Ол емшілігімен көпке танылып жүрген жайсаң мінезді Батыстың қызы. Бүгінде күніне 300-400 адамды тегін қабылдаумен қатар, айналасын рухани азықтандырып жүрген заманауи сынықшы әрі ұшықшы. Айнұр Асқарқызының «Сырласуға» ақтарған сырына сіздер де қанық болыңыздар.
С: Қазақта емшіні ел құрметтеп, сыйлаған. Бірақ сіздей жұлдыз емшіні бірінші көруіміз. Бұл танымалдылыққа қалай ие болдыңыз?
- Бала кезімде ауылда қозы-қой бағып жүріп, қаптаған адам мені қол шапалақтап күтіп тұр деп елестететінмін. Елге сыйлы, үлкен тұлға болып, халықтың алдында жүргім келді.
Негізгі мамандығым &ndash заңгер. Мектеп бітіретін кезде құқық қорғау ісіне қатты қызығып, судья немесе адвокат болуды ойладым. Сол мақсатпен жоғары оқу орнын бітірдім. Бірақ ол салада жұмыс істемедім.
Бірде үйдегі бір лақтың аяғы сынып қалыпты. Аяғын ақырын ұстап отырып, сынығын салып беріп едім, жүріп кетті. Содан бойымда сынықшылық, емшілік қасиет бар екенін байқадым. Оны естіп, ел де келді. 2010 жылдан бастап адам емдеуге кірістім. Өз жерімде Айнұр емші деп танылдым. 2012 жылы атым бүкіл аймаққа жайылды.
Бүгінде күніне 300-400 адамды тегін қабылдап, бірінің сынығын салсам, бірін ұшықтаймын. Нағыз емші ақша сұрамайды, тек бергенін алады. Сынық салу &ndash екінің біріне берілмейтін қасиет және өнер. «Дәрігерді халық асырайды» деген. Мұндай істі арқалап жүрген адам атақты болса, еш әбестігі жоқ деп ойлаймын.
С: Оған инстаграм да себепкер шығар?
- Әуелде инстаграмға мүлде кірмедім. Адамдар танып, жайсыз пікірлер қалдырса, оны көтере алмаймын дедім. Бір күні сіңілім өз парақшасына менің фотомды жариялайды. Сол кезде адамдар «Оо, Ая апа, Айнұр апа!» деп шу ете қалады. Сонда халықтың маған деген ықыласын байқап, сіңілімнің парақшасын сұрап алдым. Оқырмандарым күн сайын артып, белсенді бола түсті. Сол сәтте маған: «Әр саланың өз жұлдызы бар. Неге сынықшы жұлдыз болмасқа» деген ой келді.
Емші десе бәрі ақ жаулықты апа не атаны елестетеді. Мен осы түсінікті өзгерткім келді. Көп емшіні өз ортасында сыйлап, құрметтейді. Бірақ көргенде тани бермейді. Сондықтан елге пайдасы тиіп жүрген емшіні ел тануы тиіс дедім. Тарихта өмір бойы халыққа еңбек еткен, «Ая апа» деп ел құрметтеген, емші қыз болып қалғым келеді. Мен оған сенемін.
С: Сонда қандай адамдарды ұшықтайсыз?
- Өзін жайсыз сезінген кез келген адамды ұшықтаймын. Сынық салғаннан кейін де оның ұшығы болады дейді. Сол үшін ұшықтаймын. Қызуы көтерілген балалар, еш жері ауырмайтын адамдар да ұшық алып тұрады. Ұшық - адамға жеңілдік береді, бойын тазартады. Мысалы, көзіне ота жасататын кісі әуелі ұшық алып, одан кейін жасатса, отасы сәтті өтеді деген сенім бар.
Бұл ата-бабадан келе жатқан қасиет. Менің өз жағымда да, нағашы жұртымда да молда, көріпкел, ұшықшы кісілер көп болған. Қасиетсіз адам жоқ деп есептеймін. Ол біреуге бақ боп қонады, біреуге қонбайды.
С: Өзін-өзі жақсы көру &ndash көп адамға жетіспейтін нәрсе. Ол сізде бұрыннан бар ма, әлде өмір тəжірибесі ме?
- Мен ата-әженің қызы болдым. Маған қарсы сөйлеген адам әжемнің жауы болды. Сыныптағы ең ұсқынсыз қыз болсам да, әжем үнемі «сен күштісің, кереметсің» дейтін. Сол сөздің құдіреті шығар, айнадан шындықты көріп тұрсам да өзімнің керемет екеніме сендім. Өскенде ең әдемі қыз боламын дедім.
