Алаш Аймақ

Өр Алтайдың төріне шығуды кім армандайды?!

Абай ОМАРОВ (коллаж)
Шығыс Қазақстан – елімізде туризмді дамытуға мүмкіндігі мол өңірлердің бірі. Ұлан-ғайыр таңға­жа­йып табиғаты, әртүрлі климаттық белдеулері, баға жетпес мәдени-тарихи ескерткіштері туристер­дің елімізге, жерімізге деген ынтасын арттыра түсуде.
Өзен-көлдердегі балықтардың, орман-тоғайлардағы аң-құс­тар­дың көптігі, емдеу-сауықтыру орын­дары Кенді Алтайдың көркіне көз тоймайтын табиғатын тамаша­лап, демалуға тек Қазақстаннан емес, ТМД елдерінен, алыс шет­ел­дерден келген көптеген туристерге жақ­сы әсер қалдыруда. Сондай-ақ олар халқымыздың салт-дәстүрі­мен де кеңірек танысуға құлшыныс біл­діруде.
Қазіргі кезде туристердің ба­сым бөлігі өзен-көлдердің жа­ғалауында демалуды қалайды. Осыған орай, Алакөл, Дубығалы, Марқакөл, Сібе көлдері, Ертіс өзе­ні, Бұқтырма су қой­масының жа­ға­лауы жаз айла­рын­да турис­тер­ден арылмайды.
Облысымыздың өңірлерінде рес­­публикалық маңызы бар ерек­ше қорғауға алынған 14 табиғи ай­мақ, белсенді 66 туристік маршруты бар.

Керек дерек
Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамытуға, туристер санын арттыруға, жаңа технологиялар енгізуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, қызмет түрлерін кеңейтуге бағытталған үш жоба Үкімет қаулысымен бекітілді. Қазақстан Республи­касы туристік индустриясының перспективалық бағыттарын дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдар­ламасына енгізілді.

Салт атты туризм бағдарлары орман және тау соқпақтары мен да­ла­лар, өзендер мен көлдердің жа­ға­лары арқылы өтеді. «Алтай соқ­па­қтары» бойынша 123 шақы­рым­ды салт атпен жеті күнде жүріп өтуге болады. Бұл маршрут «Рахман қайнары» шипажайынан басталып, керемет табиғатымен ерекшелене­тін Берел мұздағын Көккөлді қам­ти­ды. Сондай-ақ су туризмі бойын­ша Ақ Берел, Кіші Үлбі, Ұба өзен­­дерінің ағысымен қайықпен, сал­мен серуендеуді ұнататын, қы­зық­ты оқиғаларды басынан кешкісі ке­летін туристер де жылдан-жылға кө­бейе түсуде.
Облыстың тарихымен, табиға­тымен танысамын деуші туристер жаяу және тау шаңғысы жолымен, велосипед, мотоциклмен сол сияқты, бүркітпен аң аулау, балық аулау арқылы таныса алады. Алтай жері жарқыраған тау шыңдарын қы­зықтап, күркіреген сарқырама­лар­дың мұзды лебімен тыныстауға, Альпі көгалдарының жасыл алқабы мен сұлу маралдарды тамашалауға, көне кен орындарын аралауға ша­қырады. Адам аяғы баспаған таби­ғаттың сұлулығы сізге ұмытылмас сезімдер сыйлайды!
«Қызыл кітапқа» енген қар барысы да Шығыста
Шығыс Қазақстанның әсем табиғаты таңдай қаққызады. Оның өзендері мен шалқар көлдері, асқар таулары мен жазира даласы тұнып тұрған сұлулық дерсің. Мұнда елімізде ғана емес, әлемде сирек кездесетін жануарлар түрлері мекен етеді.


