Аңғал елді дүмше емші басынады

Медицинаға сенім жоғал­ғанда, ел мистикаға жүгінеді. Мұндайда халықтың баратыны бізде &ndash емшілер мен хиджама жасаушылар, Африкада -  ша­ман­дар, дамыған елдерде - го­меопаттар. Қазақ халқы ға­­сыр­лар бойы емші, дуашы, бақ­сы-балгер арқасында ем­де­ліп келді. Ал қазақы ем дәс­түрі­нің үзіліп қалуы және алаяқ-көзбояушының көбеюі ем­шілік беделіне дақ түсірді.

«Өркендеуде артта қалған мем­лекеттердің халқы емшіге көп жүгінеді» деген тұжырым бар. Шы­нында, озық дамыған елдерде де халықтың үлкен бөлігі дәстүрлі емес медицинаға сенеді. ДДСҰ дерегінше, басқаша «баламалы» деп аталатын конвенциалды емес медицина қызметтеріне, гомеопа­тияға АҚШ-та пациенттердің 42%-ы жүгінген. Францияда бұл көрсеткіш - 75%, Канадада - 70%, Австралияда - 48%. Бель­гияда дәрігерлердің 84% өз тәжіри­бесінде кем дегенде бір рет сыр­қатты дерттен айықтырудың ба­лама тәсілдерін қолданған.

Қазақстанда баламалы ем түрлерін ешкім бақыламайды. Біраз жыл бұрын бұл саланы мемлекеттік реттеу жойылды. Нарықтың қадағалаусыз қалғанын біліп, көрші қырғыз, өзбек және басқа елдерден өзін емші атағандар ағылып келуде.

 

Мемлекет реттегені жөн

Тәжірибелі анестезиолог-реаниматолог дәрігер Ғабит Рысбаев Шығыс медицинасы бойынша да оқып, терең білім алған. Ол «халық емшілерінің ау­руларға диагноз қойып, емдеуіне тыйым салу керек» деп санайды.

«Мені алаңдататыны: бүгінде емшілер, хиджама жасаушылар көбейіп кетті. Қазір қойшы да, шаштараз да &ndash хиджамашы. Себебі мемлекет тарапынан тексеріс жоқ, тыйым жоқ. Көбіне медициналық білімі болмағандықтан, олар науқастарға зиянын тигізіп жатыр. Асептика, антисептика шараларын дұрыс жүргізбеген соң, науқастар жұқпалы дертке душар болады. Бақылаусыз қан алынғандықтан гиповолемиялық шокқа түсу қаупі туады. Өкінішке қарай, ондай емдеудің кейбірі қайғылы аяқталып та жатыр. Ендеше халық емшілеріне диагноз қойып, елді емдеуіне тыйым салу қажет», &ndash дейді Ғабит Нұрханұлы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа жазған хатында.

Ол «халық емшісімін» дейтін­дердің не істеп жүргенін білетінін жеткізді.

«Олардың диагнозы суықтың көтерілуі, ыстықтың тасуы, көз тию секілді болып келеді. Бұрынғы шаштараз, аспаз қолына скальпель ұстап, «дәрігер емдей алмаған қан қысымыңды емдеп берем» деп жар салып жүр. Неге оларды бетімен жіберген? Олай болса, барлық мединституттарды жауып, емдеу ісін емшілерге берейік! Құрметті Елжан Амантайұлы, халық емші­лерін де ретке келтіретін уақыт жетті. Қазақы еммен айналысқысы келетіндер тек Денсаулық сақтау министрлігінің лицензиясымен жұмыс істеуі керек. Себебі азамат­тардың денсаулығына министрлік тікелей жауапты», &ndash деді тәжірибелі дәрігер.

Ол ведомствоға нақты ұсы­нысын айтты. Біріншіден, емші­лерге науқасты емдеуге рұқсат беретін «Халық емшісі» ЖШС сияқты мекемелер тексерілуі қа­жет. Екіншіден, хиджама, қан шы­ғару, сүлік салу сияқты қанмен байланысты емдеу түрлерін тек дә­рігерлер жасауы тиіс. Үшіншіден, Ішкі істер министрлігі елді алдап, азаматтардың басын өлімге байлап жүрген алаяқтарды құрықтау және заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою бағытында пәрменді шара­лар жүргізгені маңызды. Өйткені көзбояушылар халықтың наразы­лығын өршітеді.

Әйткенмен, Денсаулық сақтау министрлігі қайрансыздығын аңғартты. Меморганның Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің түсіндіруінше, 2009 жылғы 18 қыр­күйектен бері қолданыста бол­ған «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» ко­декс бойынша бұған дейін жеке тұл­ғалар тек министрлік аккре­диттеген денсаулық сақтау ұйым­дары беретін сертификат негізінде ғана халықтық медицина, яғни емшілік әдістерін қолдана алатын.

Алайда ел Үкіметі Doing Business рейтингінде өсуге елі­гіп, қат­ты әуес­теніп кетті де, көп саланы қадағалаусыз қал­дыр­ды. Нәтижесінде, 2012 жылы қабыл­­данған «Кейбір заңнама­лық актілерге рұқсат беру құжат­тарын қысқарту және мемлекет­тік органдардың бақылау және қа­дағалау функцияларын оңтайлан­дыру мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заңына сәйкес заңна­ма­дағы емшілерге қатысты талап алып тасталды.

