Белең алған белсіздік мәселесін шешуге 3,8 миллиард теңге қажет
Бүгінгі күні отбасын құрғандардың басым көпшілігінде бала болмай, ерлі-зайыптылардың дәрігерден-дәрігерге қаралып, діңкесі құрып отырған оқиғалар ел арасында көптеп кездесуде. Осы саланың дәрігер мамандары мұның барлығын әйелдер мен еркектердің арасында бедеулік дертінің ушығып кеткендігімен байланыстырып отыр. Осы ретте біз ер-азаматтардың кіндіктен төмен ауруларының қаншалықты деңгейде екендігін білу мақсатында еліміздің уролог-андролог мамандарымен пікірлескен едік.
Ерлан Асылбекұлы, уролог-андролог:
– Бедеулік дертінің көбеюіне ең басты себеп – экология. Қазір ғылыми-техникалық үдерістердің дамып жатқан кезі. Ал одан бөлініп жатқан химиялық заттарды ауамен бірге жұтамыз. Екінші себеп – тамақ сапасының төмендеуі. Күнделікті тұтынатын тағамда да химиялық заттар толы. Осының салдарынан адам ағзасындағы гендер өзгеріске ұшырайды. Үшіншісі – қазіргі сексуалды революция. Яғни жыныстық қарым-қатынас төңірегіндегі білімсіздіктер себеп болады. Ерте жыныстық қатынас, кездейсоқ адамдармен жыныстық қатынастар да аталмыш дерттің көбеюіне әкеліп соқтырады. Осыдан келіп, екеуінде де ұрық азаяды. Оның сапасы төмендейді. Сондай-ақ жастардың салауатты өмір салтын ұстанбай, арақ, сыра темекіге әуестенуінің салдары да – бедеулікке бастар бірден-бір жол. Өкініштісі сол: қазір бұл дертпен ауыратындар күн өткен сайын көбейіп барады. Әсіресе жасарып бара жатқаны – жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан бұған үкіметтік деңгейде қарап, мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет болып тұр.
Уролог дәрігерлердің айтуынша, қазір белсіздікпен емделетіндердің көбі жыныс жолдары арқылы инфекция жұқтырғандар екен. Тіпті белсіздіктің 45-50 пайызы осы себептен болатын көрінеді. «Қазіргі жастар бұзылды ма, білмеймін. Бірақ бізге бедеулікпен келгендердің көбі жыныстық қатынастар арқылы инфекция жұқтырған. Кейбір инфекциялар, былайша айтқанда, еркектің аталық ұрықтарын «жеп тастайды». Ал одан кейін қайдан бала болсын?» дейді дәрігерлер.
Ерлан Асылбекұлы, уролог-андролог:
– Бұдан емделудің жолдары өте қиын. Себебі «алтын балғада» миллиондаған клеткалар болады. Инфекция оның қайсысына түскенін біле алмаймыз. Себебі оны анықтайтын аппараттар жоқ. Бұл ауру Қазақстанда толық зерттелмеген. Сондықтан біз ұрықтың сапасын, санын көтере алмайтын болсақ, науқастарға ЭКО-ға (экскокорпоралды ұрықтандыру) баруға кеңес береміз. Бірақ осы ЭКО-ның 99 пайызы – қазір жекеменшіктің қолында. Оның бағасы тым қымбат. Бұл ауылдағы бір перзентке зар болып отырған ерлі-зайыптыларға өте ауыр тиеді. Сондықтан еліміздегі еркектік бедеулікті толыққанды тексеріп, оларды емдеу үшін Урология ғылыми орталығында экскокорпоралды ұрықтандыру зертханасын мүмкіндігінше тезірек ашу қажеттігі туындап отыр.
