Сыр – Алаштың анасы
Елбасымыз Қызылордаға келген бір сапарында «Сыр – Алаштың анасы» деп ағынан жарылған еді. Бұл тәмсіл тектен-текке айтыла қойған жоқ. Оның астарында үлкен мән бар. Ежелгі түркі тілінде «Алаш» сөзі бауыр, қандас, туыс дегенді білдіреді екен. Сол бір кезеңде түбі бір түркілер іргесін бөле қоймаған шақ еді. Қазақ жұрты өз алдына хандық құрғанға дейін түркі халықтары «Алты Алаш» атанды.
«Алаш» сөзінің Сыр бойына қатысы қандай дегенге тоқтала кетелік. Тарихта Алаша ханның аты жиі айтылады. «Алаш» атауының шығуына сол ханның есімі түрткі болған» деседі көнекөздер. Қалың қазақ жаугершілік заманда ту еткен ұранда «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деп айтылатын жолдар да бар. Төл тарихтың қалың қатпарынан сыр шерткен «Қорқыт» дастанында ол жайында сөз етіледі. Бұл шығарма ІХ ғасырда дүниеге келгенін ескерсек, түркі жұртының ортақ атауы болған ұғымның ертеде пайда болғанын аңғару қиын емес. Бәрімізге белгілі Әбілғазы шежіресінде Алаша хан аттың құлағында ойнаған жауынгер, көшпелі түркінің басын қосып, тұңғыш Алаш мемлекетін құрған ұлы қайраткер деп бейнеленеді. Оның немересі Оғыз хан оғыздардың түп атасы саналады. Сыр өңірінің қазіргі Қазалы аумағында орын тепкен Жанкент қаласы ұзақ жылдар бойы оғыз мемлекетінің бас ордасы болды. Ендеше, алғаш рет «Алаш» ұғымы дария бойында дүниеге келген деуге толық негіз бар.
Сыр өңірін үш астана тоғысқан киелі мекен деп бағалай аламыз. Оғыздарға ортақ болған Жанкенттен өзге, ХIV ғасырда Сығанақ шаһары Ақ орданың астанасы атанды. 1925 жылы сол кезде Ақмешіт атанған қалада бүкіл Қазақстан еңбекшілері бас қосты. Онда Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылып, бұрын «қырғыз» деп атанған атау енді «қазақ» сөзіне өзгертілді. Осылайша, тарихтың жаңа беттері жазыла бастады. Қызылорда төрт жылдан астам уақыт бойы қазақ жұртының бас қаласы болды.
Тарихшылар «облыс аумағында мыңға тарта талай көне қала мен ескі ескерткіштің орны бар» дейді. Расында да, әрбір төбенің сырына үңілсеңіз, тарихтың талай құпиясының кілті табыла кетеді. Алты Алаштың түлеген топырағы қазір де қалың қазақтың бүйрегі бұрып тұратын қарашаңырақ іспеттес.
Облыс анықтамасы
Қызылорда облысы 1938 жылдың 15 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан бөлініп шықты. Орталығы – Қызылорда қаласы.
Солтүстігінде – Қарағанды, батысында – Ақтөбе, шығысында – Оңтүстік Қазақстан, оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі.
Қазіргі таңда облыста 705 484 мың адам тұрады. Адам саны жөнінен елімізде 11-орында тұр.
Облыс халқының 95,6 пайызын қазақтар құрайды. Одан бөлек орыстар, кәрістер, өзбектер мен татарлар да бар бұл облыста
Әрбір шаршы шақырымға 2,8 адамнан келеді. Осының нәтижесінде Қазақстан бойынша 12-орынды еншілейді.
Жер аумағы еліміздің 8,3 пайызын алып, 4-орынды құрайды.
Қызылорда облысы – жер қойнауындағы қазбаларға бай өлке. Бұл аймақ түсті металл жөнінен 3-орын алса, отандық ас тұзының 60, мұнай мен газ конденсатының 21,4, мырыштың 15,1, уранның 14 пайызы осы топырақта жатыр.
Өндірісі өрлеген өңір
Соңғы кезеңде Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық өмірінде өрелі өзгеріс байқалады. Ұзақ жылдар бойы түйткілді мәселе болған жайлардың түйіні тарқатыла бастағандай. Өндіріс саласы өрістеп, ауқымды жобалар жүзеге аса бастады. Осының нәтижесінде халықтың әлеуметтік ахуалы жақсарды. Үстіміздегі жылдың алғашқы айындағы көрсеткіш көкейге осындай ойларды қонақтатады.
Жартыжылдықта облыстың өнеркәсіп ошақтары былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,4 пайызға артық өнім өндіріп, оның көлемі 529,2 млрд теңгені құрады. Мұның тау-кен өнеркәсібіндегі өсімнің нәтижесінде көрініс беріп отырған жайы бар. Аталмыш салада металл рудаларын өндіру мен осы жұмыстарға көрсетілген техникалық қызметтер бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған. Шикі мұнай өндіру көлемі артса, өңдеу өнеркәсібінде де өзгеше үрдіс жасалуда.
Үстіміздегі жылы еліміздің Индустрияландыру картасы бойынша облыста төрт жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Олардың жалпы құны 710 млн теңгеге жуық. Қазірге дейін «Тыңайтқыш сығындысын өндіру және жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру» жобасы тұсауын кесіп үлгерді. Осының арқасында жылына қажетті тыңайтқыш өндіріліп, өз тұтынушыларына жол тартады. Ал биылғы жылдың екінші бөлігінде «Қорқыт ата» зиярат етушілер орталығы» кешенінің құрылысы, Құрама жем шығару өндірісін ұйымдастыру секілді жобалар елдің игілігіне айналады.
Сыр өңірінің агроөнеркәсіп кешенінде де ауқымды істер бар. Үстіміздегі жылы жергілікті диқандар 161 мың гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Мал басының өсуі де байқалады. Биыл фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыру бағыты бойынша 1255 мүйізді ірі қара сатып алынды.
Аймақтың әлеуметтік саласында атқарылған көптеген іс халықты көзайым етті. Алғашқы жартыжылдықта республикалық және жергілікті бюджет есебінен 43 білім беру нысанының құрылысы жүргізілді. Денсаулық сақтауда да өміршең өзгерістер болып, қазына қазанынан бөлінген қаржымен сегіз нысан елдің игілігіне айналды.
Иіні мықты Илья
Бүгінге дейін Қазақстанда спорттың кез келген түрінен әлем біріншілігінің үш дүркін алтынын жеңіп алған саңлақтар санаулы. Оған қоса Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған Илья Ильинді қазір біз түгіл, әлем жұртшылығы жақсы таниды.
Жанкүйер Ильяны алтынға бағаланған ұлан деп бағалайды. Сыр саңлағы осы күнге дейін қаншама алқалы аламанға қатысты. Оның ешқайсысында чемпион тұғырынан төмен түсіп көрген жоқ. Ағылшын жерінде алауы жағылатын биылғы жазғы Олимпиадада ол бас жүлдеден басты үміткерлердің бірі саналады. Айтпақшы, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының негізін қызылордалықтар құрап отырғанын айтпай кетуге болмас. Сынға түсетін сегіз саңлақтың үшеуі осы жердің топырағында дүниеге келген. Атап айтқанда, Ильядан өзге Алмас Өтешев пен соңғы сәтте құрама қатарын толықтырған Александр Зайчиков те – осы өңірдің төл тумалары. Сондай-ақ Сыр бойынан еркін күрес шебері Дәулет Ниязбеков пен жеңіл атлетикадан Виктор Лептиков Тұманды Альбионды бетке алды.
1989 жылы велотректен әлем чемпионы атанған белгілі шабандоз Марат Сатыбалдиев есімін жерлестері ерекше мақтанышпен еске алады. Айтпақшы, гандболдан қыздар арасындағы ұлттық құраманың басым бөлігін қызылордалық бойжеткендер құрайды. Қысқасы, үлкен шаһарлардан шеткері жатса да, Сыр өңірі талай талантты түлекті тәрбиелеуде өзгеше өнеге көрсеткен өңір саналып отыр.
Жер кіндігі – Байқоңыр
Көшпенділер көне кезеңнен он сегіз мың ғаламның құпиясын өз түйсігімен тарқата білді. Ежелгі өмірде аспан әлеміне зер салған ата-бабалар бізге түрлі ұғымдарды қалдырып кетті. Қазір елдің арасында айтылатын «жер кіндігі» деген тіркес сол бір кезеңде-ақ айтылып қойған.
Өлімнен қашқан Қорқыт бабамыз дарияның Қармақшы ауданындағы тұсына келгенде «жердің ортасы Сырдың жағасы екен» деп айтқан екен. Өзінің мәңгілік дамыл тапқан мекені де осы маңда жатыр. Алаш жұртының абызы сол сөзін неге сүйеніп айтты екен? Бізге жұмбақ жорамалдардың бірі осы болып қалды.
Қармақшы жерінің қақ ортасында қаншама ғасырдан кейін жер шарында зеңгір көкке зымыранды тұңғыш самғатқан Байқоңыр ғарыш айлағы қоныс тепкен. Ғалымдар бұл мекенді неліктен таңдады? Олар Қорқыт ата айтқан сол бір сөзден хабардар болды ма екен? Ол жағын тағы да біле алмадық. Белгілісі, жер жүзіндегі ең алғашқы ғарыш айлағы қазақ топырағында, оның ішінде Сыр бойында іргесін қалап, зеңгір көкке сапар шекті.
Ғарыш айлағы 1991 жылы Қазақстанның иелігіне өтіп, 1993 жылы Ресей Федерациясына ұзақ жылдарға жалға берілді. Байқоңырдан бүгінге дейін қаншама ғарышкер көкке көтерілді. Олардың арасында қазақтың қос баласы Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев бар.
Сүлейлер мекені
Алыс-жақындағы ағайын бұл өңірге «Сыр елі – жыр елі» деп баға береді. Расында да, киелі мекенде көмейінен жыр төгілген сүлейлер өмірге келген. Атадан балаға аманат болған айтулы өнер әлі күнге дейін өз дәстүрін жоғалта қойған жоқ.
Дария бойында дүйім жұртты дүр сілкіндірген дарабоз талай марқасқа ғұмыр кешті. Көне кезеңнен бұл қасиетті өлкеде көптеген сал-сері, әнші-күйші, жыраулар елдің арасында өз өнерін паш етіп, жұрттың жылы ықыласына ие болды. Сыр бойындағы жыраулық дәстүр түбі бір түркі жұртының ұлы бабасы – Қорқыттан бастау алады. Одан кейінгі кезеңде Тұрмағамбет, Жиенбай жырау, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары сынды сүлейлер өз туындыларымен өнер сүйген елдің алғысына бөленді. Бұл үрдісті беріректе Сәрсенбай жырау, Шамшат Төлепова, Көшеней Рүстембеков, Алмас Алматовтар лайықты жалғастырды. Қазір де олардың ізін басқан жас өнерпаздар көне жыраулық дәстүрді дәріптеп келеді. Сазсырнайымен әнді әуелете білген Нартай Бекежановты кім білмейді?!
Сыр топырағы өнер әлемінде талай талантты түлетті. Олардың арасында көмейіне бұлбұл ұялаған жезтаңдай әншіміз Роза Бағланованың шоқтығы биік. Ән әлемінің «Ақбаяны» атанған Мәдина Ерәлиеваның осы өңірде кіндік қаны тамған. Талай туындысымен көпшілік көңілін жаулай алған Кеңес Дүйсекеев, Төлепберген Әбдірашев сынды сазгерлер де – тарихы тереңнен тартқан қасиетті жердің төл перзенттері. Мұндай дарынды дарабоздар Сыр жерінде көп-ақ.
Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (9.07.1882 – 15.05.1939) – ақын, тәржімашы. 1936 жылы Фердоусидің 40 мың жолдық «Шаһнамасына» қазақ тілінде еркін аударма жасады.
Роза Бағланова (01.01. 1922 – 8.02.2011) – әнші, КСРО (1967) және Қазақстанның (1955) Халық артисі, Халық қаһарманы (1996).
Ақ күріші жайқалған
Сырт адам Сырды ақ күріштің отаны деп санайды. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан дария бойындағы диқандар аталмыш дақылдан несібе теріп келеді. Жанымызға жақын «Сыр сұлуы» әнінде «Жайқалған ақ күріші жаралған шаттық үшін» деп айтылуы осыдан болса керек-ті.
Көне шежіре беттерінде өзге де деректер тілге тиек етіліп жүр. Ұлы Жібек жолы осы өлкені де басып өткен. Сонда алыс-беріс жасаған және жиһанкез адамдар бұл өңірде де бидай және күріш секілді дақылдарды өсіруде егіншілік кәсібі кеңінен дамығанын айтады. Бұған нақты дәлелді Отырар, Сығанақ, Сауран және өзге де ескі шаһарларды зерттеген археолог мамандар тапты. Олар өз еңбектерінде дария бойында бұрыннан диқандықпен айналысқанын айтады.