Солардың бірі – еліміз­дің символына айналған қар барысы. Қар барысы — әлі толық зерттел­меген, сы­ры жұмбақ аң. Ол Тарба­ға­тай тауларында, Күр­шім жо­та­сында, Бұқтырма өзені­нің бас­­тауында, Марқакөл өзе­нінің атырабында кезде­се­ді. Сыртқы түр келбеті жағынан қар қабыланына (леопард) ұқ­­сағанымен, «туыс­тығы» ша­ма­лы, әрі қар барысының түрі одан әлдеқайда кіші. Қазір әлем бо­йынша қар барысының аза­йып кету қаупі бар. Олар Халық­аралық табиғатты қорғау одағының «Қызыл кітабына» және Қазақ­станның «Қызыл кітабына» енді. Барыстарды аулауға немесе атуға тыйым са­лын­ған. Сон­дай-ақ Шы­ғыс өлке­сінде аю­лар да көптеп кездеседі. Жалпы, әлемде аюлар­дың ақ аю, ақтөсті аю, қоңыр аю, ба­ри­бал, ерін­ді аю, Ма­лай­зия аюы және көзілдірікті аю деген жеті түрі бар. Та­р­ба­ғатай, Сауыр және Алтай тау­ла­рында аюдың екі түрі (қоңыр аю, Тянь-Шань аюы) мекен­дейді. Ол адамның өмірі үшін қауіпті емес. Аюлар 30 – 40 жылдай тіршілік ете­ді. Қо­ңыр аюлар кәсіптік аң ре­тін­де ауланып келді. Қазір оларды ау­лауға тыйым салынған. «Ұлы­тау­да бол­дың ба, ұлар етін жедің бе» деген сөзді барша қазақ біледі. Алай­да ұлар атты киелі құс тек Ұлы­тауда ғана емес, Кенді Алтай­дың тау­ла­рында да ме­кен ете­тінін біреу білсе, біреу білмес. Салмағы үш келідей, түсі тас өңдес, тауыққа ұқсас ұлар биік тау шыңдарын ме­кендейді. Олар өте сақ келеді. Тау бөкте­рінде жа­йылып жатқанда, біреуі биік құзға шығып, жан-жағын бағдар­лап тұра­ды екен. Егер қауіпті сезсе айрықша үн шы­ғарып, хабар беретін көрінеді. Қыс­тың аязды күндерінде тас қуыс­та­рынан пана тауып, топ­та­сып бі­рін-бірі жылы­тады. Халық меди­ци­насында адам жа­рақат алып, сүйегі сын­ған кезде ұлар­дың еті ем болады екен.
Бұлар Шығыс Қа­зақстан таби­ғат байлығының тек бірер өкілдері ғана. Оның флорасы мен фаунасы­ның кереметтігі мен қасиетін бір кітап­қа сиғызуға да болмас.

Дерек пен дәйек
Шығыс Қазақстан облысы 1932 жылы 10 наурызда құрылған. Облыстың әкімшілік құрылымы 10 қала, 789 ауыл мен 255 ауылдық округтерден тұрады. Облыс тұрғындарының саны– 1 396 746 адам (2011 жылғы дерек бойынша). Ұлттық құрамы: қа­зақ­­тар – 56 %, орыстар – 40 % және т.б. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстанның ең ірі индус­триял­ды-аграр­лық аймағы саналады. Шаруа­шы­лығы­ның басты саласы – өнеркәсіп. Оның құрамын­да кен өндіру, түсті металлургия, энергетика, машина жасау, құры­лыс материалдар өнеркәсібі, ағаш өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіптері дамыған.


