Қасиет қонған «қара дүкен» немесе Жәлен ата жайлы не білеміз?

Бозкөлге баршы, балам, баршы, балам,

Барсаң болды бәрінен аршып алам.

Текке келіп өмірден текке кетпе,

Алынбаған сенің де бар сыбағаң.

Қара төске басыңды тигіз, балам,

Маңдайыңды жалынға сүйгіз, балам.

Құйрық майдың түтінін иіскелеп,

Жәлен қартқа есіңді жиғыз, балам.

Құм шағылды табаның бассын, балам,

Тазалық пен мерейің ассын, балам.

Түнеухана ішіне қонып қайтшы,

Жын мен сайтан бойыңнан қашсын, балам.

Жусан иісін иіскеп, тазар, балам,

Жаның кірлеп жүргені азар маған.

Бозкөлге бар, Бөзкөлде ғұлама бар,

Бергі бетін өмірдің ажарлаған. 

Ғалия Аманқызы.

 

Бозкөл – Қазалының шеткі ауылдарының бірі. Мұнда «Атақты дүкен ұстаған Жәлен қартты кім біледі?» деп сұраудың өзі артық. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда қазақтың киелі өнері – ұсталық, көріпкелдік, емшілік, шипагерлік т.б. қасиеттерді бір басына топтастырған Жәлен ата жайлы жергілікті жұрт жыр қылып айтады.

Жалпы біздің халық көшпелі заманнан бері қарай ел ішіндегі бақсылық, емшілік дәстүрлерді ерекше бағалаған. Ғылыммен қаруланған қазіргідей дәрігерлер болмаған заманның өзінде бақсы-балгерлер ел аралап, ауру жандарды емдеп жазған. Сондықтан оларды халық қатты құрметтеген. Расы керек, бақсылық, емшілік дәстүрлер бүгінгі күнге дейін жойылмай, медицинамен қатар дамып келеді. Оның айғағы – Қазақстан халық емшілері қауымдастығының құрылуы. Бұл қауымдастық ұлттың этникалық халық емшілерінің құпия сырларын шешуге көмектесіп, әлемдік дәрежеге көтеруге ықпал етуде.

Адам бойындағы бұл қасиеттердің тұқым қуалаушылық арқылы ұрпақтан ұрпаққа берілетіндігі де бар. Мысалы, есімі осы аймаққа белгілі Жәлен атаның әулиелік, емшілік, ұсталық, зергерлік қасиеттері кейінгі ұрпақтарына дарып, жалғасын тауып отыр. Бақсылық өнердің Қорқыттан бастау алып, бүгінге дейін жалғасып келе жатқандығын осы мақаладан-ақ байқайсыз. Ал енді Алла берген қасиеті мен қабілеті ерекше дамыған жандар Қазалы төңірегінде де көп. Мәселен, Райымберді, Сары Нысан, Алтай Шаймағанбет, Қожаназар ишандар, Өтеш, Қасым, Базарқожа, Пахуадин, Дәулет бақсы, Қуандық, Қарамолда, Алпамыс  әулиелер және Мүсірәлі абыз бен Жиенәлі ахунды айта аламыз. Тізімді жалғастыра берсек, сынықшы Қани атаны осыларға қосуға болады.  Бұл ерекше тылсым иелері қатарында Қазалының Бозкөл ауылында 1904-1983 жылдар аралығында өмір сүрген  Ерімбет баласы Жәлен ата да бар.

Тарихты қаузасақ, Жәлен ата қазақ-қалмақ соғысында ақ найзасын қолға алып, арғымақ мінген батырлардың бірі әрі биі, әулие атанған Сартай бабаға бес-алты  атадан барып қосылады. Ата қонысы Арал ауданындағы Ақшатау елді мекенінде болған Жәленнің әкесінің бейіті осы Сартай батырдың  қасында жатыр .

Жәлен жайлы сұрау салсаңыз, оның аруақты бақсы әрі дүкен ұстаған ұста болғанын естисіз. Арғы аталарының бірі Сасықбай бір рулы елге есімі жа­йылған құдіретті кісі болыпты. Тұқым қуалап, Сасықбайдың бақсылық қасие­ті  Жәленге қонған. Ал ұсталық өнері өзінің туған нағашысы Анарбектен дариды. Анарбек заманында Қазалы уезіне белгілі ұста болған. Нағашы жұртына келген Жәлен Анарбек ұстаға шәкірт болып, оның ұсталық өнерін толық меңгерген екен. Ұста нағашысынан бата алып, киелі қара дүкенге осылай иелік еткен. Сонымен қатар, Жәлен ұстаның немересі Ләззат Жәленованың айтуынша, атасының ұстаханасы «пері аунаған» жерге салынған-мыс.

– Ұсталардың жұмыс орнын халық «қара дүкен» деп атайды. Атам аруақ қонған кісі. Жын-перілерді жұмсайтын, адам бойын жыннан аластайтын  қабілеті болған. Расында, көрік басатын ұсталық өнер кез келген жанға бұйыра бермейтін киелі іс қой. Атамыздың бір қолы болмаған, соған қарамастан, шебер ұста болған. Темірден түрлі бұйымдарды жасап шығаратын. Зергерлік өнімдері де өте әдемі, – дейді немересі Ләззат Жәленова.