Жалпы, уролог маманның сөзінен ұққанымыз: Қазақстанда еркектердің репродуктивті (ұрпақ өрбіте алу: оның ішіне белсіздік те кіреді) денсаулығының мәселелері осы заманғы медицинаның бірден-бір негізгі шешімі табылмаған саласы болып саналады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігі өз деңгейінде көңіл аудармаған. Ал Урология ғылыми орталығы ер-азаматтардың репродуктивті денсаулығын көтеру мақсатында «Ерлер және репродуктивті денсаулық» бағдарламасын әзірлеп, оны сала министрлігіне ұсынған екен. Енді олар бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін министрліктен тиісінше қаржы бөлінуін күтіп отыр. Алайда аталмыш бағдарламаны ұсынғандарына бірнеше жыл өтсе де, қаржының қолбайлау болып отырғандығынан бұл мәселенінің жүзеге асырылуы шабан орындалуда.
Қалай десек те, еліміздегі ерлердің мәселесі – алаңдатарлық жағдайда. Ерлердің мәселесін шешуге кететін шығын орталықтың есептеуінше, бар-жоғы 3,8 млрд теңге болады екен. Әрине, осыған дейін қаржылық дағдарыс дедік, енді оның екінші толқыны туралы әңгімелер болуда. Дегенмен Елбасыдан бастап демографиялық ахуалды көтереміз деп, 2015 жылы халық санын 20 миллионға жеткіземіз деп жүргенде министрліктің мұнысын қалай түсінуге болады? «Адам капиталы – Қазақстанда ең басты байлық» деп кеуде соққан шенеуніктеріміздің сол байлығымызға қаржы аударуға қауқары жетпей отыр ма, әлде құлықсыз ба?..
Бидайық шөбінің қасиеті
Бұл өсімдіктің емдік қасиеті өте көп. Қарапайым мысал, осы шөпті мысық пен иттер де жеп емделеді. Адамдарға да күз айларында осы бір сиқырлы шөпті тамырымен қазып алып, емдік мақсатта қолдануына болады. Бұл өсімдік қабынуға қарсы, қан құрамын тазалауға, ауырып сыздағанды басуға, ағзадағы зат алмасуды реттеуге өте пайдалы. Тамырларынан жасалған қайнақ тұнбасын қант диабетімен ауырғандарға, рахитке, буын ауруларына, остеохондрозға, невралгияға қарсы қолдануға болады. Дайындау тәсілі: екі ас қасық ұнтақталған тамырға 500 мл қайнап тұрған су құйып, содан соң шөптерін сүзіп тастап, қалған тұнбаға тағы 50 мл су қосады. Күніне тамақ алдында төрт рет жарты стаканнан ішкен дұрыс.
Алғашқы ректор
Алаш арыстарының ішінде мамандығы дәрігер болғандары көп дегеннен гөрі, дәрігер еместері аз еді деген дәлірек. Десек те, нағыз медицина саласында күні бүгінге дейін аты әйгілі тұлға, бүкіл бір институт есімі берілген Санжар Асфендияровтың жөні бөлек.
Санжар Сейітжапарұлы (20.10. 1889, Ташкент – 25.02.1938, Алматы) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды ғалым-тарихшы, профессор, педагог. Әкесі Сейітжапар (Жағыпар, Сейітжағыпар) сұлтан Әбілқайыр ханның тұңғышы Айшуақ ханның ұрпағынан тараған. Патша әскерінің полковнигі шенінде отставкаға шыққан Санжар өз әскери-медициналық қызметін Түркістан генерал-губернаторлығы мен Бұқара әмірлігінің шекарасындағы Термез мекенінде жергілікті лазаретте кіші дәрігер ретінде бастады.
1914 жылы желтоқсанда жоғары әскери басшылықтың өрескел қателіктерді жіберу салдарынан 5-інші Түркістан атқыштар полкі Лодзь (қазіргі Польшаның ірі қалаларының бірі) неміс қоршауына түсіп, басына ауыр жарақат алған Санжар жау тұтқынына түседі. Неміс тұтқынында Санжар патша үкіметі тағдырдың тәлкегіне тастаған мыңдаған жауынгердің қатаң тағдырына ортақтасады, ақырында өз денсаулығы нашар деп танылған Санжар Түркістан әскери-медициналық басқармасының резервіне жіберіледі. 1918-19 жылдары Асфендияров Аштықпен күрес жөніндегі төтенше комиссияның Сырдария облысы бөлімшесін басқарып, 1919 жылы денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. Сол жылы қыркүйекте Т.Рысқұловтың шақыруымен Ташкентке келіп, Түркістан АКСР-інің Денсаулық сақтау халкомы, жер халкомы, Денсаулық сақтау халкомы, Түркістан Компартиясы ОК-нің хатшысы қызметтерін атқарды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болып қайта құрылған Қазақ мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры (1928 – 31), Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халкомы, Алматы медицина институтының ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры (1931 – 33) қызметтерін атқарды.
