«Алаштану мәселелері» жарық көрді
«Алаштану» орталығы «Алаштану мәселелері» атты алты сериялық ғылыми жинақтың бірінші томын жарыққа шығарды. Оған Алаш қозғалысы туралы материалдар топтастырылған.
Ғылыми жинақтағы еңбектерді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алаш мұрасы және қазіргі заман» атты мақаласы бастап тұр. Елбасы осы еңбегінде Алаш алыптары танымының маңыздылығы туралы: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды», – деп атап көрсеткен.
Ерлан СЫДЫҚОВ, Шәкәрім атындағы СМУ ректоры:
– Бұл жинаққа алаштану саласын зерттеп жүрген ірі ғалымдардың, Елбасының Алаш қозғалысына арнаған зерттеу мақалаларын енгізіп отырмыз. Бұл кітаптың 2-нші және 3-томдары қазірде әзірлік барысында. Келер жылдың басында олар да жарыққа шығып қалатын шығар.
Жаңа жинақ алаштануға қомақты үлес қосары анық. «Алаштану» орталығының бұған дейін де Алаш қозғалысының тұлғалары жайлы талай еңбегі қалың қауымға жол тартқан болатын. Олардың қатарында: «Күншығыс Алашорда», «Алаш қаласы», «Гонимые голодом», «Сибирь и Казахстан» атты құжаттар жинағы мен зерттеулер бар.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Алаш қайраткерлерінің үстінен болған сот процесі туралы материалдардан үш томдық шығару «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында биылға жоспарланған болатын. Оны Үкімет те бекіткен. Алайда жоспарланған шаруа іске аспады. Түрлі бюрократиялық себептерге байланысты сол Алаш қайраткерлерінің үстінен қозғалған сот процесінің 1-томы шықпай қалды. Бұған біздің Ақпарат министрлігі кінәлі деп ойлаймын. Бірінші томы шығатын еді, оны қаржыландыру жағы дұрыс жолға қойылмады. Ұйымдастыру мәселесі дұрыс ойластырылмады. Министрлік ұйымдастыруды өзінің міндетінен шығарып алды.
Ғалым «Алаш қайраткерлерінің үстінен болған сот процесі туралы материалдар жарыққа шықпайынша, Алаш туралы ақиқат жарыққа шықпайды, онсыз алаштану жартыкеш күйінде қалады» деген пікірде.