Түркімен, Тәжік, Қырғыз азаматтары Германияда теракт жасамақ болған
Германияның ішкі істер министрлігі лаңкестік әрекетті дайындап жатқан қылмыстық топтың ұсталғаны туралы мәлімдеді. Олар Орталық Азия елдерінің тумалары, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Іinbusiness.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап жазды.
Германия мен Нидерландыда Орталық Азия елдерінен келген тоғыз иммигрант терроризмге қатысы бар деген айыппен ұсталды.
Тергеушілердің айтуынша, олар Германияда шабуылдар дайындап, "Ислам мемлекеті" лаңкестік тобының қызметіне ақша жинап жүрген.
Бұл мәліметтерге сәйкес, күдіктілер Ауғанстанда және көршілес елдерде орналасқан исламшылармен байланыста болған.
Солтүстік Рейн-Вестфалияның ішкі істер министрі Герберт Роулдың айтуынша, 20 мен 46 жас аралығындағы Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары ұсталды.
Тергеушілердің мәліметіне қарағанда, олар қазірдің өзінде кураторлардан шабуыл жасау туралы нұсқау алып, дайындықты бастап кеткен, бірақ нақты мәліметтер әлі пысықталған жоқ.
Прокуратура қолда бар деректер топ мүшелері деп болжанған адамдарды ұстауға жеткілікті деп санады.