Қазақстан Президенті Назарбаев «Соңғы уақытта сырттан елге көшіп келуші оралмандардың саны азайды. Бұған бөлетін мемлекеттің ақша сомасы да төмендеді, бірақ біз қаражатты бөлуге дайынбыз. Сонымен қатар олар қазақстандық меморгандар көрсеткен жерлерге бет алуы тиіс. Тек сонда ғана жәрдем көрсетілуі тиіс. Сондықтан оралмандарды қабылдау жұмысын қайта бастаңдар. Оралмандарды жұмыс орны, жағдайы, орналасатын орындары бар жерлерге, солтүстікке, орталыққа, шығыс пен батысқа орналастыру керек» деді. Бұл туралы Елбасы сәрсенбі күні үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті.
– Расында, оралмандар мәселесі – қазіргі таңда күн тәртібіндегі өткір мәселенің бірі болып отыр. Бұл орайда жанды жұмыстар да жасалынып жатыр. Атап айтар болсақ, «Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне мұң-мұқтажын айтып келіп, айлап, тіптен ондаған жылдар бойы шешімін таппай жүрген мәселелері шешіліп, жолдары оңғарылып жатқан азаматтар аз емес. Азаматтар негізінен, құқықтық жәрдем, коммуналдық қиындықтар мен баспана мәселесі бойынша өті-нішпен келеді екен. Өз кезегінде бұл өтініштер шаң басып, тартпада жатып қалмай, мемлекеттік және құзырлы органдарға жолданады. Ең қуаныштысы, бұл арыз-шағымдардың жартысынан астамы оң шешіліп жатады. «Республика бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелері былтырдан бастап, жаңа формат бойынша жұмыс істеп жатыр. Министрлерден бастап, облыс және аудан әкімдерінің тізімдері бекітіліп, олар жыл бойы халықты қабылдап жатыр. Соның арқасында оң шешімін тапқан арыздар саны да артты» дейді «Нұр Отан» партиясы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Жұмажан Жүкенов. Қарағандылық Тоқтал Қабашұлы деген ақсақал да асу бермес құжат сарсаңына тап болып, бірнеше жылдан бері қиындық көріп, ақыры партияға шағым-дануға мәжбүр болған жанның бірі. Жасы алпыстан асқан Тоқтал ақсақал әбден шаршағанын айтады. Ашпаған есігі, бармаған жері қалмаған екен. Әбден тауы шағылған. Айтуынша, өзімен бірге келген баласы мен келіні әлі күнге дейін азаматтық ала алмапты.
Осының салдарынан қазақ топырағында дүниеге келсе де, екі бірдей немересі туу туралы куәлігін ала алмай қалған. «Қарағанды облысы Абай ауданының Қарабас деген жерінен келдім. 2011 жылы Моңғолиядан көшіп келгем. Бір отбасында алты адам келген едік, төртеуіміз әупірімдеп жүріп құжатқа қол жеткізгенімізбен, екеуі ала алмай қалды. Оның ала алмай қалуының басты себебі екеуі бізден кейін келген болатын. Қырсыққанда құзырлы органдар талап ететін құжаттарды ала алмай келіпті. Мұнда кел-геннен кейін оны ҚР азаматтығына қабылдануы үшін қыруар құжаттарды талап ете бастады. Солардың екеуін алдырып үлгеріп едім, сотталмағаны туралы анықтама мен Моңғолия азаматтығынан шыққаны туралы анық-тама алып кел деп қайтарып жіберді. Оны да алдырдық. Онымен шаруа бітпеді. Моңғолияда тұрғаны рас деген анықтама талап етпесі бар ма? Сол анықтаманы алып келгенше, оның Қазақстанда тұруы тиіс үш ай мерзімі аяқталып та қалды. Осы екі аралықта алғашқы немерем дүние есігін ашты. Бірақ Абай ауданындағылар біздің бұл жағдайымызға пысқырып та қараған жоқ. Азаматтыққа қабылдау туралы өтінішті өзіміз-ақ жаза саламыз деп алдап, ақ параққа қол қойдырып алған болатын. Сөйтсек, біздің үстімізден азаматтық әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде іс қозғап жіберіпті. Сөйтіп, күтпеген жерден екі балам заң бұзған болып шыға келеді. Ал заң бойынша Қазақстан аумағында әкімшілік құқық бұзған шетел азаматтары бес жыл көлемінде Қазақстан азаматтығын ала алмайды екен. Оның бәрі өтірік, балаларым заң бұзған жоқ. Жаныма бататыны – Абай ауданының Ішкі істер басқармасындағылардың жалған құжатқа қол қойдырып, жасамаған қылмысты жасады деп күнә артуы болып отыр. Соның өтеуін олар осы төрт жыл ішінде тартудай-ақ тартып келеді. Әсіресе, жаңа туған немерелерімнің санда не санатта да болмай отырғандығы жанымызға қатты батты. Ақыры жағдайымызды айтып, «Нұр Отан» партиясына шағымдандық. Ендігі үмітіміз – осы партияда. Алайда жергілікті әкімшілік менің «Нұр Отанға» шағымданғанымды онша жақтырмады. Соның есесі ретінде, жаңа туған немереме де құжат беруден бас тартты. Енді кімге барсам, кім менің мұңыма құлақ асады деп жүргенде, жақсы жаңалық болды. Екі немерем де туу туралы куәлігін алды. Құжат беретін мекемелердің қызметкерлері зыр жүгіріп жүріп құжат жасап берді. Жақын күндері ұлым мен келінімнің азаматтық мәселесі де оң шешіліп қалар деп үміттеніп отырмын» дейді ол.
