Ағаш егудің де амалы бар
Егер шетелдік тәжірибеге сүйенсек, өзінің тік қалпынан 10-15 градусқа ауытқыған ағашты кесіп тастау керек. Ал сіз көше кезіп келе жатып мән беріп қарасаңыз, жол бойының екі жағын ала өскен ағаштардың бірінен-бірі өткен қисықтығын байқайсыз. «Гүл өсірудің мәдениеті әлі бізде қалыптаспаған» деп шырыл қағатын Гөзел Құлжабаеваның сөзінің жаны бар. Мүмкін, сол мәдениет биігіне жетпегеннен кейін де болар, қай көшенің бойына шыға келсек те, жамбастай түскен ағаштардан көзіміз сүрінетіні.
Ағаш егудің заңдылығы сақталмайды
Маман пікіріне сүйенсек, жалпы көше бойына отырғызылатын ағаштардың ара қашықтығы оның диаметріне сәйкес болуы тиіс. Мәселен, тік өсетін теректің ара қашықтығы 2-3 метр болса жеткілікті, ал қарағай бір-бірінен 6-7 метр аралықта отырғызылуы қажет. Ал біздегі «тәжірибе» бойынша, отырғызылатын талдардың арасы өте жақын, сондай-ақ қарағаштың түбіне шырша да егіле береді. Мұның үлкен қателік екендігін ешкім де сезіп-біліп жатқан жоқ. Ағаштың түбінде күн көрмеген шырша қайтіп өспек? Сол сияқты бір шыршаның өзі әзер сиятын алаңға 5-6 шырша топтастырылып егіле салады.
Тағы бір айта кететін жайт – Қытай секілді елдерде ағаштар белгілі бір ыдыстарда тамырландырылып барып, топыраққа түседі. Мұндай үрдіс Орталық Азия елдеріне әлі күнге жетпеген. Қазіргі уақытта Өзбекстан, Қырғызстаннан арнайы ағаштар алдырып, егіп жатамыз. Бірақ солардың ішінен ертеңгі күні жемісін көретініміз некен-саяқ болып тұр. Егер өсімдіктерді тамырландыру арқылы егетін болсақ, ол ағаш су құйылмай, қараусыз қалған күннің өзінде де тіршілігін жоя қоймайды. Мәселен, 100 ағашты тамырландыру арқылы егетін болсақ, оның 4-5 талы ғана шығын беруі мүмкін. Ал топырақтан ала салып, тамырды жалаңаш қалпында отырғызу нәтижесінде сол ағаштың 20-30 пайызы далаға кетеді. Осы орайда бір шыршаның құны 30-40 мың екендігін ескерсек, қаншама ақшаның босқа шашылып жатқанын бағамдау қиын емес. Яғни біз ағаш отырғызудың заңдылығын сақтап отырғанымыз жоқ. Бұл республикамыздың қай түкпіріне болса да тән қасиет.
Көгалдандыру жұмысымен айналысатындар – мамандар емес
Сондай-ақ мектеп ауласында қазір көп жағдайда көктерек пен қарағаш өсіріледі. Бұлардың балалар үшін пайдасы жоқ. Өйткені оқушылар қыркүйек пен мамыр айлары аралығында оқитынын ескерсек, олар демалысқа кеткенде ғана жапырақ жаятын ағаштардың қызығын балалар көрмейді. Сондықтан мектеп ауласына тек күзде, ерте көктемде гүлдейтін болмаса қысы-жазы жасыл болып тұратын: арша, шырша, бозарша, сирень, форзиция, хризантема, бақыт гүлі сияқты өсімдіктерді еккен абзал.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып жатқанымыз – өзгелерге сабақ болсын деген тілек. Ал қайткенде көгалдандыру саласын дамытамыз? Бұл сұраққа біздің кейіпкеріміз Гөзел апай бүлдіршінге оны балабақшадан үйрету қажеттігін айтады. «Шет елде «үш жасар бала үш гүлдің атауын білуі тиіс» деген қағида қалыптасқан. Бұл ешқашан да баланың санасына салмақ түсірмейді. Сондай-ақ әрбір мектепте ботаника бағы жасалуы керек» дейді ол. Егер әр адам ағаштың, гүлдің атауын біліп өскенде ғана гүл мәдениетінің дамитыны даусыз.
Гөзел Құлжабаева, гүл өсіру маманы:
– Қаланы көгалдандырумен айналысатындар ағаштарды қалай отырғызғанда көзге әдемі көрінетінін жете түсіне бермейді. Яғни дизайн дегеннен жұрдай. Олардың жасаған дизайнының көрінісі – Алматыдағы Абай көшесінің бойында төртбұрышты цементтің ортасына егілген гүлдер секілді. Ол да болса, неге екені белгісіз, бір жылдық гүлдерден ғана отырғызылып, жаз ортасына жетпей бәрінің қурап, солып жатқаны. Әдемілік емес, сұмпайылық сыйлап тұрады. Жалпы, тағы да сол шетелдік тәжірибеге жүгінсек, жолдың екі бойындағы көгалдандыру шаралары мүмкіндігінше симметриялық тұрғыда болуы тиіс. Сосын ескеретін нәрсе – белгілі бір тәртіппен көшенің бір бөлігіне қарағай, одан кейінгі бөлігіне қарағаш сияқты талдарды рет-ретімен еккен жөн. Ал шыршаны жол бойына егудің қажеттілігі шамалы. Оның орны – түрлі бақтар мен ашық алаңқайлар.
Ұсыныс
Кішкентай ғана Англияның (аумағы жағынан салыстырмалы түрде айтылып отыр – А.С.) өзінде 6000 жекеменшік бақ бар екен. Олардың кейбірін бір күнде аралап қарап шығудың өзі мүмкін емес екен. Оған уақытыңыз жетпейтін көрінеді. Ал бізде ше? Шетелге қарағанда, әлдеқайда кемшін түсеміз. Бір ғана Ботаника бағы бар. Оның да болса ішінде ауыз толтырып айта қоярлық ештеңе жоқ. Осы орайда «Бір-бірімен бақталастық тудырып, дамыту үшін жекеменшік бақтарға даладан да, қаладан да орын берілу керек.
Түйін сөз
Қытайда бір ағаштың өзін егу үшін ол кәдімгідей жоспар арқылы жүзеге асады екен. Ал бізде қалай болса, солай егілгеннің арқасында жөн-жосықсыз өскен ағаштарды кесудің өзі қиындық тудырып жататыны рас. Яғни жол бойында қисайып, апатты жағдайда тұрған талды қырқудың өзіне рұқсат сұрайсыз. Сосын оған пәленбай қаржы бөлінеді...
Қаржы демекші, жалпы көгалдандыру жұмысымен айналысатындар елімізде аз болғандықтан, олардың қызметі жоғары бағаланады. Тек барып, кеңес бергенінің өзі 100 доллардан жоғары. Осы орайда өсімдік атаулыға жаны жақын адамдарды оқытып, тоқытып әжетімізге жаратуға әбден болар еді-ау. Әйтпесе не халқының мінез-құлқынан, не дәстүрі мен салтынан хабарсыз сырттан келген қонақтардың ең алдымен көзіне түсетіні көшеміздің көркі емес пе?