Бабалардан бата алған Жәлен ақсақал өзіне қонған бақсылық қасиетпен қара дүкеннің киесі арқасында ұстамалы ауру, көтеріліп ауыр­ған, жын айналдырып, бала көтермей жүрген әйелдер немесе зиянды әрекет еткен кісілерді қарап, түрлі аурумен келген елге қолдан ем жасайды екен. Жәлен атаның қолынан ел арасынан жазылған адамдар көптеп саналады. Күні бүгінге дейін Жәлен атаның қара дүкеніне жер-жерден, лек-легімен ағылып, адамдар келіп жатады. Атаның бойына дарыған тағы бір киелі өнері – ұсталық-зергерлік.  Ол емшілік өнерімен кезінде өз дүкенінде қара темірден түйін түйіп, зергерлік  бұйымдарды өте шебер жасаған. Өзі жасаған ер-тұрман әбзелдері мен белбеу, алтын жалатқан қанжар, әртүрлі көз тартатын бұйымдар күні бүгінге дейін сақтаулы.

Жәлен атаның  Бахит, Сахит, Амангелді, Аманжол  атты төрт ер баласы болған. Үшінші баласының есімі Амангелді болу себебі, ата 1941 жылы Ұлы Отан  соғысына алынған. Бірақ ауырып 6 айдан кейін елге оралыпты. Келген соң аяғы ауыр қалған жолдасы Набат әжеміз ұл босанып, атаның аман-есен елге оралғанына, ұлының атын Амангелді қойыпты. Ауыл тұрғындарына айтқан Жәлен атаның әңгімесі қызық. Аруақ  жолымен ауырған жігіт Жәленге командир сенімсіздік білдіріп, «Бұл соғысудан қорқып әдейі  істеп жүр. Бұған оқ  шығындамаймыз, онсыз да оқ тапшы,  өзі үсіп өлер» деп, қақаған қыста қалың қардың үстіне тастаған көрінеді. Қайтар жолда сол солдаттар терлеп-тепшіп, айналасындағы қардың бәрін ерітіп, шылқыған су ортасында  ұйықтап жатқан Жәленді көреді. Командир сонда сенбестік танытып, сол кездегі Кеңес одағына белгілі профессорға көрсетіп, тексере келе, «бойында тылсым қуат» барын анықтап, елге қайтаруға шешім қабылдаған.

– Осы әулие атамның үйіне келін болып түсіп, отын жағып, тәрбие­сінде болдым. Қара дүкеннен көргенімді сөзбен жеткізе алмаймын. Түннің бір уағында тысқа шыққанымда, дүкенде төс өзінен-өзі ұрылып, ішінде адамдар сөйлеп, күліп жұмыс істеп, көрікте от жанып, терезесінен түскен сәулесі есіктің алдын алып жатады. Әдепкі уақытта қорқып  жүрдім. Кейін үйрендім. Сонда қайынағам «Қорықпа, балам, жүрегің таза болса, саған ештеңе  қылмайды. Жұмыс істеп жатқан дүкеннің аруақтары» дейтін. Жасаған бұ­йымдары көздің жауын алушы еді. 1955-1956 жылдары атама көз тиіп, оң қолына жара шықты. Дәрігерлердің шешімі бойынша, облысқа барып, оң қолын шынтақтан жоғары кестірді. Бір қолымен болса да, ұсталығын, емшілігін жалғастырды. Жолдастары: «жұрт екі қолымен жұмыс істеп оңдырмайды, сен қалай сыңар қолмен жұмыс істеп жүрсің?» деп таңданысатын. Ол пішен оратын, отын да шабатын. Сонда беретін жауабы, «мен аттан түскенше, пішен де, жыңғыл да өзінен-өзі  құлай береді. Аруағым істейді» дейтін. Қайынағам бізге осылай айтып отырушы еді, – деп әңгімесін шертті келіні Таңсұлу апа.

Аруақты бақсы, дүкен ұстаған ұста, қолөнер шебері, әулие  Жәлен ата 1983 жылы 7 қараша күні 79 жасында қайтыс болды. Ата қайтыс болар алдында өзі жасынан тәрбиелеп, барлық ұсталық өнеріне үйреткен, аруақ қонған Сахит баласына ақ батасын беріп, «қара дүкенді» аманатқа  қалдырған.

Енді қараңыз. Таза бақсылардың бойында көріпкелдік, бол­жампаздық, жұлдызна­ма­лық, құмалақшылық, сы­нық­­­шы­лық, тамыршылық, дәрі жасау, сазгерлік, ақындық, жыр­­­шылық, орындаушылық қа­сиет­тері болғаны анық. Осы қасиеттерді біз әңгіме етіп отыр­ған Жәлен атаның  және ұрпақтарының бойынан табуға болады. Бата алған Сахит әке ата жолын қастерлеп ұстап, Жәлен атаның тапсырған аманатын бұлжытпай орындап, өз қолымен әкесінің басына үлкен үйтам тұрғызыпты. 1939 жылы туған Сахит бабасының киелі жолын адалдықпен жалғастыра білген.

