Денсаулық сақтау министрлігі санаторий мен курортқа баруға жолдаманы қалай алуға болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Жолдама алу үшін емханадағы тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерге (жалпы практика дәрігері) бару қажет. Бұл ретте, пациент тиісті тексеруден өтеді (қан, зәр жалпы талдауы, ЭКГ, флюорография және ауруға байланысты басқа да тексерулер). Осыдан кейін науқас «ауруханаға жатқызу бюросы» порталында бекітіледі, - делінген Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінде.
Атап айтқанда, денсаулық сақтау жүйесінде санаторий-курорттық емдеуге жолдама негізгі ауру бойынша белгілер болған кезде беріледі.
Санаторий-курорттық емдеу - бұл медициналық оңалтудың үшінші кезеңінде ұсынылатын сауықтыру түрі.
Бұл ретте, Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында, күндізгі стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторий-курорттық ұйымдарда Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында, оның ішінде қашықтан медициналық қызмет көрсету арқылы ұсынылады, - деп аталып өткен министрлік жауабында.