Алаш АВТО

«Азия авто» ауқымды жобаларымен мақтанады
Өскемендегі «Азия Авто» зауыты жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келеді. Шетелден көлік бөлшектерін әкеліп, оны құрастырудан әріге аса алмай жүрген кәсіпорын жетек­ші­лері жақында ресейлік ірі көлік зауыттарының бірі «Автоваз» ААҚ-ның басшылығымен кездесіп, бірқатар келісімдерге қол қойған-ды. Басты жаңалық мынау: алдағы 10 жыл көлемінде Өскеменде жылына 120 мың көлік шығаратын қуаты бар өндіріс кешені салынады. Бұл – ресейлік «Автоваз» ААҚ пен «Азия Авто» АҚ-ның бірлескен жобасы. Қазір зауыттың салынар орны белгіленген. Аумағы атшаптырым алаң Үкімет пен «Азия Авто» акционерлік қоғамы арасында қол қойылған елімізде ең ірі автоөнеркәсіп кластерін құру туралы келісімнің аясында бөлінген екен.
Бүгінде мұндағы темір тұлпарларға сұраныс жоғары. Елімізде ғана емес, Ресей мен көрші мемлекеттерде де. Осыны ескерген қос зауыттың басшылығы өндірістің бірінші кезеңін (жылына 90 мың автокөлік) 2015 жылы, екінші кезеңін (қосымша жылына 30 мың автокөлік) 2017 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Болашақ кәсіпорынның өнімі, негізінен, Ресейдің Сібірі мен Қиыр Шығысына және Орталық Азия, Кавказ елдеріне өткізілмек. Өндіріс орны өзінің толық қуатына жеткенде, бұл жоба еліміздің машина жасау саласындағы ең ірі жобаға айналады. Елдің жалпы ішкі өнім көлемін шамамен 1,5 миллиард долларға өсіріп, жыл сайын мемлекет қазынасына салық ретінде 87 миллион доллар қаржы құйылады.
Айта кетейік, бұл жоба Үдемелі индустриал­ды-инновациялық даму бағдарламасының, Ин­дус­триаландыру картасының және өзге де бір­қатар мемлекеттік бағдарламалардың бір бөлігі болып табылады. Жоба инвестициясының жалпы көлемі 514 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа зауыт өзінің жобалық қуатына жеткенде 12 мың жұмыс орны ашылып, жылына экс­портқа 1 миллиардтан астам доллардың өнімін шығарады.


Ержан МАНДИЕВ, «АЗИЯ АВТО» АҚ президенті:
– «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында автокөлік құрастыратын кешеннің қуатын кеңейту жұмыстары аяқталуда. Бұл – біздің жобамыздың бірінші кезеңі. 2010 жылдың шілде айында ҚР Үкіметі мен біздің зауыттың арасында келісімшартқа қол қойылған. Осыған сәйкес, біз автокөлікті толықтай құрастыратын кластер құрудың келесі фазасына кірістік. Оның тұғырнамасы толық циклдағы зауыт болады. Кәсіпорынның құрамына штамптау, шанақты (кузов) балқытып біріктіру және шанақты бояу жұмыстары енеді.

«АЗИЯ АВТО» АҚ президенті Ержан Мандиевтің айтуынша, жаңа көлік өндірісінің инфрақұрылымы іргелес аудандардың мыңдаған тұрғындарының коммуналдық мәселелерін шешуге септігін тигізеді. Сонымен қатар жаңа өнеркәсіп орталығы қаланың тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін бермек. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың сөзіне сенсек, жобаның бірінші кезеңінде зауыттың қызметкерлеріне мыңдаған жаңа пәтер беріліп, балабақша мен мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр.
Жобаға енгізілетін инвестициялардың жалпы көлемі 514 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба толық қуатында жүзеге асқан жағдайда 12 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Автодерек
«АЗИЯ АВТО»
АҚ қазақстандық автоқұрастырушы зауытының (Өскемен) негізі 2002 жылы қаланған және Қазақстандағы жеңіл автомобиль өндіруші кәсіпорындардың арасында ең ірі өндіруші болып табылады. Зауыт серіктестерінің ішінде Volkswagen Group, General Motors, Renault-Nissan-АвтоВАЗ және KIA Motors секілді жетекші әлемдік концерндер бар. АЗИЯ АВТО зауытында Skoda (Fabia, Octavia, Superb, Yeti), Chevrolet (Aveo, Captiva, Cruze, Epica, Lacetti), Lada 4x4, KIA (Sorento, Mohave, Cerato, Sportage, Soul, Cadenza, Optima) маркаларының автомобильдері шығарылады.
«АЗИЯ АВТО» сапа менеджментінің жүйесі ISO 9001:2008 халықаралық стандартына сәйкес TЬV International Certtification (Германия) сертификатталған. ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктер үшін» сыйлығының аясында «АЗИЯ АВТО» АҚ өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын деп танылды.

Азамат ҚАСЫМ, Өскемен


«Москвичтен» құрастырған Л и м у з и н сатылып кетті

Лимузин автокөлігін Ақтөбе об­лысы Байғанин ауданын­да ағайынды Аман, Есен Байдуллиндер қолдан құрастырып ал­ған-ды. Ұзындығы 6,5 метр ли­му­зинді күнделікті қолданыс үшін пайдаланбай, тек қана үй­лену, қыз ұзату тойларында ға­на тапсырыспен жүретін-ді. Әр сағатқа иелері біраз ақша сұ­рай­тындықтан, тәулік бойы емес, жұрт та шектеулі уақытқа, небәрі бірнеше сағатқа жалдайтын.
Алайда ағайынды жігіт «Лиму­зиннің» құжаттарын ретке келтіре алмай сатып құтылыпты. Аға­йын­ды Байдуллиндер бұл лимузинді екі «М-412» «Москвич» көлік­тері­нен құрас­тырған. Бұған олар үш айдай уақыт, 30 мың теңгедей ақша жұм­сапты. Көлік­тің сыртын да шама-шарқылары кел­генше безендіруге тырысқан. Сөйтіп, ағайын­дылар­дың қолынан шық­қан үйлену тойларында қызмет көрсететін сән­ді көлікке ауыл ішінде сұраныс көп болған. Бір­аз табыс тауып, көлік жөн­дей­тін ор­талық ашпақ болған екі жігіт алдағы уақытта шетелдік көлік­тен лимузин құрастыруды жос­парлаған еді. Енді олар бұл ниет­терінен бас тартып отыр. «Кө­лік­ті құрас­тыру оңай, тек көліктің құ­жат­тарын реттеу қиын екен», – дей­ді олар.
Нұрболат ДҮЙСЕНҰЛЫ, Байғанин аудандық ІІБ жол полициясы аға инспекторы:
– Қандай жағдайда да арнайы мамандар көлікті сынақтан өткізеді. Өйткені көлік талапқа сай, яғни адам өміріне қауіп төндірмейті­ндей жағдайда болуы керек. Себебі адам өмірі ең басты құндылық екені белгілі. Арнайы автозауыттардың өзі шығарылған өнімдерін бірнеше рет сынақтан өткізгеннен кейін сатуға, қолданысқа жібереді. Ал ағайынды Байдуллиндердің қолдан құрастырған машинасы қанша дегенмен үй ауласында жасалған. Оның қауіпсіз екендігіне ешкім кепілдік бермейді. Сол себепті ол көлікке біз ешқандай құжат бере алмадық.

Бақыт ЖАНШАЕВА


Қазақстандықтардың таңдауы – «Хюндай»
«Астана Моторс» КМК құрамына кіретін Hyundai Auto Kazakhstan компаниясы үстіміздегі 2012 жылы сатылған көліктердің саны бойынша рекорд орнатты. Соңғы бес айда Hyundai маркалы 3203 дана автомобиль сатылыпты. Оның 830-ы сәуір айында сатылған болса, 849 данасы мамырда халыққа жол тартты. Мұндай көрсеткіштер компа­нияның елімізде жұмыс істеп келе жатқаннан бері орын алып көрмеген екен. Халықтың көңілі әсіресе Hyundai Accent (2089 дана) пен Hyundai Elantra-ға (393 дана) ауыпты.


Осылайша Hyundai Auto Kazakhstan соңғы төрт айдың нәтижесі бойынша (ресейлік компанияларды есептемегенде) елімізде жұмыс істеп жатқан шетел өндірушілерінің арасында алдыңғы орынға шықты.
Осы жылдың қаңтар айынан бастап компания 1 тоннаға дейінгі салмақты көтере алатын Hyundai Porter-дың өндірілу көлемін арттырды. Сонымен қатар сәуір айында Денсаулық сақтау министрлігіне Hyundai H-1 негізіндегі реанимобиль мен жедел жәрдем каретасын ұсынды.
Hyundai Auto Kazakhstan-ның сәуір айында Барселонада өткен Regional Excellence Award премиясында «Жыл жаңалығы» (Прорыв года) аталымын жеңіп алғандығын айта кетелік.


Маңдайша терезесін баптау

Көліктің маңдай терезесі – автоның басты детальдарының бірі. Және бұл терезенің конструкциясы күрделі болатындығын айтып өтелік. Жол бойында кездесетін жаңбыр, қардан бөлек, шаң-тозаң мен тастарға төтеп беру үшін бұған ерекше мән беріледі. Осының себебінен бұл терезеге ерекше баппен қараған дұрыс. Осы жайлы аз-кем сөз.
Алдымен есте ұстау керек нәрсе мынау: терезені әрдайым таза ұстау керек. Шаң-тозаңға бөккен терезе күн сәулесін сындырады. Соның әсерінен көрініс нашарлайды. Түнгі уақытта қара­ма-қарсы келе жатқан көліктің жа­ры­ғының өзі айналаны анық көруімізге кедергі болатыны анық. Шаң-тозаң әсіресе түнде, көлігіңіз тұрақта тыныш тұр­ғанда жиналады. Сондықтан таң­ертең тұлпары­ңызды ерттеп мінбестен бұрын маңдайша терезесін тазалап сүртіп, тазалағыш­тарда жиналған шаңды да қағып тастау керек. Егер бұл іске нем­құрайды қарар болсақ, терезені тазалау кезінде түрлі сызық-жырықтар пайда болады.
Көлігіңіздің терезе жуғышы­ның шағын ыдысына әрқашан арнайы ерітінді құйып жүріңіз. Қарапайым су шаң-тозаңдарды тазалауға аса икемді емес. Тек ес­керетін нәрсе мынау: мұндай ері­тінділерді сатып алмастан бұрын оны иіскеп көрген де ар­тық етпейді. Кейбір қосылыстар­дың иісі аса жағымсыз болады. Бұл иіс, әлбетте, көліктің ішіне де оп-оңай кіріп, әсер етіп тұра­ды.
Терезені құрғақ күйінде тазаламаңыз. Сонымен қатар терезе тазалағышты жиі ауыстырып тұруға кеңес береміз. Ескірген тазалағыштар сықырла­ған дыбыс шығарып, сізді көлік жүр­гізуде алаңдататын болады.
Кейбір жүр­гізушілер қыс мезгілінде терезе тазала­ғыш­тың қатып қал­масы үшін көтеріп қоюға бейім болады. Бұл әрекет серіп­пенің серпімділік қасиетінің жо­ғалуына себеп болады. Мұз болып қатып қалған терезе тазала­ғыш­ты жылытып, жібіткен дұ­рыс. Тек терезеге ыстық су құй­ма­ңыз. Терезе жарылып кетуі мүм­кін.
Терезені тек сыртынан емес, ішінен де арнайы ерітіндімен тазалап жуып тұрған дұрыс. Сөз соңында терезеңізді күңгірттеуге аса бейім болма­ған жақсы екендігін айтып өтелік. Бұл сыртқы көріністі нашарлатып, көлігіңізді сенімді жүргізуге кедергі болады.


Автокөліктің парқы мен нарқы
«Алматы автобазарында сенбі-жексенбі күндері күн қатты қызғанымен, көлік саудасы соншалықты қыза қоймады» дейді сатушылар. Көлік алушылардың назарын өзіне көп аударған, осы аптада сұранысқа ие болған автокөліктер тізімі мыналар:
«Мазда 626» (1992-93) – 3000-3500$
«Фольксфаген Гольф-3» (1993-95) – 3500-7000$
«Мицубиси Галант» (1993-94) – 3200-3500$
«Ауди А6» (1993-97) – 6500-11 000$
«Мерседес Е 220» (1992-95) – 8000-10 500$
«БМВ 318» (1991-99) – 5000-12 000$
«Лексус RX300» (1998-2001) – 18 000-21 000$


Руслан жасаған «Ролс-Ройс»
Аты бүкіл әлемге әйгілі британдық «Ролс-Ройс» көлігін бүгінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының көшелерінен кездестіруге болады. Иә, бұл оқиға жайлы сіз теледидардан естіп, газеттерден оқып та алған боларсыз. Бірақ бұл жайлы тағы бір рет айтып кету артық болмас. Керісінше, осындай қолынан бәрі келетін, сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарымыздың бар екені бізді қуантпай қоймас. Қарағанды облысының тұрғыны өзінің ескі Мерседесінен аты аңызға айналған «Ролс-Ройсты» құрастырып алған болатын.
Шахтинск қаласының 26 жасар тұрғыны Руслан Мұқанов «Ролс-Ройс» көлігі жайлы армандайтын. 500 мың АҚШ доллары тұратын темір тұлпар нағыз қиялға айналды. Мұндай көлемде қаражат жинап, арманындағы көлікті меншікке сатып алу қарапайым жігіт үшін мүмкін емес еді. Сосын Руслан мұндай көлік­тің құрылысын өз қолына алып, қиын істі бастап кетеді. «Көз – қорқақ, қол – батыр». Руслан «Ролс-­Ройсты» бір рет қана көрген болатын. Алма­ты­дағы «Ролс-Ройс» көліктерін сататын орталыққа келген Руслан қымбат темір тұлпарды бір көріп алып зерттей бастағанда, оның өзінің 1986 жылғы «Мерседесімен» ұқсас­тығын байқайды.
Руслан Мұқа­нов: «Мен W124 шана­ғын­дағы «Мерседестің» су­ре­тін көрдім де, үстінен «Ролс-Ройсты» кескіндегенмін. Бар­лық сы­зықтар сәй­кес келді», – дейді.