Шығыстың кереметі
Семейге көрік сыйлаған аспалы көпір
Бұл көпірді көрген де ар­ман­д­а, көрмеген де арманда. Әсіресе кө­пір­дің түнгі көрінісі сондай ға­жап! Самаладай жан­ған шам­дар қаланың көркіне көрік қо­с­ып, тіпті ажарландыра тү­се­ді. Көңіліңді біртүрлі мақ­та­ныш се­зімі кернейді. Қазір қала қонақтары тамашалар кө­рікті нысандардың қатарына ас­палы көпір де қосылды. Са­лын­­ға­нына енді ғана он жыл­дан асса да аспалы көпір та­лайлардың көз қуанышына ай­налып та үл­гер­ді. Осынау ғажап көпірдің биік­тігі 100 метр болса, ұзын­ды­ғы – 750 метр, ал ені – 35 метр­­ді құрайды.
Семейдегі аспалы көпір құ­ры­лысын жүр­гі­зуде таң­дау жа­пон­­дық­тарға бекер түскен жоқ. Мацузава есім­ді бас ме­нед­жер бас­­таған жапондық «Ая­­чай» фир­ма­сы­ның кө­пір са­лу­да тә­жі­рибесі мол. Мұн­дай көпірді атал­­­ған фир­ма бұ­рын АҚШ, Оң­­түс­тік К­о­­­рея, Түр­кия ел­де­рін­­де салыпты. Жал­пы, екі ел ар­а­­­­сын­да­ғы ке­лі­сім­ге қа­рай, Жа­­­пония мем­лекеті көпір құ­ры­лы­­сына 165 мил­лион дол­лар бө­ліпті.
Алты қатар жол­дың әрқай­сы­сының ені – 4 метр. Айта ке­ту ке­рек, жа­ңа көпірдің үстіне та­биғи ас­фальт тө­сел­ген. Бұл ас­­фальт, бі­ле­тін­дер­дің ай­­туын­ша, Ка­риб бас­сей­нін­­дегі Три­ни­­над кө­­­лінен ар­­найы та­­сып жет­кі­зілген кө­рі­не­­ді.
Мың бес жүз жылдық тарихы бар махаббат мазары
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мазары. Махаббат мазары. Қос ғашық. Қос мұңлық.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жы­рының баға жетпес туынды екені, оның Еуропада жыр бол­­маған кезде пайда бо­л­ға­ны, кесененің құрылысы, сәу­лет­ ерекшелігі жайлы бұған дейін қаншама рет айтылып, қанша­ма рет жазылды.
Кезінде ұлы қаламгер Мұх­тар Әуезов бұл жырды дүние­жү­зiлiк поэманың тамаша үлгi­сiне жатқызып, оны қазақ же­­­рiн­дегi «Ромео-Джульетта» деп ата­ған абзал депті.
Ғалымдар мен тарихшылар жырдың шы­­ғу тарихына бай­ла­нысты түрлі деректер кел­тіре­ді. Бірі жыр бастау бұлағын сонау ғұн за­маны, түркі қаға­на­тынан тар­қатса, бірі жыр қар­лұқ ке­зе­ңіне жатады деп бол­жам жа­сай­ды.