Өсе келе сұлу болып кетпесем де, бетім бұрынғыдан тегістеліп, кәдімгідей ажарым кіре бастады. Ойласам, психологтар қазір айтып жүрген афирмацияларды мен кішкентайымда-ақ айтыппын. Себебі үнемі айнаға қарап, «Мен сұлумын, әлемдегі ең атақты адыммын» деп айта бердім.
Қазір де әлемдегі ең керемет, әдемі, иманды, қамқор адам жалғыз өзім. Өзім қатты сенген соң ба, халық та соған сеніп келе жатқандай. Бойымдағы кемшілікті байқамай, тек жақсылығымды көретіндей. Өміріңде еш көрмеген адамдар күтпеген сый жасап жатады. Менен бір журналист «әлемдегі ең атақты адамдардың бестігіне кірем деген екенсіз, оған қандай әрекет жасап жатырсыз?» деп сұрады. Сол кезде: «Ештеңе де. Мен оған жай ғана қатты сенемін» дедім. Адамдар өзі қатты қалаған дүниесінің міндетті түрде орындалатынына сену керек. Адамның досы да, жауы да - өзі. Арманды биіктеу қылып армандаса, Алла Тағала бәрін қабыл етеді.
С: Бұрын рухани азық алу үшін жастарды беделді кісілерді тегін кездестіретін. Ал сіздің ақылы кездесуіңізді рухани азық беретін тренинг деуге бола ма?
- Мұндай кездесулер жастарға қашанда керек. Мен негізінен көптеген кездесулерге тегін барамын. «Жастар орталығының» ұйымдастыруымен біршама колледж, университтерде болдым. Ал, ақылы кездесуге халықтың өзі: «Айнұрдың уақытын сатып алайық» деп қолқа салады. Тіпті бағасын да өздері белгілеп, ұйымдастыруды да мойындарына алды. Бұлай сұраған соң, олардан асып ешқайда кете алмадым.
Халықпен кездескен өзіме ұнайды. Олармен сөйлескеннен, батасынан күш-қуат аламын.
Кездесулерді тренинг деп атамау себебім: мұнда семинар-трениингке сай келетін дүниелер толық емес. Тақырыбы, нақты жоспары жоқ. Бұл жерде өмірден көргенім, халықпен жұмыс істеу кезіндегі іс-тәжірибелеріммен бөлісемін. Өзімнің ғана емес, ата-әжемнің өмірі, анам мен әкемнің арасындағы қарым-қатынас жайында айтамын. Сөз құдіреті, іс құдіреті, ой құдіреті туралы көп жайды қозғаймын. Сұрақтарға жауап беріп, ақ тілегімді білдіремін.
Кейбір адамдар «Сізбен жеке кездескіміз келеді, уақытыңызды сатып алайық» деп өте қомақты қаржы ұсынып жатады. Өзі сұрап тұрса, неге қабыл алмасқа?! Мен олардың ақшасына емес, қуанғанынан, батасынан ләззат аламын.
Болашақта психологияны түбегейлі зерттеп, шетелден білім алып, қымбат бағамен тренинг жүргізу ойда бар. Осы сәтімді қанағат тұтуым да ғажап емес.
С: Бұдан қоғамдағы рухани шөліркеуді байқауға болатын сияқты...
- Иә, дұрыс айтасыз. Қазір қоғамға рухани азық жетіспейді. Оның себебі: адамдардың кітап оқымайтындығында. Рухани байлықтың негізін тек кітаптан аламыз. Қазір бәрі инстаграмда отырады. Оның ішінен рухани дүниелерді тауып оқитындар аз.
Көбісі жеңіл нәрсеге қызығады. Өздігінен оқуға, ізденуге ерінеді. Ішкі дүниенің бостығы соның әсерінен. Сондықтан кітап оқуға үгіт-насихат жүргізу керек. Жастар мықты жазушы, ақындардың кітаптарын оқыса өздері ойлағаннан да биік санаға қол жеткізер еді.
Бар айтарым - түкке тұрмайтын нәрсеге ренжи бермеу керек. Алла кешірген адамды сен де кешір. Еш нәрсеге өкінбе. Мұны бәрі біледі. Бірақ соны жүрекке қадап, жеріне жеткізіп айтатын адамдар жоқтың қасы.
С: «Сырласудың» оқырмандарына деген тілегіңіз?
- Алла Тағала әрбір оқырманға бармақтай бақ берсін. Сол бақты көтеріп жүретін мықты салмақ берсін. Менің өмірлік ұстанымым - «Еңкейгенге еңкей, атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес». Нағашы көкем: «Ең үлкені - татулық пен сыйластық» дейтін. Әжем болса: «Жақсылықты қызғанба бәріңе де жетеді, жақсы болып бір жүрсең, дүние думанда өтеді» дейді. Осы қысқа ғана ғұмырда тек татулықпен, достықпен өмір сүрсек екен.