"Төсекте қуаты тез бітетін еркектер көбейді": Уролог қауіпті дерттің алдын алуға шақырды
Ер адамдардың төсектегі белсенділігінің төмендеуі еркектің денсаулығына тікелей әсер етіп қана қоймай, көптеген отбасылардың бұзылуына да әкеледі. Бүгінде әйелінің көңілінен шықпағаны үшін өзін төмен санап, дәрігер жағалап жүрген жігіттердің саны артып келеді. Ал төсектегі күш-қуаттың төмендеуіне себеп болар жайттар көп.
Уролог-андролог Олжас Иманғалиұлының айтуынша, бұл - дабыл қағарлық дүние. Білікті дәрігер ер адамдардың төсектегі белсенділігінің төмендеуіне нақты қандай нәрселер себеп болатынын және оның алдын алу үшін не істеу керектігін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Қазіргі таңда төсекте өзі ойлағандай нәтиже көрсете алмайтын ер адамдар қабылдауыма жиі келеді. Олардың көпшілігі отбасылы. Ал кейбіреулер еркектік факторлардан балалы болмағандықтан, ажырасып кетіп жатыр. Әрине, бұл жайттар ойландырмай қоймайды.
Ер адамның төсектегі күш-қуатының кемуіне көп нәрсе әсер етеді. Оның ішінде ең маңыздысы – еркектердің жыныстық ауруларға, әсіресе, простатитке көп ұшырауы. Бұл ер адамдар үшін өте қауіпті дерт.
Простатиттің төрт клиникалық белгісі бар.
Біріншіден, қуық асты безі қабынған кезде ауыру сезімдері көп болады. Яғни, бұт арасы мен тік ішек бойы ауырып, зәр шығарғанда ауырсыну байқалады.
Екіншіден, ер адамдардың зәр шығару жүйесі бұзылып, күндіз де, түнде де дәретханаға жиі барады. Мазасыздық пайда болады.
Простатиттің үшінші белгісі – төсектегі әлсіздік. Жыныстық қатынас кезінде тез шаршап қалу немесе төсекке мүлде ынтасы болмау.
Ал төртіншісі белгісі – ұрық сапасының төмендеп кетуі. Ерлердің бедеулігіне алып келетін ең қауіпті дерт – осы простатит", - дейді уролог-андролог.
Дәрігердің айтуынша, кейде простатит жасырын түрде асқынуы мүмкін. Мұны көптеген ер адам байқамай да қалады.
"Кейде жоғарыда айтылған төрт белгінің барлығы бірдей байқалмай, біреуі ғана білінуі мүмкін. Бұл жағдайда простатит жасырын жүреді. Жалпы, қуық асты безінің қабынуы ерте жыныстық қатынасқа түскенде жұғатын аурулардан да асқынады. Сондай-ақ, ер адамдағы тестестерон гормоны азайып, артық салмақ пайда болып, қандағы қант мөлшері артқанда да төсек қатынасына қызығушылық азаяды. Күйзеліс пен қан тамырларының дұрыс жұмыс істемеуі де кері әсерін тигізеді", - дейді Олжас Иманғалиұлы.
Уролог-андролог төсектегі белсенділікті арттыру үшін не істеу қажеттігіне де тоқталды.
"Ең алдымен дұрыс тамақтану қажет. Дұрыс тамақтану көптеген ауруларды алдын алады. Артық майдан арылып, спортпен айналысып, велосипед тебудің де пайдасы орасан зор. Спорт денедегі тестестерон горморнын арттырып, сексуалды белсенділікті күшейтеді. Сонымен қатар, В3, Д дәрімендері мен фолий қышқылының мөлшерін жиі тексертіп тұрған абзал. Тағы бір айтарым – ерте жыныстық қатынасқа түсуден аулан болған дұрыс", - дейді уролог.