"Кейінгі 1200 жылда болмаған". АҚШ ғалымдары жойқын апат туралы ескерту жасады
АҚШ-тың батыс аймағында ұзақ уақыттан бері құрғақшылық болып жатыр. Бұл бүкіл өңірдегі су ресурсына кері әсер етіп жатыр. Сарапшылардың сөзінше, егер алдағы 10-20 жылда құрғақшылықтың алдын алмаса, бүкіл ел үшін салдары қиын болуы мүмкін. Бұл туралы Newsweek журналында жарияланған мақалада айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғалымдардың сөзінше, АҚШ-тың құрлық бөлігінің 65 пайызы белгілі бір деңгейде құрғақшылық жағдайында.
"Зардап шеккен штаттардың ішінде Юта, Орегон, Небраска, Канзас және Оклахома бар. Оның әрқайсында құрғақшылық жайлап тұрған аудандар бар", - делінген мақалада.
Ғалым Рик Рилидің сөзінше, мұндай жағдай кейінгі 1200 жылда болмаған.
Экологиялық және энергетикалық менеджмент институты жетекшілерінің бірі Джонатан Дисон тағы бір-екі онжылдық құрғақшылық сулы горизонттарды едәуір сарқып, жерасты суларының ресурстарын жоғалтып қана қоймай, жердің шөгуіне әкеліп соқтыратынын, бұл қоғамдық инфрақұрылымға жалпы зиян келтіретінін ескертті.
Сарапшылар АҚШ-та ерекше құрғақшылық кезеңі 2030 жылға дейін созылуы мүмкін деп болжайды.