Алайда Алаш арыстарының қатарында Санжар Асфендияров та 1938 жылы «халық жауы» болып ату жазасына кесілді. Жұбайы Рабиға да Қарлагта бес жыл айдауда болды. 1958 жылы 26 мамырда ақталған ұлт ұлықпаны, Алаш арысының құрметіне 1990 жылы Алматы медицина институтына Асфендияров есімі берілді.
Фармацевті қолдаған пәрмен
Фармацевтикалық кәсіпорын ашуға жеңілдік беретін қаулы шықты. Бұл қаулыға сәйкес, фармацевтикалық кәсіпорын ашамын деген кәсіпкерлерден СЭС және төтенше жағдайлар мекемелерінің рұқсаты талап етілмейді. Биылғы Үкімет қаулысына сәйкес, департаменттің рұқсаты болса жеткілікті.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Мақсат Мырзахметовтің мәліметінше, ағымдағы жылдың 7 маусымынан бастап, лицензия алатын кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдік беріліпті. Үкіметтің №753 қаулысына сәйкес, дәріхана қоймаларын ашу үшін санэпидемстансы мен төтенше жағдайлардың рұқсаты талап етілмейді.
Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша дәрілердің сапасы мен дәрігерлердің біліктілігіне қатысты департаментке 180-нен астам арыз-шағым түскен екен. Тексеру нәтижесінде тіркеуде тұрмаған 98 препараттың түрі анықталып, сот шешімімен жоюға жіберілген.
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент директоры Айзат Молдақасымованың айтуына қарағанда, «Байсат» базарынан тіркеуге алынбаған 98 дәрі-дәрмек түрі анықталған. Ол дәрі-дәрмектердің Қытай елінде жасалғаны белгілі болған. Дәрі қораптарының сыртында құрамы, қандай ауруға пайдаланатыны және сақтау мерзімі көрсетілмеген болып шыққан.
Дерек
Сондай-ақ департамент мамандары Алматы қаласындағы медициналық мекеме қызметкерлерінің біліктілігін тексеріпті. Тестілеуге қатысқан 5700 дәрігердің 15 пайызы сынақтан сүрінсе, 30 пайызы ауызша сұрақ-жауаптан жағылыпты. Ал сынақтан сүрінгендер арасында департамент қызметкерлеріне пара бергендер де болған деседі. Осыған орай, бұл іспен Қаржы полициясы айналысып, мәселенің ақ-қарасын анықтап жатқан көрінеді.
Кіндікті ашып жүру денсаулыққа өте зиян
Дәрігерлердің айтуынша, кіндікте адам ағзасында кездесетін 12 түрлі нүкте бар екен. Осы нүктелердің бәрінің тоғысатын жері тап осы кіндік болып саналады. Алайда кіндік сыртқы ортаның кез келген әсерінен жеткілікті қорғалмаған. Әсіресе суыққа бейім. Кейбіреулердің аяқ астынан іші бүріп ауырады. Халық мұны «жел қарысқан» деп жатады. Қысқа киімнің салдарынан ащы ішек пен бүйрек ең көп зардап шегеді. Өйткені ащы ішек кіндікке тым жақын орналасқан. Қатты суық тигенде адамның іші бүріп ауыратыны осыдан. Ал бүйрекке суық тисе, ол ұзақ уақыт білінбейді. Қыз бала тұрмысқа шыққан соң аяғы ауырлағанда немесе қатты суықтағанда ғана сезуі мүмкін. Мұндай кезде аяғы ауыр әйелде аяқтың ісуі, қан қысымы және бас ауруы жиі байқалады. Бұл да қысқа киім кигеннен болады.