«Бүгінде қандастар үшін қияметтің қыл көпіріне айналып тұрған бір мәселе бар. Ол – тұрақты тіркеуге тұру, азаматтық алу мәселесі. Құжат сарсаңына түсіп қиындық көрдік» немесе «көші-қон полициясы қызметкерлерінің жауапсыздығынан дер кезінде құжатымызды өткізе алмадық» деп мұң шағатындардың саны аз болмай тұр. Партиямыз осы мәселеге де қатты көңіл бөліп отыр. Тек осы жылдың алты айының өзінде ғана көші-қон саласына қатысты – 189, оралмандардың азаматтық ала алмау мәселесіне қатысты – 174 шағым келіп түсіпті. Әрине, қолдан келгенше арыз-шағымдардың жерде қалмауын қадағалаймыз. Отырып нұсқау беріп қана қоймай, өзіміз барып араласатын кездеріміз болады. Құзырлы органдардан ақпарат алып, оң шешім табуына ықпал жасауға тырысып жатамыз. Мәселен, жақында Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында көп жылдан бері азаматтық ала алмай жүрген Гүлмира Хамраева деген азаматтың тұрақты тіркеуге алынып, ықтияр хат алуына мұрындық болдық» дейді Жұмажан Қамкенұлы.
Сондай-ақ ол анасының Қазақстан азаматтығын растайтын құжаты болмағандықтан жаңа туған нәрестеге туу туралы құжат бермеу секілді мәселелердің де жиі кездесетінін айтады. «Жақында осы мәселе бойынша Көші-қон полициясымен арнайы әңгіме өткіздік. Арнайы Алматы облысында да болып қайттым. Ішкі істер министрімен бірге қабылдау өткіздік. Сол жерде Қытайдан келген бір оралманды қабылдадым. Тура осындай жағдай болған. Елге келген соң тура үш айдан кейін әйелі босанады екен. Құжаты – қытайдікі, «не істеймін?» дейді. Құзырлы органға сұрау жіберіп едік, ондағылар мұндай жағдайда әрбір азамат шетелдік құжатымен салық басқармасына бару керек екен, әрі сол жерден «резидент емес» деген таңбамен жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) ала-тынын мәлім етті. Баланың анасы сол нөмірмен нәрестесіне туу туралы куәлік алады. Онсыз перзентханалар балаға құжат бере алмайды. Кейін анасы азаматтық алған кезде осы ЖИН сақталады» дейді ол.
Жергілікті қөші-қон басқармасының босағасында айлап-жылдап азаматтық ала алмай жүргендердің нақты саны жөнінде жүйелі ақпарат жоқ. Бейресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әртүрлі себептермен азаматтық ала алмай жүрген оралмандардың саны 50 мыңнан асып жығылған. Кейін бұл деректі Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ішкі және сыртқы көші-қон мәселелері талқыланған отырыстарының бірінде Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің бастығы Серік Сайынов та растады. «Қазақстанда 165 мыңға тарта шетелдік азаматтар тұрақты түрде тұрып жатыр. Олардың үштен бірі, яғни 50 мыңнан астамы – әлі азаматтық ала алмаған оралмандар» деп атап өткен-ді.
Сол жолғы отырыста Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев та оралмандардың азаматтық алу мәселесі сөзбұйдаға салынып, ұзаққа созылып кететінін айтқан бо-латын. Онсыз көш жүрмей тұрғанда құжат мәселесі қиын болды. «Биыл да біраз адам келгелі отыр. Бұлар не істейді? Еліңнен барып азаматтықтан шыққаны, сотталмағаны, тіркеуден шыққаны туралы анықтама алып кел деп, ақылға сыймайтын талаптар қойып, оралмандарды қинап отырмыз. Бұл ешқандай заңда жоқ» дейді ол.
Оралмандарға ауыр тиетіні де осы талаптар. Әсіресе, Қытайдан көшіп келгендерге қиын болып отыр. Өйткені бұл елден келетіндерден «сотталған-сотталмағаны жайлы және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы жайлы» екі анықтама талап етіледі екен. Кейін «қарызы жоқ» деген, сосын «Қытайда тұрақты тіркеуде жоқ» деген анықтама керек деген бап қосылды. «Ал мұндай бір жапырақ қағазды Қытай дәл сол жерде өліп кетсеңіз де бермейді. Анықтама сұрап елшілікке барған жұртты«құжатты Қытайдан аласыңдар» деп шығарып салады. Сондықтан көбісі еріксіз Қытайға қайта кері қайтып жатыр» дейді Айдын Нұртолқын есімді азамат.
«Мен де осындай талаптың зиянын көріп жүрмін. Ата жұртыма келгелі он жылдай уақыт болды. Әке-шешемді, іні-қарындастарымды да көшіріп алсам деген ниетім бар еді. Құжат беретін мамандар «ыхтиярхат хат алып, тұрақты тіркеуге тұру үшін, Қытайдың консулынан анықтама алып кел деп жіберді. Құжаттың бәрін жинап апарсақ, енді Қытай Халық Республикасы елшілігі консулдық бөлімінің Қазақстанда тұруына қарсы емес деген анықтамасы керек екен. Одан бөлек, Қытайдағы тіркеуден шығып және бұрын сотталмаған деген қағазды нотариуспен бекітіп әкелуді тапсырды.Ол аздай жұмыс істемегендігі туралы, яғни «кәсіпсіз» деген анықтама қажет екен. Ең бастысы – тұрақты тіркеуден шықты деген қағазды алу қиын. Барлық түйткіл осыған келіп тірелуде» дейді қытайдан көшіп келген тағы бір қандасымыз Мұхтарбек Сәлиұлы.
Жебеу қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахым Айыпұлы бұл талаптардың көбісінің заңсыз екенін айтады. «Бізде өкініштісі көші-қон саласының кейбір мамандары еш жерде жоқ ереже тауып алуға құмар болып барады. Олардың көбісі заңда көрсетілмеген. Көрсетілгендерінің өзін алу қиын. Мәселен, «сотталмаған» деген анықтамаға байланысты Қытайдың консулымен сөйлескенім бар. Сонда ол Қытайда «қылмыскер болса, шетелге шықпайды» деген заң қабылданғанын айтты. Яғни заң бұзған адам қытай елінен аттап шыға алмайды деген сөз. Осыны біле тұрып осыншама адамды сорлатудың қажеті қанша?» дейді ол.
Моңғолиядан келген оралмандардың да жайы онша емес. Соңғы бірнеше жылдан бері бұл елде Америка секілді құжатта ұлтын көрсетпейтін болған. Сондықтан Бай-өлкеден көшіп келген қазақтардың ұлтының қазақ екендігін анықтау қажеттілігі туындап отыр. Шернияз Шұмахай – 90-жылдары отбасымен Ақтөбеге қоныстанған азамат. Сол уақыттан бері 20 жыл өтсе де, құжатын рәсімдей алмай келеді. Себебі моңғолиялық паспортындағы «ұлты» деген тармаққа қазақ полицейлері сенбей отыр «Мұндағылар қазақ екеніме күмән келтіреді. Атым – Шернияз. Әкемнің аты – Шұмахай. Осындай қазақтың атын қойған қай моңғолды көріп едіңіздер? Соның кесірінен 20 жыл бойы құжатсыз жүрмін» дейді ол.
Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханымның көші-қон тоқтамайтындығы жайында мәлімдемесінен кейін оралмандарды қоныстандыру жөнінде арнайы Қаулы қабылданды. Ол мамырдың 25-нен бастап күшіне енді. Бұл Қаулы бойынша, аталған 7 облыстан өзге өңірлерге келетін оралмандардың төлем қабілетін айқындау мақсатында, қалтасында 2 миллион теңге болуы тиіс. Онсыз олардың тұрақты тіркеуге тұруы қиын. Алайда жақында министр ханым бұл Қаулыға өзгерістер енгізілетінін айтты және оралмандар Қазақстанның қай өңіріне келсе де, тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндіктері бар және олар өзге шетел азаматтары секілді төлем қабілетін растауға міндетті еместігін жет-кізді. Бірақ бұл арнайы бір заңдық құжаттармен әлі бекітілген жоқ
Жұлдыз БАЙДІЛДА
Айқын