Бүгінгі таңда қызылордалық егіншілер жылына орта есеппен 300 мың тоннадан астам өнімді қамбаға жинап келеді. Еліміз бойынша күріш өндірісінің 90 пайыздан астамы Сыр өңіріне тиесілі. Еңбекші қауым өнімдерін өз елімізбен қатар, Ресей, Иран, Украина секілді мемлекеттердің тұтынушыларына да жөнелтуде. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев Сыр жерінде дүниежүзілік рекордты өмірге алып келді. Ал оның шәкірті – Жалағаш ауданының тумасы Кенішбай Алшоразов арнайы шақыртумен Куба еліне барып, бірнеше жыл бойы ондағы халықты күріш егудің қыр-сырына қанықтырып қайтты.
Бас күрішші:
Ыбырай Жақаев (1891-19.9.1981) – әйгілі күріш өсіруші. Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Қызыл Ту (қазіргі Ы.Жақаев атындағы елді мекен) кеңшарының звено жетекшісі болған. 1947 жылы өзіне қарасты тәжірибе телімнің әр гектарынан 171 центнерге дейін өнім алып, әлем жұртшылығын таңғалдырды.
Аралдың ажары кіріп келеді
Сыр дегенде көз алдыңа Арал теңізі келеді. Бүгінде жүрегі жаралы су айдынының ажарлы да базарлы шағы әлі күнге дейін әлеуметтің көз алдынан жоғала қойған жоқ. ХХ ғасырдың басында Арал әлемдегі теңіздер арасында аумағы жөнінен төртінші орын алған екен.
Беріде бәрі басқаша құбылып сала берді. Теңіз суы тартылды. Елдің көз алдында аңқасы кепкен айдынға айналып жүре бергені қалың қарашаның жүрегін ауыртты. Аралдың қос бұрымы – Әму мен Сырдан теңізге құйылатын су мөлшері мүлдем азайып кетті. Тіпті соңғы кезеңде Әмуден тамшы су да тамбайтын болды. Сылаң қаққан Сырдария да бұрынғыдай емес, су мөлшерін азайтты.
Елбасымыз Арал проблемасына тікелей назар аударып, теңіздің қазақстандық бөлігін сақтап қалу бағытында нақты шараларды қолға алды. Осының арқасында әлемдегі теңдессіз жоба өмірге келді. Соңғы жылдары «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жобасы» өмірге келіп, қазірге дейін аталмыш бағдарламаның алғашқы кезеңі мәресіне жетті. Шынында да, ел күткендей нәтиже байқала бастады. Арнасы тартылған Арал қайтадан бұрынғы жағалауына жақындап келеді. Қазір теңіз суы Арал қаласына қол бұлғайтын жерге дейін келіп қалғанын жергілікті жұрт үлкен қуанышпен сүйінші сұрап айтып жүр. Алдағы уақытта су айдынының тіршілік ауанын баяғы қалпына келтірмесе де, жағасындағы жұртты байырғы балықшы кәсібіне қайта оралтатын ауқымды істер атқарылмақ. Теңіз табанынан су кетсе де, ертеңіне үмітпен қараған қарапайым халық алдағы уақытта бұдан да жарқын істердің қолға алынарына зор сеніммен көз салады.
Теңіз бүккен сыр
ХХІ ғасырдың басында теңіздің тартылған табанынан археологтер екі қоныс пен кесенелер қалдықтарын тапты. Оған тарихшылар Кердері кесенесі деп атау берді. Бұл «теңіз қаншама ғасыр бойы өздігінен тартылып, қайта толып отырады» деген жорамалдың ұштығын шығарып отыр.
Тұғыры биік тұлғалар:
Қорқыт Ата – түркі халқына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы. Ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан айтулы бақсы, абыз деп сипатталса, қобыз музыкалық аспабын өмірге алып келген деп бағаланады.
Жалаңтөс би Сейітқұлұлы (1576-1656) – қазақ батыры, қолбасшы. Сырдарияның жағалауын мекен еткен Төртқара елінде туған. Көбінесе ел арасында Жалаңтөс баһадүр деп айтылады. Ұзақ жылдар Самарқанның әмірі болған.
Мұстафа Шоқай (25.12.1890 – 27.12.1941) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі әрі идеологы.
Ғани Мұратбаев (3.06.1902 – 15.04. 1925) – Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі.
Бетті дайындаған: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда e-mail: adilzhan.umbet.76@mail.ru. Тел: 87777054466.