«Ағайын тату болса, ат көп...», ал араз болса ше?..
Құрметті редакция, сіздерге хат жолдау арқылы тиісті орындардан әділдік сұрап, отбасымызбен түгелдей тәлкекке түскен тағдырымызға араша болар деген үміттеміз. Айта кетсем артық болмас, өзім өмірге тоғыз бала әкелген «Батыр анамын». Бүгінгі күні біз бала-шағамызбен сергелдеңге түстік.
Орын алған оқиғаны басынан баяндап берейін. Біз отбасымызбен күн көру мақсатында «Қажыбай» шағын шаруа қожалығын ашып, бірнеше адамның малын бақтық. Ауызша келісімшарт жасасып, «жоғалтсам, ит-құсқа жегізіп алсам, төлейміз, ал ауырып қалса, уақытында хабар беріп шақыртамыз» деп келістік. 2007 жылдан бастап Сләмбек Әзімхановтың 10 бас ірі қарасын, ал 2008 жылдан бері Қонысбек Ақжасаровтың 15 бас ірі қара және жеті жылқысын қосып алдық. Сондай-ақ Клара Ахатованың сегіз бас ірі қарасын да бақтық. Клараның күйеуі марқұм Ә.Жағазин мен менің жолдасым Қасенжан екеуі бұрындары дос болғандықтан, одан ақы алмадық.
2010 жылы біздің өңірде қыс қатты болып, қорамыздың іші суға толып кетті. Түнде аяз тұрып, біраз малдан айырылып қалдық. Ол жайында біз мал иелеріне дер кезінде хабар беріп тұрдық. Алайда сол күндері біздің ауылға қатынау қиындап кеткен болатын. Сол себепті де Қ.Ақжасаровтың арам өлгелі жатқан алты бас сиырын союға мәжбүр болдық. Ол жайында Ақжасаровқа хабар бердік. Бірақ түрлі себептермен ол келе алмай қалған-ды. Ал С.Әзімханов болса өліп қалған сиырын сол күндері алып кетті.
Дау жаз айларында басталды. Сол жылдың мамыр айында біз үйде жоқ кезде Қ.Ақжасаров қасындағы бір топ адаммен (арасында тәртіп сақшысы бар) үйге баса-көктеп кіріп, жалғыз қалған ұлымыз Мейірді қорқытып, қорадан таңдаған малын айдап әкетеді. Сонда қалай, үй иелері жоқта біреудің қорасындағы малды айдап әкеткенін ол қылмыс деп ойламаған ба? Бұл аздай, ол өліп қалған малын есепке алмай, әу бастағы мал санын, яғни 15 ірі қара мен жеті жылқыны түгендеп алып кеткені былай тұрсын, оған қоса, тағы үш сиырымды иеленіп кете барған. Сонда 22 емес, 27 мал алып кеткен болып тұр ғой. Оны көрген «Айдабол» қыстағының тұрғыны жылқышы Адасбек те растап отыр. Осы оқиғадан кейін жолдасым жүрек қан-тамырлары ауруына шалдығып қалды. Қазір оның тілі күрмеліп, есту қабілеті нашарлап кетті. Кейін күйеуім есін жиған соң, малын бағуға бергендердің бәрін шақырып, не істейтінімізді ақылдастық. Белгілі болғандай, Ақсуат ауылының тұрғыны Е.Әмірғалиевтің өгіздері мен А.Әділбаевтың төрт бас малы жоқ болып шықты. Олар Қ.Ақжасаровтың үйіне барған екен, ол малының біраз басын біреуге бағуға таратып жіберіпті. Алайда олар бәрін болмаса да, бірнеше бас малын тиісті орындардың араласуымен қайтарып алған.
