Дәл қазіргі таңда елімізге 6 мың дәрігер жетіспейді екен. Шалғай жатқан ауылдарымыз түгілі, бас шаһарларымыздың өзінде дәрігер жетіспеушілігі анық сезілуде. Жаңа емханалар бой түзеп, ауруханалар көбейгенімен онда қызмет атқаратын дәрігерлердің саны қажетті деңгейге жетпей тұр. Қазірдің өзінде астанадағы медициналық мекемелерде 1000-ға жуық дәрігердің орны бос тұрған көрінеді. Мамандар «Отандық медицинадағы маман жетіспеушілігі ұлт денсаулығына айтарлықтай әсер етіп тұр» дейді.
Әдетте ауылдық жерде қажетті емін таппаған науқас, бас қалаға үміт артып келеді. Алайда Елордада да науқасқа қызмет көрсететін дәрігер тапшы. Елімізде маман жетіспеушілігін байқаған Елбасының өзі «Өңірлерде салынған медициналық нысандар мамандармен толық қамтылуы тиіс, ал олар жетіспейді. Егер кадр болмаса, онда ауруханалардың құрылысын тоқтату керек. Дәрігерсіз корпусты салудың қажеті қанша? Олар қатар жүргізілуі тиіс. Кадрларды дайындауды арттырып, кеңейту қажет» деген еді. Расында да, бүгінгі күні елімізде дәрігер мамандар жетіспейді. Мамандардың келтірген дерек көздеріне сүйенсек, еліміздің емдеу мекемелерінде 6000-нан астам дәрігер жетіспейтін көрінеді. Қазіргі таңда әсіресе стоматолог, хирург, маммолог, кардиолог, офтальмолог секілді мамандардың жетіспеушілігін айқын сезініп отырмыз.
Рас, еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарын жыл сайын мыңдаған түлек бітіріп шығуда. Маман тапшылығының орнын толтыру мақсатында арнайы мемлекеттік тапсырыспен мамандар дайындауға мемлекет тарапынан да жыл сайын гранттар бөлінуде. Әйтсе де маман тапшылығы жойылар емес. Ресми статистикалық деректерге жүгінсек, бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 65 мыңнан астам дәрігер жұмыс істейді екен. Әйтсе де 6000 маманның жетіспеушілігі қалған мамандардың жүктемесін арттырып, жұмыс барысында айтарлықтай қиындықтар тудырып отырған көрінеді. Осы орайда мамандар «кадр тапшылығының айтарлықтай зардабын тартып отырмыз, тіпті маман тапшылығы салдарынан ауруы асқынған науқастар саны көбеюде» дейді. Шалғай ауылдарда ең негізгі деген мамандардың өзі таптыра бермейді. Мәселен, жергілікті жерде лор маманының жетіспеушілігі салдарынан ауылдық жердегі тұрғындардың ауруларын асқындырып, есту қабілетінен толықтай айырылғанда ғана облыс орталықтарындағы мамандар алдына келетіні байқалған. Немесе анда-санда сыр беретін бүйректің қылтың-сылтыңына мән бермей, екі бүйрек толықтай істен шығып, диалез қондырғысына таңылғанда ғана ел асып, жасанды бүйрек, нефролог маман іздей бастайды екен. Әдетте ауруды алғашқы кезеңдерінде емдеп шығу оңай екенін ескерсек, ауруы асқынған науқастардың өмір сүру мүмкіндігі де азая беретіні белгілі. Демек, дәрігер жетіспеушілігі халқымыздың денсаулығына айтарлықтай әсерін тигізіп отыр деуге болады.
Соңғы кездері еліміздегі мамандар халықтың орташа өмір сүру жасын ұзарту жөнінде жиі айтып жатыр. Бірақ дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, асқынған аурулар мәселесі бар жерде халықтың өмір сүру жасын ұзарту бос әңгіме секілді.
Кейбір ауру түрлері ұдайы тексерісті қажет етеді. Мәселен еліміздегі әрбір әйелге маммолог маманның ұдайы тексерісі қажет. Ең қиыны бұл ауру ерте сатыда анықталғанда ғана алдын алуға, әйелдің өмірін сақтап қалуға болады екен. Стандарт бойынша 100 мың адамға бір маммолог маманнан болуы керек. Яғни маммолог дәрігерлер еліміздегі әрбір аудандық ауруханада болуы керек. Алайда бүгінгі күні республика бойынша небәрі 50-дей ғана маммолог дәрігер жұмыс істейді екен. Егер Қазақстанда 17 миллиондай халық тұратынын ескерсек, онда елімізге кем дегенде 180 дәрігер маммолог қажет екенін қиналмай-ақ есептеуге болады. Әйтсе де бүгінде 17 миллион халыққа бар болғаны 50 шақты маммолог қызмет етуде. Олардың өзі үлкен қалаларда ғана. Сондықтан шалғай ауылдардағы халық ірі қалаларға келіп көрінуге мәжбүр. Бүгінде осы дәрігерлердің жетіспеушілігі салдарынан науқастары асқынған аурулар көбейіп барады. Мәселен, соңғы кездері елімізде ісік дертінің ІІІ-ІV сатысына жетіп, ауруы асқынған науқастар саны 60 пайызға жетіп отыр екен. Мұндай жағдайда қолданылатын ем 20 пайызға ғана шипалы, қалғандары бір немесе бес жыл арасында дүниеден озады деген сөз екенін ескерсек маман тапшылығының науқас өміріне қаншалықты әсер етіп отырғанын оңай анықтауға болады. Кез келген ауру алғашқы сатысында анықталған жағдайда ем тиімді жүреді, яғни 90-95 пайызға жуық науқас адамның өмірі сақталады. Осы орайда ауру алғашқы сатыда дұрыс анықталып, аурудың алдын алатын ем-дом дер кезінде жасалуы үшін елімізде дәрігер мамандар жеткілікті болуы керек.
Айта кетер жайт, 6000 маманның жетіспеушілігі салдарынан еліміздегі қалған кадрлардың жүктемесінің күрт артуы байқалған. Халық саны көп, маман аз. Жүктеме көбейген жерде сапалы медициналық көмек көрсетілуі де мүмкін еместігі белгілі. Демек, алдағы уақытта медицина саласындағы күрделенген мәселелердің күрмеуін шешкіміз келсе, заман талабына сай келетін жаңа типтік емханалар салумен қатар, оларды кәсіби мамандармен толықтыруды да ойлау қажет секілді. Медицина саласын заманға сай бейімдеп, қоғам сұранысын қанағаттандырып отырғанда ғана нағыз салауатты халыққа, «Саламатты Қазақстанға» айнала алатынымыз анық. Сондықтан ұлт денсаулығын оңалтқымыз келсе, маман тапшылығы мәселесі болдырмауды қажет етеді.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