«Заң бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені едәуір төмендету, сон­­дай-ақ кәсіпкерлікті одан әрі дамыту жөніндегі Мемлекет бас­шы­­сының тапсырмаларын орын­дау үшін қабылданды. 2012 жыл­ғы 6 тамызда осы заңның өз кү­шіне енуіне байланысты министрліктің денсаулық сақтау ұйымдарын емші сертификатын беру құқығына ак­­кредиттеуді жүргізу жөніндегі құзыреті жойылды. «Емші серти­фи­каты» рұқсат беру құжаты қыс­қартылған», &ndash дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті.

Комитет қазіргі уақытта халық емшілерінің қызметін бағалау мен бақылау жоғын хабарлады. Оның үстіне, олар қолданатын «сауық­тыру» тетіктері ғылыми әдістермен өлшеуге және зерттеуге келмейді екен.

 

Қазақ емі - ғажайыптың кені

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда медициналық мас­саж, гирудотерапия, инемен пісу, психотерапия да дәстүрлі меди­цинаға жатқызылған, бірақ онымен айналысатындардан меди­циналық білімінің болуы талап етіледі. Ал хиджама &ndash қан шығару жолымен емдеу әдісі медициналық қызмет түріне жатпайды. Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алдау-арбауға ермеуге шақырады.

Қазақстанның Әкімшілік құқық­бұзушылық кодексінде тек Каш­пировский, Чумак секілді бұ­қаралық емшілік сеанстарын өткізу үшін ғана жаза қарастырылған, оның өзі 150 АЕК мөлшерінде айып­пұлмен құтылады.

Қазақы емнен сырқаттың сауы­ғып кетуінің фактілері де жетерлік. Журналист, телепродюсер Фарида Батырбаева 1998 жылдың ақпа­нында «Қапшағай &ndash Алматы» трасса­сында жол апатына ұшыраға­нын, қабырғалары, омыртқасы сын­ғанын әңгімеледі. Сонда Алма­ты облысындағы Шонжы (Чунджа) ауылында тұратын Тоқтарбек есімді сүйекші арқасында қайтадан жүріп кеткен екен.

«Бұған дейін бір жылдай ке­реуетке таңылған өмір күтіп тұр­ғандай еді. Сынықшы-емші рентген түсірілімдерін қарап шықты да, маған: «Үш күннен кейін жүріп кетесің!», &ndash деді. Ол дәрігерлер кигіз­ген барлық корсеттерді алып тас­тады. Содан кейін сын­ған жер­лер­ге жұмыртқаның тұз­дал­ған сары­сынан жасалған лангет­терді қойды да, өзінің қуатты қолдары­мен сол аяғымдағы бір нүк­те­лер­ді баса бастады. Бұл рет­те ол күбір­леп бірдеңе оқумен бол­ды. Мен ауырсыну сезімінен шың­­ғырып, жылап жатырмын. Алай­да ол ештеңеге қарамай, өз ісін жал­ғастырды. Ақыры үшін­ші күні ор­ным­нан тұрғызып, орын­дыққа отырғызды», &ndash дейді Ф.Батырбаева. Бір апта ішінде ол корсеттерді қайтару және еңбекке жарамсыздық парағын жабу үшін ауруханаға барған. «Мені көргенде, дәрігерлер таңғалды», &ndash дейді Фарида.

Қазақы ем кілтін тапса, ға­жайып тудыра алады. Өйткені ғы­­лым­мен астасып жатыр. 1388-1478 жылдары өмір сүрген қа­зақ­­тың әйгілі шипагер ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сонау XIV ғасырда «Шипагерлік баян» кітабында ше­шекке (оспа) қарсы вакцина жайын­да жазып кеткен.

«Шешек таралса, алғаш жұқ­тырған баланың шешек іріңін алып, бұзаудың шап терісін тіліп, сол араға жағып қоймақ керек. Бір жұмадан кейін қарасақ, тананың шабындағы ол жер жұдырықтай, не одан да үлкен, не одан кіші болып, томпайып шығып бұлтимақ. Сол томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен жарған орыннан бүйрек қабына құйып, күн тигізбей аялап сақтап, қажетті кезде таза ағашты үшкірлеп жонып алып, бұрын шешек шықпағандардың қолының талдырмасының томпайма етінің сыртынан сызып, тептіргімен жа­ғып қойса болды, шешек өніп шы­ғады да тұла бойы өртеніп, сал­ғырттап, сандырақтамақ, жыламақ. Бұл кезде егілген бала қасып тас­тамау үшін бөзбен таңып тастау керек», &ndash делінген онда. Құжатта қырық күнге дейін су тигізуге болмайтыны да атап көрсетілген.

Осыдан-ақ қазақ емшілігінің жоғары деңгейін аңғаруға болады. Әйтпесе, шешектің алдын алу әдісін Батыс білмеген. 1348 жылы Бургундия (Франция) патшайымы Аустригильда жантәсілім етер алдында өз күйеуінен дуа жасап, тұмар-талисман тағып, шешектен аман сақтай алмаған емшілері Николаус пен Донатустың басын шабуды өтінеді. XVII ғасыр соңында ағылшын патшайымы Мария, 1730 жылы Ресей им­пе­раторы ІІ Петр де шешектен өлген. Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігіне сен­сек, оспадан орта ғасырларда Еуро­пада жыл сайын 1,5 миллион адам қаза тауып отырған.

Қазақ тарихында мұндай ме­­ди­циналық апат тіркелмеді. Бірақ денсаулық сақтау саласы реттелмей, құлдырай берсе, арты жақ­сылыққа соқтырмауы ықтимал.

 

Айхан ШӘРІП

Aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста