы жағдайдың мәз емес екенін көрсетті. 2015 жылы австралиялық ғалымдар Шығыс Антарктидаға аттанып, біраз деректерге қол жеткізді. Мәселен, еріген жағдайда теңіз деңгейін 4 метрге дейін жоғарылататын Тоттен мұздығы астынан жылы мұхит суы ағып жатқаны анықталған. Яғни, бұл ‒ алып мұздық астынан ери бастады деген сөз. Алда-жалда аталған мұздықтардың еруі тоқтамаса, енді бір ғасырдан кейін жағалауларда орналасқан әлемнің алпауыт қалалары су астына кетуі мүмкін. Ендеше, көмірқышқыл тұтынымын азайту ‒ күн тәртібінде тұрған үлкен мәселе. Қазақстан да бұл мәселеге бей-жай қараған емес. Еліміз Париж келісіміне қол қойып, алдағы уақытта осыған байланысты жұмыс атқарып келеді. Былтыр Энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамыту бағдарламасына сәйкес, олардың үлесін 2020 жылға қарай 3 пайызға, 2030 жылға дейін 30 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу көзделеді», ‒ деп мәлімдеген болатын. Соның нәтижесі шығар, ел аумағында бірнеше баламалы энергия өндіретін стансалар салынып, олардың кейбірінің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Осы орайда, Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болуы Қазақстанның әлемді алаңдатқан мәселеге бей-жай қарамайтынын көрсетсе керек.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»