Рахиттен айығу үшін профилактикалық ем алу қажет
Еділ Дадамбаев, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:
– Рахит – 1-2 жастағы балаларда жиі кездесетін, Д дәруменінің жетіспеушілігі мен күннің ультракүлгін сәулелерінің жеткіліксіз мөлшерде болуы салдарынан пайда болатын ауру. Рахитта минералдану мен сүйектің түзілуі бұзылады. Профилактика кезінде ағзадағы тапшы дәруменнің балансын толтырып, теңестіру қажет.
Нәрестенің 1-2 айлық кезінде аурудың клиникалық белгілері білінеді. Ең алдымен, нәрестенің ұйқысы бұзылып, теріде қызыл дақтар пайда болады. Бұл кезеңде сүйектегі алғашқы өзгеріс байқалмайды. Рахит ауруының белгілері аурудың кезеңдеріне байланысты өзгеріп отыруы да ықтимал. Рахиттың ешқандай белгісі қалмайтындай етіп емделу үшін аталған кезеңнен бастап жақсы профилактикалық емдеу жұмыстарын жүргізу керек. Егер осы кезеңде дұрыс профилактикалық жұмыс жүргізілмесе, онда ауру ары қарайғы қауіпті, ортаңғы кезеңіне өтеді. Әсіресе таза ауада жиі болмайтын, көмір қышқыл газды ауамен көп тыныс алатын, Д дәруменінің жеткілікті мөлшерін қабылдамаған және профилактикалық байқаудан өтпеген балаларда рахит ауруы ауыр өтеді. Аурудың қозған кезеңінде дұрыс профилактикалық жұмыстар атқару керек. Әсіресе дәрігерлердің араласуымен емдеу өте маңызды. Дер кезінде емделмеген рахит ауруы бар балалардың кейінгі кездегі уақыттарында аурудың белгілері қалып қояды. Және балалар жиі ауырғыш келеді және аурулары созылмалы түрде болады. Аурудың басталмай жатқан кездегі профилактикалық шараларына ананың емшек сүтін ұзақ уақыт ему, дисбактериозды емдеу мен дұрыс тамақтану жатады.
Нәресте емшек сүтімен қоректенетін болса, ананың дұрыс тамақтануына да назар аудару керек. Ана тамағында белок, май, минералды тұздың көп болуына көңіл бөлген жөн. Егер бала жасанды тағаммен қоректенетін болса, пайдаланатын сүт ана сүтіне неғұрлым жақын болуы керек. Массаж, ашық орындарда күн сәулесінің астында жүру, физикалық жаттығулар жасау мен құрамында Д дәрумені бар дәрі-дәрмектерді пайдалану ауруды тез қайтарады. Кейін аурудың ешқандай жаман әсері қалып қоймауы да мүмкін. Сондай-ақ рахит ауруымен ауырғанда баланың ағзасындағы фосфор-кальций алмасуы бұзылып, нәтижесінде сүйектерге кальций тұзы дұрыс тарамайды. Ал бұл өз кезегінде сүйектің жұмсаруы мен қисаюына әкеліп соғады. Тек қана Д дәруменінің жеткіліксіз болуы ғана айтылмайды, сонымен бірге А, В, С дәрумендерінің, микроэлементтердің (магний, мырыш, темір және мыс) де жетіспей қалатын кездері бар. Науқасқа шалдыққан баланың иммунитеті әлсірейді. Әдетте ақыл тісі, бірте-бірте басқа да тістері мүжіліп, дене бітімі жағынан артта қалуы, қан азаюы мүмкін. Рахитті емдеуді кешенді түрде жүргізу қажет. Алдымен кальций, фтор алмасуын реттеу керек, Д дәруменін жеткілікті мөлшерде қабылдату қажет. Бала таза ауада көбірек болып, емдік дене тәрбиесі, жүзу, гигиеналық ванна қабылдағаны жөн. Оны емдеу мен профилактикалық шаралардан бұрын дұрыс диагноз қою маңыздырақ. Басқа да ауру мен рахит ауруының белгілері ұқсас болуы ғажап емес. Бірақ емдеу мен профилактикалық шаралардың оң әсерінің болуы дер кезінде және дұрыс қойылған диагнозға байланысты.
