Бүгін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны» атты онлайн-семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әртүрлі ғылым саласында кеңінен қолданылатын төл терминдердің көп болуы мемлекеттік тілдің мәртебесін асырып, мерейін өсіре түседі. Қазақ тілі ғылым тілі болуы үшін, ең алдымен, оның қалыптасқан терминдері болуы тиіс. Ал, термин қалыптастырудың тәсілі көп. Онлайн-семинар жұмысы осы бағытта өрбіді.
Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба термин халқымыздың ұғымына сай болуы керектігін айтып, қабылданып жатқан терминдердің ғылым саласынан өз орнын тұрақты табуы маңызды екендігіне тоқталды.
«Терминнің о баста пайда болған елінің тілінен төтелеп емес, аралық тіл арқылы аудару үрдісі кешегі кеңестік кезеңнен бері кең етек жайғаны ақиқат. Мұның ұлт ұғымына ауыр тиетіні өз алдына, түпкі мағынасынан алшақтатып жіберуі мүмкін. Құлдық санадан құтылып, қазақ тілінде жаңа сөз тудыру, сөзсіз, ардақты ана тіліміздің өрісін кеңейтіп, сөздік қорымызды байыта түседі», – деді ол.
Терминологияны біріздендіру, терминжүйе қалыптастыру қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін аса маңызды. ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған терминдердің қолданыс аясын кеңейту, сапасын арттыру мәселесі, ғылым тілін дамытудағы халықаралық және төл терминдердің арасалмағын айқындау мәселелері онлайн басқосудың өзекті тақырыбына айналды.
«Назарбаев Университеті» ДББҰ Қазақ тілі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Сарқыт Әлісжан «Ғылым тілін дамытудағы халықаралық және төл терминдердің ара салмағы» жөніндегі баяндамасында ғылым саласында тіл ғылыми қатынас үшін қызмет ететінін айтып өтті.
«Тілдің ғылыми қарым-қатынас үшін негізгі үш қызметін баса көрсеткен жөн. Олар: біріншіден когнитивтік (ойлау), екіншіден аккумлятивтік (білімнің шоғырлануы), үшіншіден коммуникативтік (мамандардың өзара қарым-қатынасы). Терминологиялық лексика құрамындағы халықаралық және төл сипат ғылым саласындағы тілдің осы қызметтерімен байланыстыра қаралғаны жөн», – деп атап көрсетті Сарқыт Әлісжан.
Филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы болса бекітілген кей терминдердің елдің құлағы енді үйреніп, сіңісті бола бергенде қайта өзгеріп кетіп жатқанына алаң білдірді.
Жалпы кейбір елдерде «халықаралық термин» деген ұғымның өзі шартты мағынаға ие, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш ардақтыларының өткен ғасырдың басындағы еңбектеріне сүйене отырып, ана тілінде ойлайтын халық өз ұғымын анық білдіре алады. Ол үшін тұжырым табанды, бағыт айқын болуы керек деп ой қорытты. Жиын соңында қатысушыларға біліктілік электронды сертификаты табысталды.