Панама – әлемдегі ең бақытты мемлекет
Панама әлем бойынша ең бақытты мемлекет болып танылды. Мемлекеттер арасында жайлы өмір индексі бойынша рейтинг құрастырған Gallup-Healthways компаниясы осындай шешімге келіп отыр.
Жұмыс барысында мамандар мемлекеттерді келесі көрсеткіштер бойынша бағалады: елдегі халықтың табысы, әлеуметтік қорғауды сезінуі, жақындарына деген қарым-қатынасы, өмірлік мақсатының айқын болуы, денсаулықтарының жақсы болуы негізге алынды. Рейтингте көш бастап тұрған Панама мемлекеті, одан кейін Коста-Рика, Дания, Австрия, Бразилия, Сальвадор, Уругвай, Швеция, Канада және Гватемала.
Ең бақытсыз елдердің ондығына Сирия, Ауғанстан, Гаити, Конго, Чад, Мадагаскар, Уганда, Бенин, Хорватия және Грузия кіреді. Қазақстанға қаншасыншы орын бергені белгісіз.
Рейтинг авторлары бақытсыз елдердің қатарына көбіне қарулы қақтығыстар жиі болатын елдер жатқызылатынын айтты. Сонымен қатар, мемлекеттердің бақытты болуына менталитеттері де әсер етеді. Мысалы, халқы жайлы өмір сүретін бақытты мемлекеттер көбінесе Латын Америкасында екен. Мамандардың айтуына қарағанда, бақытты елдердің халқы оптимист болып келеді.