– 2000 жылы аяқ-қолым тарты­лып, Қазалы қаласындағы ауруханаға жаттым. 45 күн ем алдым. Еш шипа болмады. Сонымен Бозкөл ауылындағы «қара дүкенге» ағайындарым алып барды. Жүре алмаймын. Онда мені жамылғыға салып, алып кірді. Екі-үш барғанымда, өзгеріс болып, таяққа сүйеніп бардым. Төрт-бес барғанымда науқасымнан айықтым. Қазір өз ауылымда еңбек етіп жүрмін. Киелі орынның шипасы мұқтаж жандарға дари берсін, – дейді Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Мергенбай аға өз естелігінде.

Сахит әке жолымен келген емшілік, қолөнерлік қасиетімен бірге ұстаздық жолды да қатар атқарған. 1963 жылдан 1994 жылға дейін сол кездегі №96 Боз­көл орта мектебінде ауылшаруашылық және машинатану пәні мұғалімі болып қызмет еткен. Мектепте жүріп зергерлік, ұсталық өнерді кейінгі буынға үйрете білді. Оның қолынан шыққан түрлі тұрмыстық бұйымдар, ат әбзелдері, қару-жарақтар, ағаштан ойылған заттар көрме сәніне айналған.

  – Сахит әкем дүниеден өтер алдында Жәлен әкесінің зираты қасынан «Аманат» атты «қара дүкен» салып бітірді. Ауылдың қарияларын зират басындағы түнеуханаға шақырды. Ондағы мақсат – кенже баласы Аманатқа қариялардан бата алып беру және ата жолымен өз батасын беріп, аман-сау тұрғанда қара дүкенді кіші ұлға тапсыру. Салынған жайдың ішінде өзі қолдан жасап, көрік орнатыпты. Барлық ұста дүкенінің жабдықтары үлкен столға қойылған. Дүкеннің ішіне темір соғатын төс жабдықтары орнатылған. «Қара дүкенге» кірген соң Сахит көрікті қолымен басып жандырып, ата жолының әдет-ғұрпы бойынша Аманатқа әкесі Жәлен бабамыздың өзіне батасын беріп, кигізген ақ көйлегін кигізіпті. Тебірене көзіне жас алып, ұзақ сөйлеп, ата-баба аруағына сыйынып, кіші ұлға ақ батасын беріп, қара дүкенді аманат етіп тапсырды, – дейді Ләззат Сахитқызы.

Әкесінің ақ батасын алған кенже баласы Аманатқа да әке өнері қасиеті дарыған. Бұдан бөлек, қаннан-қанға берілетін қасиет бойынша Сахит ұл-қызы да түгелімен өнерге жақын жандар. Бірі әнші, бірі суретші, бірі ағаш шебері, мүсінші, бірі тігінші, тағы сол сияқты. Балалары да баба жолын жалғас­тырып, түрлі бұйымдар жасаумен, сурет салумен  айналысып жүр.

– Біздің үйге ішімдік ішкен адам келсе, алдынан ұзын қара жылан шығып, ысылдап тұрып алады. Кезінде сол кереметті көрген адам әп-сәтте талып та қалатын. Ұстахана ісін бізге тастауға болмайды, біздің мақсатымыз – киелі орынды таза ұстап, көрік басып, балға ұрып, төс соғу, сол арқылы елге қызмет қылу. Бұл «қара дүкеннің» ішінде адам болмаса да кей мезгілдері дүрсілдеген, тарс-тұрс еткен дауыс шығып жатады, Ел ішінде «қасиет қонған қара дүкен» аталып кеткен ұстаханаға ара-тұра еміне шипа іздеген науқастар келеді. Сонда түнеп, тазалық тұнған жерге аунағанға ұстахананың шапағаты тиюде, – дейді ұлы Аманат.

Халық қолөнерін жетік меңгерген отбасының атакәсіпті әрі өрістетуге деген ықыласы зор. Сонымен қатар бұл шаңырақта музей да бар. Онда Жәлен мен ұлы Сахиттың және балалары Қайрат, Қанат, Талант, Аманат, Әсемкүлдердің қолдарынан шыққан бұйымдар қойылған. Музейді ауыл тұрғындары, мектеп оқушыларынан бөлек, сырт елден естіп келген қонақтар да тамашалап жүр. Мұндағы құнды дүниелерді халыққа насихаттау мақсатында аудандық, облыстық музей қызметкерлері келіп, әулет шеберлері жасаған бұйымдардың кейбірін өз музейлері арқылы насихаттау­ды да қолға алған.

Ержан ҚОЖАСОВ.

Суреттерді түсірген

Нұрболат Нұржаубай.

Қазалы ауданы.

syrboyi.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста