Арабстандық көлік аңызға айналған жоқ...
Кедендік одаққа кіріп, сырттан келетін тауарлар ортақ кедендік тариф бойынша рәсімделетін болғалы одаққа мүше емес елдерден келетін барлық тауарлардың бағалары үстемеленіп кетті. Бұл – сырттан әкелінетін автокөліктерге де қатысты жайт. Өткен нөмірлерде біз Кедендік одаққа мүше Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясынан көлік әкелудің қыр-сыры туралы сөз еткенбіз. Енді одақтан тыс елдердің бірі, Кедендік одақ құрылғанға дейін ең көп көлік тасылған Біріккен Араб Әмірліктерінен (БАӘ) көлік әкелу туралы әңгімелемекпіз.
Жазирадағы мәңгілік жаз елі
Таяу Шығыстағы Араб түбегіне қоныс тепкен бұл мемлекет нағыз құрғақ субтропикалық климатымен ерекшеленеді. Жылдың 360 күні бұлтсыз, ашық өтетін бұл аймақта ең салқын деген желтоқсан, қаңтар айларының өзінде күндіз ауа температурасы +28, түнде +18 градус жылы болады. Ал жаз мезгілдерінде +50 градусқа дейін ми қайнататын ыстыққа тап боласыз. Осындай климаттық ерекшелігіне сәйкес, бұл ел туристерден жыл он екі ай кенде болмайды. Әсіресе жазғы аптаптың табы қайтқан қыркүйек айынан бастап, мамыр айының соңына дейін әлемнің әрбір түкпірінен демалушылар ағылады. Парсы шығанағының жылы сулары, құмды жағажайлары, шөлейтті табиғи көріністері, тропикалық өсімдіктердің ылғалды алқаптары, заманауи өмір тәртібі, еуропалық үлгідегі тамаша ойын-сауық, сауда орталықтары мен шығыс базарлары саяхатшылар үшін қиял әлемі болып көрінеді.
Бір-біріне өте тығыз орналасқан ғимараттар мен тұрғын үйлер – бұл елде шөлді болса да, жердің тапшылығын байқатады. Қоңырқай түсті зәулім мешіттері сияқты сирек атрибутикасы мен ғимараттардың маңдайшасына ағылшын тілімен қатар араб тілінде жазылған атаулары болмаса, бұл қаланың араб мемлекетіне тиесілі екендігін аңдау қиын болар ма еді деген ойға қаласың. Өйткені аз ғана уақыт отарласа да, ақсүйек ағылшындардың әлемдік тілі мен мәдениеті, құрылысы өз таңбасын аямай қалдырған.
Автобазарда
БАӘ-ге автокөлік қарай келген автоәуесқойлардың ә дегеннен маңдай тірейтін жерінің бірі – БАӘ-нің сауда-саттық әрі өндірістік әмірлігі – Шарджа қаласы. Себебі осы жерде қаладағы ғана емес, әмірліктердегі ең ірі автокөлік базарларының бірі – Әбу Шағара автокөлік базары орын тепкен. Базар аптаның жұма күнінен өзге күндері таңғы 10-дарға таман толық ашылады. Толық ашылады деуіміздің өзіндік себебі бар. Көптеген Еуропа мемлекеттері мен біздің елдегі автокөлік базарынан бұл қаладағы базардың ерекшелігі – қала ішіндегі өзі аттас ықшам ауданның территориясына орналасқан. Яғни базарды ықшамаудандағы тұрғын үйлер мен ресми ғимараттардың төменгі қабаттарынан ашылған, өздері «шоу-рум» деп атап кеткен кішігірім автосалондар құрайды. Ішкі аумағына бес-алты, сыртына бес-алты автокөлік сыятын бұл шоу-румдардың қожайындары, негізінен, арабтар, ал сатушы қызметкерлері үндістер мен пәкістандықтар болып келеді. Осындай жүздеген шоу-румдар жинала келгенде Әбу Шағарадағы автокөлік базарын құрайды. Бұл базарлар жұма күні сағат 16:00-ге дейін демалатындығын қоспағанда, аптаның барлық күнінде таңғы 10:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қызмет атқара береді. Түскі үзіліс 12:30-дан 16:00-ге дейін созылады.
Әлқисса, әлгі базарды толық аралап, қажетті көлігіңізді тауып, саудаласып жатсаңыз, өзіңіздің қайдан келгеніңізді айтпағаныңыз абзал. Өйткені сіздің қазақстандық екеніңізді әу бастан біліп алса, сатушы автокөлік бағасын түсірмей, тіпті қымбаттатып жіберуі мүмкін. Себебі Кедендік одақтың ортақ кедендік тарифтері күшіне енгенге дейінгі «көлік тасу науқанында» біздің автоәуесқойлар мұнда лап қойып, көп саудаласпастан, бүкіл шығындарымен қоса есептегенде біздің елдегі бағадан біршама арзан болса болды, сатушы қойған бағаға автокөлікті сатып алып, мұндағы сатушыларды әбден «жаман үйретіп» қойған. Содан мұндағы сатушылар арасында «Қазақстан мен оның тұрғындары шіріген бай» деген түсінік қалыптасқан.
Бір айта кетерлігі – шоу-румнан алатын болсаң, автокөлік құжаттарын рәсімдеу әрі кеткенде екі-үш сағат уақытты алатын шаруа екен. Төлқұжат көшірмесі мен көлік құнын төлеп кетіп, екі-үш сағаттан соң келсеңіз, көлік экспорт нөмірін алып, дайын тұрады.
Әмірліктерде шетелдіктердің көлік жүргізуі де айтарлықтай қиын мәселе емес. Бар болғаны төлқұжатыңыз мен жүргізуші куәлігіңіз жаныңызда болса болғаны. Алайда тағы бір ескеретіні – көк түсті экспорт нөмірлермен біздегі транзиттік нөмірлер сияқты тек күндізгі уақытта жүруге рұқсат етілген. Осылайша бір темір тұлпарды тізгіндеп алып Әбу Шағарадағы ғана емес, жақын орналасқан порттық Аджман қаласындағы автокөлік базарын, Дубайдағы Әл-Авир базарларын автокөлікпен аралауға болады. Мұндай саяхаттың тиімді жақтары көп. Біріншіден, әмірлікте біздегідей аузы-мұрнынан шығарып адам тиеп, бір-бірімен жарысып жүрген автобус, троллейбус сияқты қоғамдық көліктер көзге түспейді. Олардың орнына арабстан жолдарымен қолданысқа түскеннен бастап, кем дегенде 500 мың шақырым жүріп қызмет етпейінше, «арқасынан ер түспейтін» жеңіл көлік таксилер жүйткиді. Оның бағасы әу дем жерге біздің теңгеге шаққанда 400 теңгеден басталып, одан әрі шарықтай береді. Ал бұл қалтаға ауыр тиеді. Екіншіден, автокөлікпен аралай отырып, саяхат жасап, ел мен жер көресің. Осы мақсатпен жолға шыққанда тағы біршама жайтқа қанығасыз.
Алдымен үлгі ететін мысалдардан бастасақ. Арабстанда ең бірінші қымбат нәрсе адам өмірі екен. Куә болған жол-көлік апаты соны аңғартты. Алдымызда кетіп бара жатқан көлік өз алдындағы өте қымбат шет- елдік көлік кілт тоқтап қалғандықтан, аңдаусызда артынан соғып кетті. Апат орын алысымен, алдыңғы қымбат көліктен атып шыққан жас жігіт жүгіріп келіп, өзін соққан көліктің есігін ашып қалды. Осы сәтте өзіміздегідей қып-қызыл жанжалдың куәсі боламыз ба деген ой бір сәтте жоғалып кетті. Әлгі жігіт жүгіріп келіп өзін соққан автокөлік жүргізушісін жалма-жан аман-саулығын тексеріп, сабырға шақырып, басу айтып, жұбатып, өз көлігіне барып отырды. Іле-шала келген сақтандыру компаниясының өкілдері екі тарапты бітістіріп, жөндеріне кетті. Бүкіл процесс бар-жоғы 15-20 минутқа созылды.
Екінші бір үлгі етуге болатын мысал – жолдың дұрыстығы. Тегістігі, сапалылығын былай қойғанда, қаладағы болсын, даладағы болсын, екі жақты көлік қозғалысының бәрінің арасы жиектаспен бөлінген. Яғни біздегідей жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, көптеген апаттарға себеп болатын жайлардың бәрінің алдын мәдениетті түрде алған. Қала берді, көп жерге бейнекамералар орнатылған. Ал қалааралық автобандар туралы әңгіме тіпті бөлек. Бір бағыттың өзінде алты көлік қатар қозғала алатындығын былай қойғанда, қарсы жақ бағыттың ортасын белуардан келетін жиектас, оның үстін кісі бойынан асатын темір тормен бөліп тастаған. Мұндай жағдайда қарсы бетке көлік түгіл, жаяу жүргіншінің кесіп өтуі – мүмкін емес жай. Ал жол айырықтарының қиындығы өз алдына. Егер өзіңе қажетті бұрылыстан аңдаусыз өтіп кетсең, алдыңдағы келесі қаладан барып кері бұрылып келуге тура келеді.
Жол бойының тәртібін өзге шетелдердегідей полиция патрулі қадағалайды. Посткеңестік мемлекеттердегідей арнайы жол полициясы деген қызмет жоқ. Жүргізушілер ғана емес, жүргіншілер де полициядан өте қатты қорқады. Себебі заңы да, қолданатын жазалау шаралары да қатал, айыппұл мөлшері көп. Қарапайым ғана мысал, бізде қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 5 АЕК, шамамен 8655 теңге көлемінде айыппұл салынатын болса, мұнда бұл тәртіп бұзушылық үшін 200 АҚШ доллары, яғни 31000 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал полицеймен біздегідей «келісе салу» тіпті де мүмкін емес. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз. Тағы бір қызығы – әмірлік көшелерінде жаяу жүргіншіге арналған жолды кесіп өтетін өткелдер жоқтың қасы. Сондықтан автокөлігіңізбен ағызып келе жатып аяқастынан ортадағы жиектасты аттап-пұттап өте шыққысы келіп, жол ортасына аптығып атып шыққан үндісті не болмаса пәкістандықты қағып кету қаупі жоғары. Сол себепті әмірлік жолдары жүргізуші ғана емес, жаяу жүргіншіден де аса үлкен сақтықты талап етеді.
Мәдениеті
Халқының құрамын мемлекет негізін құраған 600 мың арабтан басқа, өзге араб мемлекеттерінен келіп қоныстанған жалпы саны 2 миллион арабтан өзге 2,5 миллион үндіс, пәкістандық, филиппиндік, неапалдық, ирандық, еуропалық азаматтар құрайды. Қоғаммен байланыс, қызмет көрсету саласында әйел заты өте сирек кездеседі. Бола қалған күнде де ол, негізінен, шетелдік азаматша болып шығады. Әйел затын намысым деп танитындықтан болса керек, мемлекет заңының өзінде араб азаматына ислам дінін қабылдаған жағдайда өзге ұлттың азаматшасына үйленуге рұқсат берсе де, араб азаматшаларға өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуға қатаң түрде тыйым салған.
БАӘ-ді мекен еткен халықтың саудаға икемділігі байқалады. Тіпті халықтың қоғамдық өміріне зер сала отырып, бұлардың өмірінің негізі тек бизнеске құрылған ба деп қаласың. Біздегідей ұлттық, діни мәселелер үшін қызылкеңірдек болу, мемлекеттік идея үшін жан алысып, жан берісе күресу, сол салада еңбек ету деген сияқты альтруистік идеялар күлкілі көрінеді. Содан да болар, біздегідей гуманитарлық салаға арнап оқу орындарын ашып, оны қаржыландырып, мамандар даярлау кісі ақылына сыймайтын іс болып көрінеді. Ел халқынан да мұсылман мемлекеті болғанымен, ақша үшін қарапайым адамгершілік принциптерін аяққа таптап кете беретін көзсіздік байқалады. Бұл елді хаосқа апармай, ұстап тұрған исламның гуманистік принциптері емес, қатаң заң ғана ма деген ойға қаласың.
Себебі қарапайым сауда-саттық кезінде туындайтын түсініспеушіліктер, уағдадан таю, ақысыз, тек адамгершілік мақсатта қол ұшын созбау кездесіп тұрады. Мұндай жағдайда арабты болсын, ажамды болсын, Алланың атын айтып, жасаған қиянаты үшін Құдайдан қорықса деп тәубасына келтіру қиындау. Жергілікті жұртты мұндай жағдайда жазалаушы органның атын ауызға алып қана сабасына түсіресің. Әйтпесе, оллаһи деп тұрған кез келген мұсылманың сазға отырғызып кетуі ғажап емес...
Алынған көлікті жеткізу
Сонымен, көңіліңіз қалаған көлігіңізді сатып алып, экспорттық құжаттарын рәсімдедіңіз делік. Енді мұны аман-есен елге жеткізу деген мәселе туындайды. Не көп, жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар көп. Алайда бір кездері мыңдаған көлік жеткізуді мойнына алып, Иранға жеткізіп, банкрот болып, мыңдаған қазақстандық клиентінің обалына қалған Sepid Trading секілді жауапсыз компанияға ұрынып қалу ықтималдығы барын ұмытпау керек. Жақсы тасымалдаушы компания тауып, оған көлігіңді «аманат етердің» алдында тағы бір басын ашып алатын мәселе – көлікті еліміздің қай қаласына жіберетініңіз. Тасымал бағасы мен мерзімі де соған сәйкес болады. Көлік тасымалы негізінен БАӘ-нің Шарджа мен Аджман қалаларының порттарынан жүзеге асады. Көптеген тасымалдау компаниялары көлік тасымалында үшін кеме, теміржол және көлік тасушы автокөліктер секілді транспорт түрлерін қолданады. Төменде тасымалдау компаниялары қызметі туралы кестені ұсынып отырмыз.
Сонымен біз Кедендік одаққа кіргелі айтарлықтай саябырсыған шетелден көлік әкелудің қыр-сыры туралы (БАӘ мысалында) сөз еттік. Енді сол шетелдерден әкелінген көлікті кедендік рәсімдеу, оны жергілікті жердегі Жол полициясы бөліміне тіркеуге қою туралы нақты мысалдармен осы беттің келесі мақаласында егжей-тегжейлі әңгімелейтін боламыз.
«АвтоВАЗ» қазақстандық автозауыт акциясының ширегін сатып алды
Ресейлік «АвтоВАЗ» компаниясы қазақстандық «Азия Авто» үлесіндегі акцияның бір бөлігін иемденді. Нәтижесінде ресейлік компания 25% және 1 акцияға ие болса, қазақстандық «Бипек-Авто» ЖШС-нде 50% және 1 акция қалды.
Өзара әріптестік жөніндегі келісім-шартқа сәйкес, Қазақстанда жылына 120 мың автокөлік шығаратын толыққанды өндіріс орны ашылатын болады. Инвестицияның жалпы көлемі 400 млн долларды құрайды. Мұндай жағдайда Қазақстанда тек дайын қосалқы бөлшектерді құраумен ғана айналысатын зауыттың орнына, көліктің шанағын құрастырып, бояп, бөлшектерін құрастыратын толыққанды зауыт дүниеге келмек.
2015 жылдан бастап шағын көліктер қолжетімді болмақ
Қазақстандықтар екі жылдан кейін қозғалтқыш көлемі кіші шағын көліктерді жеңілдіктер жүйесімен сатып алатын болады. Бұл туралы экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлімдеді.
2014 жылдың көктемінде салық жеңілдіктерін қайта қарастыруға бағытталған жұмыстар аяқталуы тиіс. «Қай салаларды ынталандыруымыз керек екендігін өзара анықтап алуымыз қажет. Соның ішінде өзгерістердің көпшілігі ертеңінде-ақ халықты қозғалтқыш көлемі бір жарым литр болатын автокөліктерді сатып алуға итермелейтін жеңілдіктерге бағытталған. 2015 жылдан бастап, үнемді автокөліктерді сатып алуға ынталандыратын өзгерістер күшіне енетін болады,» – деді министр Ерболат Досаев.
Кедендік рәсімдеу туралы
Жоғарыдағы мақалада біз Кедендік одақтан тыс шетелден автокөлік әкелу туралы баяндадық. Енді сол әкелінген көлікті кедендік рәсімдеу машақатына тоқталсақ...
Тауар мен көлікті кедендік рәсімдеу үдерісі тауарды кедендік тазарту деп аталады. Бұл жағдайда ҚР заңдарында көрсетілген кедендік, салықтық алымдар мен төлемдер төленіп, кедендік декларациялар толтырылады. Мұндай сырттан әкелінген автокөлікті кедендік тазарту кезінде меншік құқығы мен көлік бағасын растайтын бірқатар құжаттар, автокөлікке алынған сәйкестілік сертификаты, белгіленген тарифтік мөлшерлермен төленген мемлекеттік алымдар, қосымша құн салығы мен кейбір жағдайда акциз салығы төленгендігін растайтын түбіртектер талап етіледі.
Автокөлік Қазақстан Республикасының, яғни Кедендік одақтың шекарасынан өткеннен кейін, өткізу аймағында өкілетті тұлға ішкі кедендік транзитті (ІКТ) рәсімдеп жатқан кезде автокөлікті жеткізу мекенжайы мен мерзімі көрсетіледі. Ішкі кедендік транзит (ІКТ) автокөлік шекарадағы өткізу бекетінен кедендік рәсімдеу өтетін межелі жерге кедергісіз жетіп алу үшін қажет. Межелі жерде көлік иесі көлігін уақытша сақтау қоймасына (УСҚ) қойып, көлік түгелдей кедендік тазартудан өткеннен кейін ғана көлігін алып кете алады. Көлік УСҚ-да екі ай уақытқа дейін тұра алады. Қажет болған жағдайда мүлік иесі жазбаша арыз жазып, тағы да екі айға создыра алады. Осы уақыт аралығында көлік иесі немесе оның өкілі кедендік рәсімдеуге қатысты барлық құжаттарды рәсімдеп үлгеру қажет. УСҚ-ның қызметі ақылы болатындықтан, рәсімдеу ісін кейін шегеру тиімсіз.
Қазақстан Республикасы аумағына автокөлік әкелген адам кедендік декларациялаудың екі түрінің бірін таңдай алады.
Алғашқы түрінде азамат тауардың жүк декларациясын (ТЖД) толтыру арқылы рәсімдейді. Мұндай жағдайда ТЖД толтыру арнайы рұқсатты талап ететін қызмет түріне жататындықтан, меншік иесі кедендік өкілмен (кедендік брокер) келісімшартқа отыруы қажет. ТЖД толтыру қызметінің бағасы шамамен 100 евроның айналасында. ТЖД бойынша декларациялау кезінде кедендік баж салығы Кедендік одақ елдерінің ортақ кедендік тарифын басшылыққа алады. Бұған қоса, меншік иесіне көліктің жиынтық құнының (автокөліктің бағасы, тасымал құны, кедендік рәсімдеу мен тіркеуге қою шығындарын қоса есептегенде) 12% мөлшерінде ҚҚС төлеу керек.
ТЖД бойынша кедендік төлемдер:
• автокөліктің бағасы мен шыққан жылын:
• автокөліктің қозғалтқыш көлемі мен шыққан жылын басшылыққа ала отырып төленеді.
Төлемге осы екеуінің сомасы көбірек шыққаны қабылданады.
Кедендік рәсімдеудің екінші түрі – декларациялаудың жеңілдетілген түрі деп саналады. Бұл жағдайда көлік иесі кедендік кіріс ордерін толтырып, кедендік жиынтық төлем (КЖТ) төлеп, барлық құжаттарды өзі рәсімдей алады. КЖТ бойынша бір ғана жиынтық төлем жасалып, ҚҚС төлеудің қажеті жоқ.
Енді мысалдарға кезек берейік.
1-мысал. 2013 жылғы сол БАӘ-ден 23 000 долларға алынған Toyota Camry автокөлігін алайық. Осы көлікті алғашқы үлгімен, ТЖД бойынша рәсімдейтін болсақ, кедендік салым оның құнының 30% мөлшері шамасында, бірақ қозғалтқыш көлемінің шаршы сантиметріне 2,15 евродан кем болмау керек. Яғни оның кедендік төлемі 6900 евро шамасында болып шығады. Оған 12% ҚҚС, декларация ақысын қосатын болсаңыз, түгел рәсімдеуге 11 000 АҚШ доллары көлемінде шығын шығатынын көруге болады.
2-мысал. Ал енді дәл осы көлікті екінші үлгімен, КЖТ бойынша рәсімдейтін болсақ, кедендік салым оның құнының 48% мөлшері шамасында, бірақ қозғалтқыш көлемінің шаршы сантиметріне (2,5 литр) 5,5 евродан кем болмау керек. Егер 23 000 АҚШ долларының 48%-ы алғашқы үлгідегі ТЖД есебіне сәйкес келгенімен, қозғалтқыш көлемі 2,5 литр болатын көліктің шаршы сантиметріне 5,5 евродан есептегенде 18160 АҚШ долларына айналады. Кеден қызметі жоғарыда айтқанымыздай, сомасы көп, соңғы 18 160 АҚШ доллары нұсқасын таңдайды. Сондықтан егер жаңа көлік алсаңыз, сізге кеден брокерлерінің көмегіне жүгініп, ТЖД бойынша (біздің мысалда11 000 АҚШ доллары) рәсімдегеніңіз тиімді.
3-мысал. Егер әкелген автокөлігіңіз үш-бес «жас» аралығында болса (яғни жаңа емес), екінші КЖТ бойынша рәсімдеген тиімдірек. Мысалы, тағы сол Toyota Camry көлігінің мысалында алатын болсақ, 2008-2009 жылғы бұл көліктің қозғалтқыш көлемі 2400 шаршы сантиметрді 3 евроға көбейтеміз. Сонда 7200 евро, яғни 9550 АҚШ доллары көлемінде болып шығады.
Тағы бір айта кететіні, егер қолданылғалы үш-бес жыл болған, қозғалтқыш көлемі 1000-1500 ш.см көлеміндегі автокөлікті әкеліп, осы КЖТ формасымен кедендік рәсімдеген жағдайда шаршы сантиметріне 1,7 евродан есептеп, айтарлықтай төмен төлеуге болады. Мысалы, БАӘ-ден әкелінген қозғалтқыш көлемі 1,3 л, 2009 жылғы Mitsubishi Lancer автокөлігінің кедендік жиынтық төлемі 2210 евроға, шамамен 449 мың теңгеге (1300ш.см х 1,7 евро = 2210 евро) шығады.
2013 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы аумағына кіргізілетін көліктердің ЕВРО-4 халықаралық стандартына сәйкес келуі қажет. Бұл стандартқа сәйкес келмейтін көліктер кедендік тазартудан өткізілмейді де, Жол полициясы органдарында есепке тұрғызылмайды. Сол себепті көлік әкелер алдында осы стандарттың кестесімен танысып алған артықтық етпейді.
Бетті дайындаған Нұраддин Рысбайұлы