Сонымен не керек, бірінен кейін бірі бірнеше сот отырысы болды. Біріншісінде сот Қ.Ақжасаровтың пайдасына «15 ірі қара болмаса 2 320 000 теңге беруіміз» туралы шешім шығарды. Екінші кезекте К.Ахатоваға сот үкімі бойынша сегіз ірі қара не 1 111 000 теңге қайтаруымыз керек. Осы тұста айта кетейін, біз Ахатованың малын, жоғарыда атап өткенімдей, тегін бағып қана қоймай, марқұм болып кеткен досымыздың жұбайы ғой деп төрт бас малын арада бірнеше жыл өткенде сегізге көбейтіп қойған едік. Енді ол төрт емес, сегіз бас мал талап етуде. Ал С.Әзімхановқа сот барлығы 896 880 теңге қайтаруымыз туралы үкім шығарды. Бұл тұста айта кетерім, оның малының арам өлгендігін және оларды көміп тастағанымызды көргендер бар. Неге екенін қайдам, сот отырысына куә ретінде олар шақырылмады.
Сонымен не керек, біз меншігіміздегі баспанамыз бен жерімізді сатып, ақшасын жоғарыда аты аталған азаматтарға қайтарып бермек болдық. Біз сот үкімін орындаймыз. Заң бәрімізге ортақ. Жауапкершіліктен қашып отырғанымыз да жоқ. Алайда «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, С.Әзімханов «сендер сатқалы отырған жылжымайтын мүлікті «арестке» қойдым» дейді. Сөйтіп, жарты ақшасын беріп қойған сатып алушыны да айнытып тастаса керек. Бәрі аздай, сөз болып отырған сатып алушы Мұқитан Ғилым 1 500 000 теңгесін 3 000 000 теңге етіп қайтар деп қиғылық салып жүр. Ал біз одан алған қаржыны сот үкімін орындау үшін таратып жібердік емес пе? Есептегенде, біздің берешегіміз К.Ахатоваға – 1 111 000, С.Әзімхановқа – 896 880, Қ.Ақжасаровқа – 2 343 200 және Мұқитан Ғилымға – 3 030 000 теңге, яғни барлығы 7 381 080 теңге. 24 мың зейнетақы мен көпбалалы ана ретінде алып отырған 9 мың теңге кіріспен осынша қарызды қалай қайтарамыз? «Шарадай басым шақшадай болды» деген осы, міне. Соттың куәларды шақыртып, табиғи апаттың салдарынан өлген малды шегеріп тастамағандары, шыны керек, қабырғамызға қатты батты. Өз үйіміз өзімізге пана болмай, үрейменен күнелтіп жатырмыз. Осының барлығының басы-қасында жүрген ұлымыз Мейір қорыққанынан болар, үйден қашып кетті, қазір қайда жүргенін білмейміз де. Оның жоғалып кеткендігі «күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан» айырды.
Сөз соңында айтарым, қазақ әуелден бауырмал, береке-бірлігі жарасқан халық емес пе? Қиындыққа тап болған адамға қол ұшын беріп, жанашырлық танытпаушы ма едік? Отбасымызбен қырсық шалып, осындай адам айтқысыз кесапатқа тап болғанымызда бөтен емес, таныстарымыздың тиынына дейін қайтармасаң, райларынан қайтар ойы жоқ екендігін көрген қиынның-қиыны екен... Бәлкім, жанайқайға толы осы жазғандарым біреуге болмаса біреуге ой салар деген үміттеміз.
Р.S.
Редакциямызға келіп түскен мына хатты оқып шығып, бейжай қала алмадық. Иә, біздің бұған еш алып-қосарымыз жоқ. Алайда шыбын жаны шырылдап жүрген жанның жанайқайы тиісті орындардың құлағына шалынып, хат иесі айтпақшы, олар барлық тараптарға тиімді болатындай шешім шығаруға атсалысып жатса, игі іс болар-ақ еді. Сонымен қатар қарыздарын талап етіп отырған азаматтар адамгершілік танытар деген ниет бізде де бар.