Мемлекеттік емханалардағы кезекті қалай азайтуға болады?
Талғат НҰРҒОЖИН, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Өткенде невропатологке кіру үшін кезекші дәрігерден талон сұрасақ, тіркеу бөліміндегілер: «талон жоқ, бір айдан кейін келіңіз» дейді. Нақты сала мамандары: окулиске, лорға, хирургке кіру үшін де талон жоқ, оны да ұзақ уақыт күту керек. Науқас адам бір-екі ай дәрігерді күтетін болса, ауруы одан сайын асқынып кетпей ме? Сондықтан мұны қалай да ретке келтіруіміз қажет. Ол үшін, ең бірінші, медицина қызметкерлерінің санын көбейтіп, олардың жалақысын өсіруге тиіспіз. Осы екі мәселені түбегейлі шешпей, мұны ретке келтіру мүмкін емес.
Мағрифа ҚОЖАҚЫЗЫ, Алматы қаласы №8 балалар емханасының меңгерушісі:
– Ол үшін емхана дәрігерлерінің санын көбейтіп, олардың жалақысын дифференциалдауымыз керек. Яғни жоғары технологияларды игеріп, көп науқасты емдеген дәрігердің жалақысын өсіріп, ал кім аз емдесе, жаңа технологияларды меңгере алмаса, оның жалақысын төмендеткеніміз жөн. Мәселен, бір дәрігер педиатр күніне бес сәбиді қараса, ал екінші балалар дәрігері 15-20 баланы қабылдайды, сонда екеуінің жалақысы бірдей болса, ол әділеттілік бола ма? Сондықтан істелген жұмысқа әрі сапасына байланысты ақы төленгені дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ қазір елімізде 5 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Оның үстіне, жалпы практикалық дәрігерлер (учаскелік дәрігер, отбасылық дәрігер) тіптен аз. Өкініштісі сол: біздегі жалпы практикалық дәрігер алдына келген науқасты қарап, емдік шараларын жүргізудің орнына, мойындарына жауапкершілік алғысы келмей, аурудың дәл диагнозын анықтамай жатып бірден нақты сала дәрігерлеріне (хирург, лор, невропатолог, окулиске) жібере салғанды жөн көреді. Сондықтан бұл ретте дәрігерлердің біліктілігін арттырып, ең бірінші аурухана емес, емхана дәрігерлерінің жалақысын көтеруіміз қажет. Егер емханаларда жалпы практикалық дәрігер жеткілікті болып, олардың біліктілігі жоғары болса, диагнозды дұрыс қоятын болса, онда ауруханалардың керегі шамалы болып қалады. Ауру ерте сатысында анықталып, оны емдеудің де мүмкіндігі артар еді.
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Мұны ретке келтіру үшін, ең бірінші, дәрігерлердің санын көбейтуіміз қажет. Былайша айтқанда, дәрігерлер саны халықтың мұқтаждығын толық қанағаттандыруы тиіс. Мысалы, әрбір емхана өздерінде нақты қандай аурулар көп, неврология ма, онкология ма, жүрек-қан тамырларымен ауыратындар басым ба – осыған қатысты нақты зерттеу жүргізуі керек. Бір емханаларда үш хирург болуы тиіс болса, онда біреу-ақ болады, ал кейбір емханаларда бір-ақ онколог керек болса, онда үш-төрт онколог дәрігер отырады. Өкінішке қарай, біздегі емханаларда осының барлығы жүйеленбеген. Сондықтан бұған қатысты нақты мониторинг жүргізіп, емханаларды халықтың қажетін өтейтіндей дәрігерлермен қамтамасыз етуіміз қажет.
Бетті дайындаған Серік ЖҰМАБАЕВ