Алматы Мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институты мен инсультпен күрес жөніндегі Қазақстан ұлттық қауымдастығының ұйымдастыруымен көрнекті дәрігер, медицина ғылымының докторы, профессор Орынғалы Әдибаевтың 70 жылдығына арналған «Терапияның өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Алланың сыйы» атанған дәрігер арамыздан өтіп кеткенімен, оның мерейтойына арналып өткізілген іс-шараға бірге оқыған және қызметтес болған достары мен туған-туыстары қатысып, әріптестері профессордың медицина ғылымына, соның ішінде терапия саласына қосқан ерен еңбектері мен жетістіктері жайында естеліктер айтысты. Сондай-ақ еске алу конференциясының соңы Ресей мен еліміздің басқа да аймақтарынан келген ғалымдардың өзекті тақырыптар аясындағы баяндамаларына ұласты.
Орынғалы Әдибаев – медицина тарихындағы көрнекті дәрігерлердің бірі. Ол Семей қаласындағы медицина институтын бітірген соң Харьков қаласында аспирантурада оқып, алдымен кандидаттық, кейіннен сол қалада докторлық диссертациясын қорғаған. Алматыдағы кардиология институтында көп жыл бөлім меңгерушісі болып, ал өмірінің соңына дейін дәрігерлер білімін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі қызметін атқарған. Сондай-ақ еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігінің бас кардиологі ретінде осы салада талай нәтижелі істерді атқарған. Жүзден аса ғылыми жұмыстардың, үш монографияның авторы. Алайда еліміздегі жүрек ауруының үлкен білгірі, талай адамның аталмыш аурудан айығуына себеп болған қардиолог өзіне келгенде қауқарсыздық танытып, бірнеше рет инфарктан соң жүрек ауруының құрбаны болған. Артында баға жетпес еңбектерін қалдырған профессордың ізбасарлары «ол еңбектер медицина саласы үшін талай жылға азық» дейді.
Әлихан ЖҮСІПОВ, Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының ғылыми-емханалық ісі жөніндегі проректоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Орынғалы – көзі тірісінде халқы үшін көп еңбек еткен адам. Тірі болғанда желтоқсан айының басында 70 жасқа толар еді. Ғалымның туған күніне орай, еске алу ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырып отырмыз. Ол медицина саласындағы талай білікті шәкірттердің қалыптасуына үлкен үлес қосқан жан. Ол өмірден өткенімен, артында баға жетпес еңбектері қалды. Өкінішке орай, арамыздан ерте кетіп қалды. Егер әлі де тірі болғанда талай медициналық жетістіктердің өмірге келуіне мұрындық болар еді. Кардиология саласының негізін қалаған, ревматизм, жүрек-қан тамырлары ауруларының зерттелуіне үлкен үлес қосқан профессордың аты ұмытылмауы тиіс.
Төлеген РАЙЫСОВ, ҰҒА-ның академигі, Семей мемлекеттік медицина университеті ректорының кеңесшісі:
– Орекеңмен 1970-жылдары Харков қаласындағы медицина институтында кездескен едік. Ол кісінің медицина саласын дамытуға деген құлшынысы, еңбекқорлығы студент кезінен-ақ байқалатын. Медициналық кітаптарды күні-түні оқитын. Сол кездің өзінде-ақ Орекең студенттерге көшбасшы тұлға ретінде көрінетін. Білікті де білімді дәрігерлігіне қоса, азаматтығы мен үлкен адамгершілігі де астасып жататын. Ол бізге оқып білгенінің арқасында кардиолог атанып отырған дәрігер емес, туа бітті кардиологтай көрінетін. Ғалымның қарсы күрескен ауруының өзін арамыздан алып кеткені үлкен өкініш тудырады.