Әдебиеттану ғылымына қосылған байсалды еңбек
Жуырда қолыма бір кітап түсті. Кереқарыс қампиған дүние емес, көлемі шағындау болғандықтан соншама ежіктемей, бірер аударыстырып қоя салғанмын. Арада біраз күн өткеннен соң, тиесілі демалысты пайдаланып қайта ақтарғанда салмақты зерттеуге жолыққанымды түсіндім. Тақырыбы айқайлап тұрған жоқ – «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік». Үш автордың (Д.Қамзабекұлы, Б.Омарұлы, А.Шәріп) шығармашылық ынтымақтастығының жемісі екен.
Ұлттық әдебиет, ұлттық сана, ұлттық мінез, дәстүрлі ментальдік қазақ әдебиеттану ғылымына да жат емес. Қазақ халқының өнері, мәдениеті, әдебиеті зерттеу объектісіне айналғалы бері ен салып, ат қоймасақ та, зиялы ғалымдар зерттеуінде жарасымды өріліп, үнемі ой жарысына түскендей күйде.
Сонау кеңестік қаһарлы, қытымыр тұста аса ірі ғалым Георгий Гачев тыңнан түрен салған еді. Әуелде «Национальные образы мира» (1988), беріректе толықтырулармен баспа көрген «Ментальности народов мира» (2008) монументальды еңбектері жеке дара тұрған құбылыс іспетті. Ұлты болгар, саяси эмигранттың жанұясында дүниеге келген, тәрбиеленіп шыңдалып өскен Г.Гачевтің әлем халықтары таным-түйсінуіндегі ұлттық бейне, ұлттық модель мәселелерін мүлдем басқа деңгейде қарастыруы ғалымдарға зор ойтүрткі болғандығы анық.
Г.Гачев болгар халқының ежелгі аңызын оқырманға ұсынады: «Жаратушы халықтардың тілегін орындауда. Алдымен түріктер келеді. Оларға Жаратушы билік сыйлайды. Іле-шала болгарлар жетеді. – Не тілектерің бар? – Билікті сыйласаң, Жаратушым. – Билікті түріктерге бердім, сендерге сый – еңбек болсын. Баршасының сұрайтыны билік. Солай жалғаса береді. Еврейлердің еншісіне – есеп-қисап, француздарға – өнер, сығандарға – кедейлік, тағысын тағылар». Билік пен байлықты аңсаған халықтардың пешенесіне жазылған тағдыр-талайы ойлана, толғана келгенде ғалымның тиянақты тұжырым жасауына жол сілтейді. «Так вот Инвариант Единого видится-понимается-сказывается каждым народом в особой проекции и это есть национальный образ мира», – деп тұжырымдайды Г.Гачев. Осы орайда, ойға академик Ахмет Жұбановтың: «Ән аспанда қалықтап ұшып жер бетіне жақын келеді. Құдайдың құдіретімен келген ән қазақ жерінде, тіпті төмен ұшқанда да, қазақ халқы оны естіп, әнді жақсы айтатын болған. Қазақтардың басқа халықтардан әнді жақсы айтатын себебі – осы», – делінетін Шоқан Уәлихановтан арна тартқан әпсананы тамсана баяндауы ойға ой қосады. Қазақ менталитетіне үңіле түсуге жол ашады.
Ендеше, жер шарын мекендеген әр халықтың тілі, ділі, өмір салты, мінез байлығы, парасат биіктігі, асыл мұраттары сияқты ұлттық ментальдіктің белгі-сипаттары адамзаттың өзімен бірге туып, қалыптасып, жетілетіндігі сөзсіз. Осы орайда, монография авторларының алдарына қойған мақсаты биік, зерттемек объектісі актуальды екендігі дау туғызбайды. Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы, Амантай Шәріп сынды қазақ әдебиеті ғылымында есімдері белгілі ғалымдардың қолға алған шаруасы қомақты, бүгінгі қоғам, келер заман кәдесіне асуға бек лайық өрнекті арна.
«Әдеби-тарихи үдеріс және дәстүрлі ментальдік» (А.Шәріп) аталатын алғашқы тарауда зерттеудің мақсат-міндеттері, пайдаланылған әдіс-тәсілдері, қолданылған пәнаралық байланыстар нақты сараланған.
Көптеген ұлттардың әдебиеті мен өнеріне зер салу нәтижесінде төмендегідей байламға келеді: «Қазіргі парасатты, пәтуалы ғылымның қарауылынан қарағанда, мәдениеттер тоғысының шет-шекарасын диалогизм принципіне орайласқан (М.Бубер, М.Бахтин, В.Библер, Ю.Лотман) мәдениеттер мәмілесі (диалог культур) қағидасымен қиыстырған ұтымды. Өйткені белгілі бір мәдениеттің бөтен мәдениетпен жүзбе-жүз жолығып, теңбе-тең сұхбаттасқан, сырласқан сәтінде ғана өзін анағұрлым толығырақ, тереңірек танып-түйсініп, қадір-қасиетін қайта құнттайтыны сөзсіз» (20-б.). «Жаhандану үрдістері шағын ұлттардың жойылып кету қаупін күшейтеді» деп байбалам салушыларға байсалды жауап. Ұлттың санасын, тілін, ділін сақтау, дәстүрлі ментальдікке мән беру – уақыт озған сайын көкейкестілігін белгілейтін бұлжымас қасиет.
Тарау арқалап тұрған салмақ – көркемдік сана түрлері мен ментальдік метаморфозасы, ментальдіктің мәмілесі және ұлттың мінез, жыраулық жерұйықнама, Абай – бейуақ тұстың бағыты тараушаларында тарамдалып сараланған. Ұлттық менталитетті жинақтап, топтастыратын айырым белгілер ғылым тарихынан сүзіліп алынып, салиқалы әңгіме ауанына тартылған.
Зар заман поэтикасы әнебір жылдары құбыжық ретінде бағаланып, ел-жұрт ат-тонын ала қашып, үрпие қарағанымен бүгінде отаршылдық өктемдікке, шексіз зорлық-зомбылыққа қарсы «заманның дерті – улатқан ақынның жүрегінен қайнап шыққан шын жалын, шын қайғы» (М.Әуезов) екендігін әбден ұқтық. Зар заман табиғатының шынайы ашылуы қазақ дүниетанымының, мінезінің, салт-ғұрпының, тіпті оған бодандық мойнына салған қарғыс қамытының ұлт менталитетінің қалыптасуына тигізген кері әсерін бедерлей белгілемек.
Зар заман дәуірі кейінгі буынға қалдырып кеткен жұмбақ сауалдар ұлы Әуезов айтпақшы, «алғашқы рет келешек заманның құбыжығын сезіп, тұспалмен белгі беріп, болжам айтқан – Асан қайғы» феномені, «зар заман ақындарының барлығындағы сары уайым» тылсымы әлі де болса ой бөлісіп, ақыл тоғыстыруды тілейді.
«Зар заман поэзиясы және ұлт ментальдігінің трансформациясы» тарауын жазған белгілі әдебиеттанушы ғалым Бауыржан Омарұлы оқырман қауымның аңсары ауған, толғақты мәселелердің түйінін шешуді жан-жақты ойластырған. Зерттеу материалдарын тиянақты тексере келе, қорғасындай салмақты тұжырым жасауы жемісті ізденістерден туған. Ғалымның: «Зар заман – отаршылдық қысымын көрген елдің әдебиетінде рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан, қоғамның болашағына үміт артпай, ізгілікті өткен өмірден іздеп, халықтың салт-дәстүрлері салтанат құрған кешегі күнін аңсаудан, ежелден ұлттық танымына, көшпелілік табиғатына жат құбылыстарды қабылдамай, дәуірге наразылық білдіруден туған ағым» (62-б.), – деп санамалап келтіруі жарасымды. Гәп зар замандық идеяның мезгілінде жауапсыз қалуында. Дер кезінде шешімі қиын жұмбақтай болған елдікке ұмтылу идеясы XX ғасырдың басында ұлттық оянуға ұласты.
Зар заман құбылысының басты белгілерін құрайтын отаршылдықтың мейлінше етек жаюы, келімсектердің «бос жерлерді» иеленіп жергілікті халықтың тынысын тарылтуы, жердің, малдың, жанның есепке алынуы, небір көз көріп, құлақ естімеген мінездердің қазақ ортасына батпандап енуі, жақсының жаннан, жаманның малдан түңілуі ақыр аяғында ұлттық менталитетке тайға таңба басқандай таңба салды. Өз кезегінде ұлт болмысы қоршаған орта ықпалымен соны өзгерістерге ұшырай бастағаны анық.
Профессор Дихан Қамзабекұлы қаламына тиесілі «Түркі ментальдігі және қазақ ағартушылығы» тарауы жүрекке қонған есті сөз әлеуметтік әуезділігімен тартымды оқылады. Жалпы алғанда, ағартушылық идеясы, жәдитке ден қою, ұлтшылдық сана-сезімнің жедел оянып, қалыптаса бастауы қазақ қоғамының айрықша сапалық қасиеттерін танытатын белгілер. XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде санада серпіліс туғызған соны идеялар, ең алдымен, ақындар шығармашылығында өріс тапты. «Ұлт», «ояну» ұрандары Алаш арыстарының туындыларында жүйелі құбылысқа ұласып, барша қазақ болып бірігу, бодандық құрсауынан құтылу, дамыған, азат елдердің қатарына қосылу сияқты биік идеялық нысанаға жол алды. Алаш ұранды әдебиеттің өкілдері негіздеген өткір әлеуметтік мәселелер «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы арқылы халықтық танымды тәрбиеледі, оқырман жүрегіне соны пайымдар ұялатты. Сөйтіп, қазақ қоғамы күрескерлік рухты бойына сіңірді. Ұлттық санада қозғалыс бой көрсетті.
Монографияны жазу барысында авторлар қол жеткізген ортақ түйін бар. Ол: «Қазақтың сөз өнерінде дәстүрлі ұлттық ментальдіктің көркем бейнеленуінің түпқайнарын, жетілуін және түрленуін зерделеу әдеби дамудың мәнді, маңызы желілерін, қадау-қадау тұстарын елдің тарихи тағдырымен тығыз тұтастықта танып-түстеуге әркез кең көкжиек, шетсіз-шексіз зерттеушілік мүмкіндіктер ашып беретіндігі анық». Расында, аталмыш монография әдебиетті зерттеуді міндетіне алған кексе ғалымға да, жас ізденушіге де ойтүркі боларлық пайдалы шығарма екендігі сөзсіз. Бұл – жан-жақты зерттеулерге, терең талдауларға зәру бүгінгі әдебиеттану ғылымына қосылған байсалды теориялық еңбек.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ, филология ғылымының докторы, профессор