Шаштың түсуін қалай тоқтатуға болады?
Бүгінде ер адамның да, әйелдің де, тіпті кішкентай баланың да шашы уыс-уыстап түсіп жатады. Бұның себебі де сан алуан, ол адамның денсаулығына, тамақтануына, қоршаған ортаның әсері мен күнделікті пайдаланып жүрген сусабынына да байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Егер дүкен сөрелерінде самсап тұрған сусабын мен шипамай шашыңыздың түсуін тоқтата алмай жатса, онда үй жағдайында шашыңызды «құтқарып» көріңіз.
Біріншіден, денсаулығыңыз нашарлап, ағзаңыздың әлсірегенін сезсеңіз, көкөніс пен жеміс-жидек көп жеңіз, өйткені шаш ағзаға С, Е, F дәрумендерінің, темір мен амин қышқылдарының жетіспеуінен де түсуі мүмкін.
Екіншіден, қоршаған ортаға да мән беріңіз, шаш күнге күйеді, жел мен шаңды да «көреді». Сондықтан, шаш әлсіремес үшін аптап ыстықта бас киім киіп, шаштың ұшталған және күйген жерлерін қиғызып отыру қажет.
Үшіншіден, сусабынды таңдауда мұқият болыңыз. Олардың құрамында түрлі химиялық зат пен бояудың болатыны барлығына мәлім. Сусабындар мен басқа шашқа арналған жуғыш заттар сан алуан, оларды иісі, қоюлығы, түсі мен шаш түріне қарай таңдап алуға болады. Дегенмен, тұрақты түрде бір затты пайдаланбай, оларды алмастырып отырған дұрыс. Және шашты күн сайын жуып, жиі бояған да зиян екен. Шашыңызға ақ түспесе, мүлдем боямай-ақ қойыңыз, себебі мамандардың айтуынша, бояған сайын шаштың табиғи жылтыры кетіп, ол керісінше реңін жоғалта түседі.
Төртіншіден, шаштың күтімі дүкен сөрелеріндегі заттармен шектелмеуі керек. Түрлі пайдалы шөптер, атап айтсақ, түймедақ, жолжелкен, сәлбен, киікоты қайнатпаларымен шашыңызды шайып отырсаңыз, жарнамадағыдай жылтырап шыға келеді. Сондай-ақ, шашқа, әсіресе оның түбіне жұмыртқаның сарысын, айран, түссіз қына, үпілмәлік пен ошаған майларын шаш жуған сайын кезектеп, жағып отырсаңыз, әсерін бірден байқайсыз. Шашыңыз аз түсіп қана қоймай, ерекше жылтырап, сау көрініп, жылдам өсетін болады.
Бесіншіден, шаш үлгісін жасағанда фенмен қатты кептіруге болмайды, әсіресе оны шаштың түбіне тым жақындатпаған дұрыс. Кептіргіш құралды жиі қолданған да зиян екен. Және де кеппей тұрып шашты қатты түйіп, тарамау керек.
bnews.kz