Ұлылар туған ұлы өлке
Абай, Шәкерім, Мұхтар... Ұл­ты­­мыздың төлқұжатына ба­лан­ған осынау ұлы есімдермен үнемі қатар аталатын, егіз ұғым­­ға айналған қасиетті ме­кен бар. Ол – ұлылардың өл­кесі Жидебай.
Тарихи деректерге жүгін­сек, «Жидебай – Бөрілі» мем­лекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұ­ражайы Семейдегі Абайдың әде­би-ме­мо­риалдық мұра­жайы­ның фи­лиалы ретінде 1945 жылы құ­рыл­ған. Мұра­жай құрамына бірнеше құнды тарихи ескерт­кіш­тер мен ша­ғын мұра­жайлар енеді. Атап айт­сақ, Семейдегі Абай­дың әде­би-мемориалдық мұража­йы, Ахмет Риза медре­се­сі, Абай ауданының аумағын­да­ғы Бө­рі­лідегі М.Әуезовтің мұра­жа­йы, 1997 жылы ашылған Көк­­бай Жанатаевтың мұра­жа­йы, 2003 жылы Құндызды ауы­­­­­лын­да ашыл­­ған Шәкір Әбен­ов­тің мұ­ра­­жайы, Үржар ау­да­нындағы Әсет Найман­баев­тың мұража­йы, Құнанбай­дың құдығы, Зере мен Ұлжан­ның зираты, «Абай – Шәкерім» мазарлы кешені секіл­ді құнды дүниелердің бар­лығы осы қорықтың құзырын­да. Ау­ма­ғы 6400 гектардан аса­тын қо­рық аумағына 16 нысан кіреді. Мұн­­­­да ұзын-саны 18 255-ке жуық бағалы заттар мен 300-ден астам жәдігерлер сақ­та­л­ған деседі.
Ақбауырдың алты мың жылдық тарихы бар
Көне ғасырлар көшінен сыр шертетін тарихи-мәдени ес­керт­­­­­кіштер бұл облыста же­тер­лік. Солардың бірі – алты мың жыл­­дық тарихы бар неолит дә­у­іріне жа­та­тын Ақбауыр. Әлі күн­ге зерттеліп бітпеген бұл құн­ды жәдігердің ерек­шелігі сол, он­да­ғы әр тасының беті ежел­гі таң­балар мен суреттерге тұ­нып тұр.
Ақбауыр облыс орта­лы­ғы­нан 30 ша­қырым жерде, Ұлан а­у­да­ны­ның аума­ғын­да орна­лас­­қан. Бі­з­дің за­ма­­ны­мыз­ға де­йін­гі 3-5 мың­жыл­дық­та өмір сүр­ген адам­дар­дың қо­лымен жа­зыл­ған пет­роглифтер жер бе­тін­де си­рек кезде­седі. Тас­­қа түс­кен бұ­­ғы мен жыл­қы­ның, ар­ба мен со­қа­ның бей­не­ле­рі сол ке­зең­дегі адам­дар­­­дың тұр­мыс-тір­ші­лі­гі­нен, өмір сал­ты­нан хабар беріп, жер иге­руді кә­сіп еткен­дігін аңғарта­ды. Тас­тағы таң­ба­ларды ға­л­ым­дар кө­не күнтізбе, ас­трологиялық ба­қы­лау жүргізу орны деп есеп­­­­тейді екен.

Көк түркілердің көсемдері көмілген жер
Алтынмен әдіптелген киі­мі­мен бірге жерленген сақ пат­ша­­сы­ның сүйегін профес­сор Тө­­леу­баев бастаған зерттеу тобы Бәй­гетөбе атты обадан анық­­та­ған. Мамандардың па­йымда­уын­ша, бұл «Алтын адам» – біз­дің дәуірімізге де­йін­гі VІІІ ға­сыр­дың аяғы мен VІІ ғасыр­дың басындағы жәді­гер­дің бірі. Елімізде бұған дейін та­­был­­ған «Алтын адамның» ең кө­несі.
«Алтын адамның» мүрдесі киіммен жерленген, киімге түр­лі аңдар бейнеленген 4325 ал­тын пластинкалар тағылған. Бір кереметі, осы бұйымдардың ішін­де билеушінің символы – лазурит, сәуле шашып тұрған бес қырлы алтын жұлдыз бол­ды. Ғалымдардың сөзіне қара­ған­да, өлген адамның қырқына не­месе жылына арнап сойыл­ған малдың басын моланың үс­тіне қою Шығыс әлемінде әлім­­сақтан келе жатқан дәстүр де­­седі.
Көк түркілердің бесігі са­нал­ған Алтай атырабы ықылым за­маннан бергі ата-бабамыз­дың туын тігіп, қазығын қақ­қан, кірін жуып, малын баққан ата­қонысы болғандығын қазба жұ­мыстары дәлелдеп отыр. Қой­науы қазынаға толы қазақ даласы құдды бір ашық аспан астындағы таңғажайып мұра­жай десек, осы мұражай­дан ойып орын алатын Шілікті қор­ған­дары – Шығыстағы көп ке­ре­меттің бірі.
Сақ бабаларымыздың сүйегі сақталған мекен
Берел – бұл біздің мақта­ны­шымыз. Асыл мұрамыз, ба­ға жетпес құнды қазынамыз. Та­мы­ры тереңге бойлаған та­ри­хымыздың тасқа қашалған таң­­басы. Жалпақ жаһанды ау­зы­на қаратқан сақ бабалары­мыз­дың сүйегі сақталған жер. Со­нау темір дәуіріндегі атам қа­зақтың мәдениеті мен тари­хын, тұрмы­сы мен тіршілігін айдай әлемге әйгілеген соны жә­дігерлер де сол қалпында ше­жірелі өлкеде сақтаулы жа­тыр.
Де­рек­­­терге көз жүгіртсек, Бұқ­тырма өзенінің оң жағала­уын­дағы таулы аймақта орна­лас­қан «Патшалар алқабында» қара таспен көмілген 31 қорған бар. «Патшалар алқабы» деп ата­лу себебі – онда сақ тай­па­ларының көсемдері жерленген. Ке­йінгі археологиялық қазба жұмыстары кезінде бұл маңнан тағы да жетпіске жуық қор­ған­дар мен мыңдаған бағалы бұ­йым­дар табылған. Ықы­лым за­маннан біздің баба­ла­ры­мыз адам денесін баль­­зам­дау ар­қы­лы сақ­тау әдісін қолдана біл­г­ен. Міне, ғылым мен тех­но­­ло­гиясы өрге бас­­қан Батыс елде­рі­нің бү­гінгі жетіс­тік­терін сақ тайпа­ла­ры бұ­дан бірнеше ғасыр бұрын кә­десіне жарат­қан. Сон­дай-ақ ол жер­ден дү­ние-мүл­­кімен бірге жер­лен­ген, ал­­тын­мен ап­та­лып, кү­­міс­пен күп­­телген сақ пат­ша­­сы мен әйе­­лі­нің мә­йіт­­тері та­был­ған.
Алтай­дағы аңызға айнал­ған австрия­лық жол
Жол­дың «авс­трия­лық» деп ата­­­­луы­ның да өзін­дік се­бе­бі бар. Та­рих­қа жү­гін­сек, оны со­нау 1914-1916 жыл­да­ры бі­рін­ші дү­ние­жүзілік соғыс ке­зін­де қол­ға түскен әскери тұт­­­қындар, оның ішінде авс­триялықтар салған екен.
Құрылысты жүр­гізуде тұт­қын­дар­дың жұмыс күшін пай­даланғаны көрініп тұр, өйт­кені тө­бесі көкке шаншылған ас­пан тау­лардың бүйірін те­сіп, кесіп жол салу қарапайым жұ­мы­с­­шы­ларға аса қиынға со­ғатын шаруа. Сондықтан жер­гі­лікті тұр­ғындар бұны адам­­ның қа­жыр­лы еңбегінің ар­­қасында өмір­ге келген ға­жайып ескерт­кіш ретінде са­найды, баға­лай­ды. Көрген көз ерен еңбектің же­місін еріксіз мойындайды.
Бұрхат асуында (биіктігі 2 мың метрден асады) түрлі өсім­діктерден бөлек жер бетін­де сирек кездесетін қар барыс­тары мен тау текелері мекен ете­ді. Ашық ауа ра­йын­да аппақ айыр қалпағы күнге шағылы­сып, жарқ-жұрқ еткен айбарлы Мұзтау шыңы (биіктігі 4506 м) алыстан мұ­нартады. Алтайдың көрікті келбетін көз алдыңызға ала­қандағыдай етіп көрсететін «авс­триялық жол» экстремал­дық туризмді жанына азық ет­кен­дер үшін таптырмас ке­шен.


Шыңында бұғы-марал ойнақтаған...
Еліміздің «Алтын тәжі» атанған Шығыс Қазақстан, оның Алтай өңірі – ежелден бұғы мен маралдың мекені. Табиғат ерекше жаратқан осы түз тағысының қолға үйретіліп, өсіріле бастағанына да қазір жүз отыз жылдан асыпты. Сол уақытта қазіргі Қатонқарағай ауданының аумағында алғашқы марал қоршаулары жасалса, өткен ғасыр­дың елуінші жылдарында алғашқы марал шаруашылығы құрылған болатын. Кейіннен бұл кәсіп Марқа­көл, Зырян аудандарына таралса, еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан Күр­шім, Көкпекті, Ұлан, Зайсан ау­дан­дарында да марал өсіріле бастады. Қазір Шығыс Қазақстанда жиырмаға жуық шаруашылықтарда барлығы 10 мыңнан аса марал мен бұғы бағылады. Оның дені – Қатон­қа­ра­ғай ауданында.
Иә, Қатонқарағай – жер жаннаты. Көне тарихтың кіндігі де осында дейді тарих. Оған қоса Қатонқарағай – марал шар­уа­шы­лы­ғының отаны. Тәуелсіздіктің таңы атып, еліміз еге­мендікке қол жеткізген тұс­та бұрын тек Мә­с­кеу ғана билеп, қызығын көріп келген ма­рал өнімдерін, оның ішінде пантыны ал­ғаш рет шетелге шығарып, сату­ға қол жеткен бо­латын. Қатондықтар­дың «кезінде біздің ау­дан валюталы аудан болған» дейтіндері сон­дықтан. Бәрі рас. Сол уақытта марал мү­йізі­нің бір килограмы мың долларға дейін ба­ға­ланыпты. Жалпы, дүниежүзінде марал өсіру бойынша ал­дыңғы орында Жаңа Зе­ландия, Қытай, Ресей, Канада елдері тұр. Марал шаруашы­лығын мықтап қолға алсақ Қа­зақстанның да панты өнімдерін саудалай­тын мықты бес мемлекеттің қатарына қосы­луға мүм­кіндігі бар.
Қазір Қатонқарағай ауданында он бір ма­рал шаруашылығы бар. Олардың ең ірісінде 2 мыңдай, ал шағынында 200-дей марал ба­ғылады. Жалпы, марал дегеніңіз  –жер тал­ғайтын, өте кірпияз жануар. Жағ­да­йы келіссе, бұ­ғылар жылына 12 -14 келі­ге дейін мүйіз бе­реді. Тіпті марал шаруа­шы­лығының тари­хын­да 18 келіге дейін мүйізі кесілген бұғылар да болыпты.
– Бұл өзі төрт түлікке жатпайтын, аса бір ерек­ше жануар. Біз оны кезін­де бе­сінші түлік деп әспеттеуші едік, – дейді ар­да­гер маралшылар бүгінде. Ма­рал бағу – қой ба­ғу емес. Өмірден түйген тә­жірибе, әсіресе, мү­йіз кесу науқанында аса қажет. Кәнігі ма­рал­шылар піскен мүйіз­ді бірден ажыратады. Жал­пы, бұғы мүйізі нау­рыз айының орта­сы­нан бастап өсе бас­тайды. Екі, екі жарым айда пісіп жетіледі. Мүйіз әлі кеппей тұрып кесіп алынады.
Ертеректе елімізде мүйізді өңдеп, дәрі жасауға мүмкіншілік болмағандықтан, ол шетелге тек шикізат ретінде шығарылатын. 1996-1997 жылдары аудандағы «Ақсу» шар­­уашылығында «Ақсу – Дэен» пан­ток­рин жасау зауыты салынды. Қазіргі күні мұн­да әртүрлі шөптер мен пантыдан жа­сал­ған 46 түрлі өнім шығарылып, үлкен сұра­нысқа ие болып отыр. 
– Ең алдымен, шаруашылықтарды ғы­лыми жүйеде негіздеп қайта құру қажет. Оны жүргізу әдісі өте тиімді жасалуы керек. Әрбір қадам жоспарланған, есептелген жағдайда мол өнім алуға болады. Марал­дың ең бір өнімді мол беретін тұқымын ға­на қалдыру керек, – дейді еліміздегі ма­рал шаруашылығы саласындағы бірден бір маман, ветеринария ғылымдарының док­т­оры, профессор Сер­ғазы Дүйсенбаев.
керек дерек
Көнеден келе жатқан бірегей марал шар­уашылығын қайта жаңғырту үшін Шы­ғыс Қазақстан облысында алғаш рет 2010 жы­лы облыстық бюджеттен 23,4 млн теңге мемлекеттік субсидия бөлінді.
Облыс басшылығының қолдауымен ма­рал шаруашылығы мен омарта шаруа­шы­лығын субсидиялау басталды. Облыс шар­уашылықтарында асыл тұқымды ма­рал­дардың таза салмағы 43,1 пайызға де­йін артты. Асыл тұқымды шаруашы­лық­тар саны жетіге дейін өсті. Аудандағы то­ғыз шаруашылықта 5200 бас марал және 1100 теңбіл бұғы өсіріледі.
Қатонқарағай ауданындағы Ақсу ауы­лында мүйіз шикізаты мен емдік өсім­дік­терден фармацевтикалық препараттар өн­діретін «Ақсу Дэен» Қазақстан – Корей бі­р­лескен кәсіпорны жұмыс істейді. Фар­ма­цевтикалық цехта халықаралық стан­дарт­тар бойынша сертификатталған 35 түрлі өнім шығарылады.


Алтайдан шыққан алғашқылар


Ұшақты ұршықтай үйірген
Жақыпбек Малдыбаевтың қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш екенін біреу білер, біреу білмес. Ол 1907 жылғы 15-мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданының, Шеңгелді ауылында шаруа отбасында дүниеге келген.
1929 жылы жиырма екі жасқа қараған шағында Жақыпбек арыз жазып, өзі тіленіп қызыл әскерлер қатарына алынып, Түркіменстанның Мерв қаласында орналасқан Түркістан ерекше кавалериялық бригадасының 82-полкына қызметке келді. Полк мектебін бітіргеннен кейін бөлімше басқарды, взвод командирінің көмекшісі болды. 1932 жылғы наурыз айының 28-інде әскери кіші командир Жақыпбек Ленин атындағы біріккен Орта Азия әскери мектебін взвод командирі дәрежесінде бітіріп, КСРО революциялық әскери кеңесінің 1933 жылғы 1-қаңтардағы №22 бұйрығымен №9 әскери ұшқыштар мектебіне түсіп, сол жылғы желтоқсанда оны ойдағыдай аяқтап шығады. Одан кейін Орта Азия әскери округінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш-бақылаушы (қазірше – аға штурман), сонымен қатар фотоқызмет бастығы болып тағайындалды.
Архив құжаттарында Жақыпбек Малдыбаевтың Мәскеудегі Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясында оқығандығы туралы деректер бар екен. Ұшқыштың інісі Әбілбектің (марқұм) айтуына қарағанда, Жақыпбек Малдыбаев интернационалдық борышын атқарып, Халхин-Гол соғысына да, Испания соғысына да қатысқан.
Аға лейтенант Жақыпбек Малдыбаевтың есімі өзінің туған ауылы – Шеңгелдідегі мектепте, Зайсан, Күршім, облыс орталығы Өскеменде бір-бір көшеге берілген.


КСРО-ның халық мұғалімі атанған тұңғыш қазақ
Құмаш Нұрғалиев 1925 жылы 29 қазанда Марқакөл ауданының Боран ауылында дүниеге келген. Өрімдей жас 18 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, бір жылдан кейін Латыш жеріндегі Ауце қаласының түбінде әскери бұйрықты орындау барысында ауыр жараланып, екі аяқ, бір қолынан айырылып, 1946 жылы туған жерге қайтып оралады. Әуелгі кезде Сармөңке жеті жылдық мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс береді. Кейіннен директорлық қызмет атқарады. 1957 жылы Боран орта мектебіне директор қызметіне тағайындалады. Осы білім ордасында 31 жыл қызмет атқарды. 31 жыл ішінде әуелде есік алдын қараған мен бұта басқан қарапайым мектеп аудандық, облыстық, республикалық деңгейді қойып, Одақ көлемінде танылды. Мектеп Қазақстанның ең үздік ауылдық мектебі атанды. Білікті ұстаз ауыл мектебін толық компьютерлендіріп, спутниктік жүйеде «қашықтан оқыту» идеясын жүзеге асырды. Мектеп ауылдың әлеуметтік-мәдени орталығына айналды. Мектеп түлектері екі-үш мамандықты игеріп, совхозда жұмыс істеуге қалып жатты. 1975 жылы білім ордасы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты, 1980 жылы ҚазКСР Ауыл шаруашылығы көрмесінің қола медаліне ие болды.
Аты аңызға айналған ұстаз 1988 жылы дүниеден озды. Бүгінде Күршім ауданындағы Боран орта мектебі, Өскемен қаласындағы көпсалалы колледж сол кісінің есімімен аталады.

Бетті дайындаған Азамат ҚАСЫМ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста