Атлант мұхитында су астындағы "Титаник" кемесінің қирандыларына туристерді тасымалдайтын жеке сүңгуір қайық жоғалып кетті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Вugin.kz-ке сілтеме жасап.
АҚШ пен Канаданың теңіз күштері мен сүңгуір қайықтың иесі саналатын OceanGate Expeditions іздеу жұмыстарын бастады.
Іздеу операциясын жүргізіп жатқан Бостон жағалау күзетінің деректеріне сүйенсек, сүңгуір қайықта бес адам бар. Олардың арасында 59 жастағы британдық миллиардер және зерттеуші Хамиш Хардинг болған. Мұны оның отбасы, сондай-ақ OceanGate Expeditions негізін қалаушы Стоктон Раш растады.
Хардинг демалыс күндері өзінің әлеуметтік желісінде: "Ньюфаундлендтегі кейінгі 40 жылдағы ең қолайсыз ауа райына байланысты бұл сапар адам баласының 2023 жылы Титаникке алғашқы және соңғы сүңгуі болуы мүмкін" деп жазған екен.
"Титан" шағын сүңгуір қайығы жеке экскурсиялар үшін пайдаланылады. Онда бес адам бар: капитан, ғалым-гид және үш турист. Әдетте, экспедициялар сегіз күнге созылады. Титаниктің қираған жеріне жеткен жолаушылар сүңгуір қайықпен, суға батқан лайнерді зерттейді. Сүңгудің өзі шамамен сегіз сағатқа созылады. Турдың құны 250 мың доллар.
Oceangate Expeditions мәліметтері бойынша, сүңгуір қайықтың бортында апат болған жағдайда көлік ішінде 96 сағат бойы өмірді сақтай алатын тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі бар.
Титаник Канаданың Ньюфаундленд аралынан шамамен 600 шақырым жерде Атлант мұхитының түбінде 3800 метр тереңдікте жатыр.