Руслан өзінің арманын жүзеге асыру үшін үш ай бойы бел жазбай еңбектеніп, 5000 АҚШ долларын жұмсаған болатын. Барлық жетіс­пеген бөлшектерді өз қолымен жасаған автошебер британдық көлікті ерекше ететін элемент жайлы да ұмыт­паған. Оның көлі­гінің есіктері жү­ріс­ке қара­ма-қар­сы ашы­ла­ды.
«Мен капотыма «Ролс-Ройстың» таң­ба­сын орнатқым келмейді, бұл жақта бүркіт тұрады. Бұл шынайы «Ролс-Ройс» емес қой, бұл қазақ­стандық «Ролс-Ройс», – дейді шебер.
Жол полициясы басқармасына есік топсалары күмән тудырғанымен, машина тіркеуден өтіп, Қазақстанның кез келген көшелерінде жүре алады. Жүріс бөлігіне еш өзгертулер енгізілмегендіктен, көліктің техникалық жағы өзгермеді. Руслан көліктің құрылысына ақша­ны аямады. Жол бо­йында кетіп бара жатқан «Ролс-Ройсты» байқаған жолаушылар жалт қарап, таңдайларын қаққанда қаражатты ойла­майсың да.
Еркебұлан ҚАЙРАХАН


Автокеңес


35 жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісі Мәмбет Кәленовтің ақыл-кеңесі
Жолда келе жатқанда доңғалақтың камерасы тесіліп, далада қалатын жағдай жиі кездесіп тұрады. Кей кезде көлікте қосалқы доңғалақ болмай жатады. Қырсыққанда қобдишадағы желім де қатып қалады немесе мүлдем болмай шығады. Мұндай жағдайда қалтадағы ақшаның көмегі тиеді. Әрине, ақша қандай жағдайдан да шығуға көмектеседі ғой. Бірақ бұл жерде қағаз ақша емес, тек күміс тиынның көмегі зор. Камераның тесігін тауып алған соң тиынды майыстырып, камераның тесігін қысып тастап, жақын маңдағы доңғалақ жөндеу пунктіне жетуге болады.
***
Қала көшелерімен келе жатқанда тежегіш туралы белгі беретін «стоп» сигналы жанбай қалғанын білдіңіз делік. Онсыз да жүруге болады. Бірақ артыңызда келе жатқан көлік сіздің тоқтайтыныңызды білмей, артыңыз­дан соғуы мүмкін. Сондықтан жол апаты қаупін тудырмау үшін тоқтап, ақауды жөндеп алғаныңыз жөн. Бұл көп жағдайда сақтандыр­ғыштың (предохранитель) күйіп кетуінен болады. Кейбір шетелдік көліктерде оң және сол жақ шамдар үшін екі сақтандырғыш жауапты, яғни оң және сол жақ сақтандырғыштар болып бөлі­неді. Соған назар аударған жөн. «Стоп» сигналының істеп немесе істемей тұрғанын көлік от алған соң ғана тексеруге болатынын ұмытпаңыз. Әдетте сақтан­дырғыш­тар еш себепсіз де күйіп кетеді. Сондықтан себебін іздеп көп бас қатырмай-ақ қойыңыз.
***
Таңертең тұрып көлігіңізге барсаңыз, ол от алмайды делік. Сіз түнде жаңбыр жауғанын немесе тұман болға­нын ұмытып кетпеңіз. Ылғалды ауадан кейін кейбір көліктерде осындай «сырқаттар» болып тұрады. Егер стартер істеп тұрса, мәселе от алдыру білтесіне (свеча) қатысты деген сөз. Бұл жағдайда от алдыру білтесінің екеуін ауыстырсаңыз болғаны, көлік бірден от алады.


Беттің автомеханигі Дархан Бейсенбекұлы, beisenbekuly@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста