Бүгінде Қазақстан адам құқықтары жөніндегі 30-ға жуық халықаралық шартқа қатысып, қол қойды. Алайда елімізде әйелдер құқығының аяққа тапталуы жиі шаң беріп қалады. Әйелдерді қорғау бүгінде әлемдік проблемаға айналды. Осы бағытта алпауыт елдердің өзі арнайы бас қатыруда. Америкада, Англияда осындай мәселелермен, яғни отбасындағы зорлық-зомбылық туралы әрекет ету қызметі, Болгария, Италияда отбасындағы жанжалды реттеу қызметтері, Жапония мен Германияда мінез-құлық полициясы сияқты құрылымдар айналысады. Ал біздің елімізде 1999 жылы ішкі істер органдары жүйесінің құрылымында әйелдерге зорлық-зомбылық жасау көріністеріне қарсы күрес жөніндегі бөлімдер құрылған. Осыған қарамастан елімізде бұзақылық пен тонау қылмыстарынан әйелдер ерлерге қарағанда екі есе зардап шегеді.
Елімізде әйелдердің 60 пайыздан астамы күштеу мен зорлық-зомбылыққа тап болса, әрбір үшінші әйел өз күйеулерінен озбырлық көреді екен. Осыған байланысты жолы жіңішкелердің дені дағдарыс орталықтарын көбейту керектігін айтады. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында бір дағдарыс орталығы жұмыс істейді. 2002 жылы облыстық отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссияның қолдауымен адам саудасы құрбандары үшін арнайы баспана ашылған. Мұнда психолог пен заңгер мамандар ақысыз қызмет көрсетеді. Елімізде мұндай орталықтардың саны – 19. Бір өкініштісі – олар жаны жараланып, тәніне таяқ тигендерге тек сөзбен ғана көмек қолын соза алады. Ал жуан жұдырығын ала жүгіретін алып күш иелерін тәртіпке бағындырар тиек табылмай тұр. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» заң Мәжіліс пен Сенат арасында көкпар тартқан тулақтай болып, біршама уақыттан кейін әзер дегенде қабылданды. Аруларымыздың жанына жалау болып, көз жасын құрғататын тиек табылса да, осы саладағы қылмыстар саны азаяр емес. Оған статистикалық мәліметтер дәлел бола алады. Жыл сайын елімізде зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған 600-ден астам әйел о дүниеге аттанады екен. Мұндай көрсеткіш жыл жылжыған сайын көбеймесе, азаяр түрі жоқ.
Алма СЕРҒАЗИЕВА, Жамбыл облыстық ІІД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы:
– Жыл басынан бері облыста әйелдерге қатысты 3 770 қылмыс жасалған, оның 2 810-ына қатысты қылмыстық іс қозғалды, ал 1 745-іне қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Статистикалық мәліметтер көбейіп барады, расында. Алайда қаншама азап көрсе де, тиісті орынға шағымданбай жүре беретіндерді де жоқ дей алмаймыз.
Ақ жаулықтылар көбіне отағасынан озбырлық көрсе де, «бас жарылса да бөрік ішінде» қалдырғысы келеді. Тиісті орынға хабарлағанымен, кейіннен «балаларымның әкесі ғой» деген сияқты сан сылтаумен жазған арыздарын кері қайтарып алып жататындары көп. Ұрыс-жанжалдың 44 пайызы қызғаныштан туындап жатады екен. Сондай-ақ озбырлықтың құрбанына жоғары білім алмаған, жұмыс істемейтін әйелдер тұсалады. 775 оқиға оған дәлел. Бірақ көзі ашық оқыған-тоқығаны мол әйелдерді айналып өтеді деп тағы да айта алмайсыз. 225 оқиға – солардың еншісінде. Әйелдерге қатысты осындай фактілер жыл жылжыған сайын өсіп барады. Бұл мұндай жағдайлар бұрын жоқ еді дегеннен емес, бұрын әйелдер өз құқықтарын қалай қорғауды білмесе, бүгінде тиісті органдарға хабарласып, зорлықшының екі аяғын бір етікке тығуды үйренген. Фактілер содан өсіп отыр. Бүгінгінің бұрымдысы бұрынғыдай таяққа төзіп, өмірін оздырып жүре бермейді. Ұра бергенді ұзаққа созбай ұстап беруге бар.
Заң не дейді?
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» Заңның 4-бабында оның төрт түрге бөлінетіндігі айтылған. Бірінші – дене жарақатын салу, күш қолдану арқылы денсаулыққа зиян келтіру, оған ұру, қинау жатады. Екінші – психологиялық қорлау, адамның психикасына шабуыл жасап, ар - ожданын аяққа басу, қадір-қасиетін төмендету, үнемі үрейде ұстау. Үшінші – сексуалдық қорлау. Төртінші – экономикалық күштеу, яғни адамды үй-жайынан күштеп айыру. Заң 2009 жылы қабылданған. 1998 жылы Қазақстан «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы» халықаралық конвенцияға қол қойған. Бұл тарапта елімізде үкіметтік емес ұйымдар, отбасы-демографиялық саясат бөлімдері, дағдарыс орталықтары жұмыс істеуде.