Алаш АЙМАҚ
Алтын адам табылған алғашқы аймақ
Алматы облысының Есік қаласы Алтын адам табылған аймақ ретінде күллі әлемге танылған. 1970 жылы қаланың солтүстігіндегі өзі аттас өзеннің жағалауынан алтын киімді сақ жауынгерінің моласы табылғанда қазақ жері ғана емес, күллі әлем бір елең еткен еді.
Белгілі ғалым Кемел Ақышев жетекшілік еткен археологиялық топтың бұл тарихи табысы темір дәуірінің ескерткіші саналады. Бұл ескерткіш Жетісу жерін мекендеген сақтар мемлекетінің өркениеттің биік шыңына көтерілгенін айғақтап тұр. Алтын адамның киіміндегі алтын әшекейлердің саны 4 мыңға жуық. Табылған мүрдені зерттеушілер сақ ханзадасы немесе әскербасы деп топшылайды.Алтын адам бейнесі бүгінде ел тәуелсіздігін танытатын басты белгілердің біріне айналды.
Есік маңындағы ерте заманнан жеткен көптеген оба-қорымдар бұл аймақтың «Сақтар астанасы» деп бағалануына ықпал етті.
«Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы аясында 2010 жылы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы құрылды. Бұл рухани-мәдени жаңалықтардың барлығы да өңірде болашақта тарихи-танымдық туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді.
Тақырыпты Алтын адам табылған алғашқы аймақ деуіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені мұндай алтынмен апталған адам кейіннен еліміздің басқа өңірлерінен де табыла бастады. Десек те, әлемдік тарихқа үлкен жаңалық әкелудің басы Есіктен басталғаны – шындық.
ұлттық өнер
Құсбегілік өнерді құрмет тұтқан
Құсбегілік өнер, саятшылық дегенде алдымен Алматы облысының Нұра ауылы ойға оралады. Жыл сайын республикалық деңгейде өтетін «Сонар» байқауының дәл осы елді мекенде ұйымдастырылуы тегін емес. Себебі осы бекзат өнердің қыр-сырына қанық, бүркіт баптап, тазы жүгіртіп, саятшылықты көненің көзіндей сақтап отырған екі ауыл болса, соның бірі – осы Нұра.
Жалпы, ата-бабаларымыз қыран бүркітті еркіндіктің, өр рухтың символы ретінде таныған. Еркін елдің аспанында қалықтаған қыранның республикамыздың мемлекеттік туында көрініс табуы сонының бір белгісі болса керек.
Тарихи деректер адамзаттың бүркітті қолға үйретуінің 3 мың жылдық тарихы бар екенін алға тартады. Өзге де түркі халықтары секілді қазақтың да ықылым заманнан құсбегілік табиғатына жақын, болмысына бөтен емес.
Жетісудан шыққан әйгілі құсбегісі Жалайыр Шораны барлық бүркітшілер өздеріне пір тұтады. Жалайыр Шора құстың тілін білген деседі. Қыран құс «Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора қағады» деп зарлаған екен дейді ел аузындағы аңыздар.
Қазір Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылында «Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебі» бар. Оның негізін қалаған белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы мен бірқатар білікті бүркітшілер.Және республикалық құсбегілер мұражайы жұмыс істейді. Жылдар бойы құсбегіліктің алтын арқауын үзбей келе жатқан құт мекендегі бұл мұражайды Исабековтер отбасы еңбектене жүріп, тірнектеп жинап тегін ұйымдастырған.Мұражай алғаш ашылған кезде небары 500 жәдігер болса, қазір оның саны мыңдап саналады. Бұл мектеп пен мұражай талай шетелдіктің қазақтың саят өнеріне тамсанып кетуіне себепкер болса, өзіміз үшін көне дәстүрді танып-білудің, үйреніп-меңгерудің бір жолы.
Исабековтердің айтуынша, олар – Жалайыр Шораның ұрпақтары.Ата жолын қуған ұлдар баптаған қырандар республикамызбен қатар шетелдерде де өз өнерлерін паш еткен.
Бұрнағы жылдарда Парижде өткен жарыста 30 мың адамның алдында үздік өнер көрсетіп, еуропалықтарды тәнті етіп қайтыпты.
Бір ғана Нұра ауылының өзінде 20-дан астам бүркітші бар. Олар тазы иттерді баптауда да ерекше еңбек сіңіріп жүр.
Жалпы ұлттық құндылығымыз саналатын саятшылықты дамыту мен насихаттаудың түп-негізін, яғни базасын қалыптастырып отырған Нұра ауылын этнографиялық ауыл етіп құру туралы саят өнері жанашырларының бастамасы қолдау тапса нұр үстіне нұр болар еді.
