Елімізде декреттік демалыс уақытын ұзарту ұсынылды. Бүгінде оның мерзімі бір жыл, бірақ мамандар аталған көрсеткішті бір жарым жылға дейін көтеру керек дейді. Бұл жөнінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мәлімдеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінде ерлер де, әйелдер секілді декреттік демалысқа шыға алады. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы 3,5 мың әке бала күтімімен айналысуға бел буған.
Бүгінде ата-аналар бала күтіміне қатысты берілетін ай сайынғы өтемақыны бір жылға дейін алып жатыр. Ал, Әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері аталған көрсеткішті бір жарым жылға дейін ұзартуды ұсынып отыр.
Нұрсұлу Кемел, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Бас директоры:
- Біз Әлеуметтік кодекс аясында төлемдердің мерзімін бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтуды ұсынып отырмыз. Қазір бұл бастама қызу талқыланып жатыр, алдағы уақытта өз ұсыныстарымызды жұртшылыққа жеткізетін боламыз.
Төлемдер сомасы соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40% құраған. Екі не одан да көп бала туған кезде жәрдемақы әр балаға жеке тағайындалады. Айта кетейік, бүгінде аналармен бірге декреттік демалысқа шыққан әкелер халқымыз үшін әлі де таңсық болып отыр. Мамандардың сөзінше, өткен жылы осы бойынша 3500-ге жуық ер азамат ресми түрде демалысқа шығып, әлеуметтік жәрдемақы алған.
Нұрсұлу Кемел, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Бас директоры:
- Бала күтімі үшін декреттік демалысқа шығуды шешкен ер адамдар үшін ешқандай кедергілер болмайды. Бұл жағдайда төлемді ата-ананың біреуі ғана ала алады.
Егер декреттік демалысқа шығу туралы шешімді әкесі қабылдаған болса, ол ресми түрде жұмысқа тұруға міндетті. Және әлеуметтік аударымдар жасауы тиіс. Бұл жағдайда төлем балаға тағайындалады. Биыл асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 9 пайызға артқан. Елімізде мұндай төлемді 57 мыңнан астам отбасы алады.
Нұрсұлу Кемел, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Бас директоры:
- Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы бала 18 немесе 23 жасқа толғанға дейін беріледі. Бұл төлем баланың ата-анасынан айырылған жағдайда тағайындалады. Әкесі қайтыс болса, төлем анасына тағайындалады. Анасы қайтыс болса, төлемді баланың әкесі алады.Төлем отбасындағы бала санына байланысты тағайындалады.
Әлеуметтік төлемдер – мүгедектік, асыраушысынан айырылған және жұмыссыздық, сондай-ақ, жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылғаны үшін, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін төлемдер.