жер жаннаты
Жетісу жауһарлары
ҮШҚОҢЫР – Іле Алатауы сілемдерінің батыс бөлігіндегі тау бөктері, Іле Алатауы жауһарының бірі деуге болады. Ол шөгіп жатқан үш нардың өркешіне ұқсайды. Қыс бойы түскен қар ұзаққа дейін еріп үлгермей, қоңырқай тартып жатады. Тек жаздың ортасына қарай ғана төбелер көрінеді.
Үшқоңыр – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған жері. Ресми деректерге сүйенсек, мұнда Назарбай Сапақовтың атақонысы болған, онда Нұрсұлтан Назарбаев алты жасқа дейін тұрған.
Атақты жайлау туралы заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Үшқоңыр жайлауында» дейтін очеркі де бар.
ШАРЫН ШАТҚАЛЫ – Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарында орналасқан Шарын мемлекеттік паркінің аумағында жатқан түзілісі ерекше табиғат тамашасы.
Мұндай шатқал әлемде екі-ақ жерде кездеседі. Оның үлкені Солтүстік Американың Колорадо аймағында болса, еліміздегі Шарын шатқалы оның кіші бауыры деп те айтылады. Оның «қызғылт қамалдар» деген атауы тағы бар.
Шарын шатқалының тарихын сонау Тас дәуірінен тарқататын ғалымдардың пікіріне сүйенсек, шатқалдардың мұндай таңғаларлық табиғат туындысы кейпіне енуіне оны қақ жара батыстан шығысқа қарай ағып жатқан Шарын өзені әсер еткен-ді. Шатқалдың өзен суының миллиондаған жылдар бойы жуып-шаюынан, желдің ықпалынан пайда болған кескін-келбеті ертегідегі қамалдарды, ұлы қорғандарды еске салады.
Табиғаттың қайталанбас ерекше сәулеттік туындысын миллиондаған жылдардың қалдырған қолтаңбасы деуге болады.
АЛАКӨЛ – Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының шектескен тұсында, Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының арасында жатқан тұзды көл.
Балыққа бай бұл судың әсіресе емдік қасиеті ерекше. Су тұзды болғандықтан және құрамында йод, хлорлы натрий секілді пайдалы заттардың болуының емдік қасиеті зор. Ел аузында жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан да, жоңғарлармен шайқасқан Қабанбай батыр да жараланған жасақтарын осы суға түсіріп емдеген деген аңыз айтылады. Тіпті кеңес заманында ғарышқа ұшып келген ғарышкерлерді де бірден осы көлге әкеліп демалдыратын болған екен. Алакөл суының түрлі тері ауруларына дауа, дене жарақаттарынан тез айығуына сеп болатынына куә болып жүрміз.
Мұнда шипалы судан басқа күкіртті-сутекті балшықтар, минерал тұздар бар. Алакөлдің осы қасиетінің тері, буын, жүйке, құяң және басқа да көптеген сырқат түріне таптырмайтын шипа, тиімді ем болатыны дәлелденген.
Саңлақ спортшылар
Толағай қыздар толағай табыс әкелді
2012 жылы Лондонда өткен XXX жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы жеті алтын медальға ие болып, еліміздің абыройын аспандатқаны күні кешегідей есімізде. Сол жеті алтынның үшеуі – Алматы облысының зілтеміршілерінің үлесінде. Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова – үш алтын қызымыздың атын қалай-қалай ардақтасақ та артық емес.
2008 жылдан ауыр атлетикадан ҚР Ұлттық құрама командасының құрамында жүрген Зүлфия Олимпиада ойындарында 53 кг дәрежесінде қос сайыстан 229 кг көрсеткішпен чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты.
Алматы облысының тағы бір спортшысы, зілтемірші Майя Манеза 63 кг салмақ дәрежесінде тамаша өнер көрсетіп, жұлқа көтеруде 110 кг, серпе көтеруде 135 кг салмақты бағындырды. Сөйтіп, Майя Қазақстан қоржынына үшінші алтынды салып берді. Қазір спортшы шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкеліп, ана атанып отыр.
Светлана Подобедованың да Лондондағы ерлігі әлі есімізде. Жарыстың соңғы сәттеріне дейін жеңіс үшін табандылықпен тер төккен Света бірінші тұғырға көтеріліп, еліміздің Әнұраны шырқалғанда тебіренбеген жан жоқ шығар. Бүгінде Светлананың жеке өмірінде де елеулі жаңалықтар бар. Ауыр атлетші Владимир Седовпен шаңырақ көтерген батыр қызға жетісулықтар ғана емес, күллі жұртшылық бақыт тіледі.
Жас футболшы-жасыл алаңда
Алматы облысының Бақтыбай ауылының тумасы Рауан Сариев мемлекеттік бағдарламамен Бразилияда төрт жыл бойы футбол ойынының қыр-сырына қаныққан болатын. Сол елдегі атақты «Атлетико Минейро» командасымен келісімшартқа отырып, клуб ойыншысы атанғанда қазақ біткен баскиімін аспанға атып, қуанған.
Қуанбай қайтсін, қазақ баласы Бразилия секілді теңбіл доп ойынының жілігін шағып, майын ішкен елдің клубында өнер көрсетіп жатса... Мұнан кейін Рауанның футболдағы карьерасы «Ботафого» клубында жалғасты. Ал биылғы жылдан бастап Рауан өзіміздің «Қайрат» командасының сапында ойнайтын болды. Ел чемпионатының алдында ақпарат құралдары футболшының «Қайратпен» үш жылдық келісімшартқа отырғанын сүйіншілеп жарыса жазды.
Рауан Сариевтей жас спортшылардың жасыл алаңда жасындай жарқылдауы футболға ұлттық кадрлардың келу кезеңінің бастамасы деп білеміз.
Өр тұлғалар
Сүйінбай Аронұлы
Жыр сүлейі Сүйінбай XIX ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі атанған. Өзінің ақындық мектебін қалыптастырған Сүйінбайды Жамбыл, Майкөт, Кенен, Үмбетәлі және басқа да бірқатар ақындар ұстаз тұтқан.
Оның эпикалық толғаулары арқылы тарихта болған Сұраншы, Саурық батырлардың бейнесі жасалды.
Ілияс Жансүгіров
Жыр дүлдүлі атанған Ілияс Жансүгіров әдебиетте поэтикалық қуаты жойқын, көркемдік шыңын бағындырған ұлы суреткер ретінде өз бағасын алды. Ол – әдебиеттің барлық жанрларында қалам тартып, қолтаңбасын қалдырған дара дарын. Кең тынысты поэмалар жазып, драма, проза жанрларында тамаша туындылар қалдырып, журналистика саласында айтулы еңбек етті және сатирик, фельетоншы ретінде де танылды. Әдебиет сыны, аударма саласындағы еңбегі де елеулі.
«Жетісу суреттері», «Жер түгі» деп аталатын небәрі 54 жолдық өлеңінде 30 түрлі ағаш пен 60-қа жуық шөптің атауларын келтіреді. Ілияс – Жетісудың жан-жануар, жәндігін, өзен-суы мен тау-тасының атын атап, түсін түстеп, түгендеп берген нағыз патриот ақын.
Мұхаметжан Тынышпаев
Қазақтың тұңғыш теміржол инженері және көрнекті қоғам қайраткері ретінде Мұхаметжан Тынышпаевтың есімі жалпақ жұртқа таныс. Ол –Петербордағы қатынас жолдары институтын бітірген қазақтан шыққан алғашқы теміржол инженері. Ресейдің екінші мемлекеттік думасының депутаты болып сайланған. Түркістан-Сібір теміржолының қазақ жері арқылы салынуына және шойын жолдың қазақтың құмды өңірін басып өтуіне түрткі болып, жүзеге асырған. Түрксіб теміржолының жазы аптап, қысы аязды, құмды өлкені қиып өтуінің астарында теміржол мұндағы жергілікті халықтың күнкөрісіне демеу болса, тіршілігін түзеуге септессе деген тілеуқорлық ниет жатқан болатын. Расында, халық бүгінде оның игілігін көріп отыр.
Не, қайда, қашан?
Қару қайда жасалды?
Аты әлемге тараған Калашников автоматының алғашқы нұсқасы Алматы облысының Матай стансысында жасалғанын екінің бірі біле бермейді.
Ұлы Отан соғысынан туған топырағы – Матайға жаралы боп оралған Михаил Калашников кейін естеліктерінде майдан даласындағы қару-жарақтың аздығы, дұшпан қаруының жанында осалдығы қатты қынжылтып, талайға дейін ойынан кетпей жүргенін айтады. Мықты бір қару ойлап тапсам деген арман маза бермеген конструктордың мақсатына қол жеткізуіне Матайдағы темiржол депосында iстейтiн дос-жарандарының сенімі көп көмектеседі. Соғыстан қирап келген паравоздарды жөндей жүріп, алғашқы мылтықты дүниеге әкеледi. Ол нұсқа автомат болмаса да,қарпайым пулемет-тапанша еді. Соның өзін жасауға екі айдай уақыт кетіпті.
Бірақ сол қарапайым тапанша бүгінде әлемнің 60-қа жуық елінде қолданылып жүрген, отқа жанбайтын, суға батпайтын кейінгі АК-47 деп аталатын автоматтың негізін қалаған қару-тын.
Кейіннен конструктор Калашников Алматыдағы Мәскеу әуе жолдары институтының жанындағы шеберханада автоматтың үлгiсiн жасап шығарған.
Бетті дайындаған Сағыныш Намазшамова, ccnccr@mail.ru, ұялы телефоны: 87014076874