Қазақстандықтар енді Түркияның ең озық емханаларында емделе алады
Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасында "Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім" бекітілетін болды. Денсаулық сақтау министрлігі осы келісімді бекітетін Үкімет қаулысының жобасын әзірледі, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Бірден айта кетелік, ҚР халықаралық шарттары бюллетеніне (2000 жыл, №4, 35-құжат) жүгінсек, 1997 жылғы 10 қыркүйекте Алматы қаласында ҚР Үкіметі мен Түрік Республикасы Үкіметінің арасында "Медицина және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге" қол қойылыпты. Ол ел Үкіметінің 1999 жылғы 5 шілде қаулысымен күшіне енген.
Жаңа келісім енді сол құжаттың күшін жояды. Себебі, 1997 жылғы құжат екі елдің осы саладағы ынтымақтастығын біраз шектейді. Мысалы, оған сәйкес, "тараптар бір-біріне табиғат зардабынан, экономикалық және басқа да апаттардан тауқымет тартқан жағдайда бір-біріне көмек көрсетеді және мұндай жағдайда халықаралық қызметтік ұйымдардың көмек көрсетуіне ықпал жасайды". Бұдан бөлек, бауырлас қос мемлекет "жұқпалы және карантинді аурулар туралы мағлұматтар алмасады".
Жаңа "Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім" одан әлдеқайда кең көрінеді.
Айтпақшы, 1997 жылғы келісім қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде бекітіліпті. Ал жаңа құжат орыс тілін айналып өтіп, қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде бекітілмек әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Дегенмен, "келісімнің мәтіндері арасында алшақтық болған жағдайда тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді".
Жаңа келісім нені көздейді?
Құжат екі мемлекет арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды, тең құқықтық және өзара тиімділік қағидаттары негізінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамытуды мақсат тұтады.
Бұл жерде қазақ пен түрік елінің денсаулық сақтау саласындағы ендігі ынтымақтастығы 13 бағытта дамитын болады. Атап айтқанда:
* Қазақстан мен Түркия бұдан былай пандемияларды қоса алғанда, инфекциялық және инфекциялық емес аурулармен бірлесе күреспек;
* Медицина қызметкерлерін оқыту, олардың біліктілігін арттыру және ана болу, бала туу қауіпсіздігі мен дағдыларына үйретуді қоса алғанда, осы бағыттарда бірлескен жобаларды, ана мен бала өлімін болғызбау үшін жаңа туған нәрестелерді реанимациялау бағдарламаларын әзірлейді;
* Академиялық ұтқырлық жолға қойылады: ТР Денсаулық сақтау министрлігі және Түркия Жоғары білім кеңесі оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын жүзеге асыруға байланысты Қазақстанға жәрдемдеседі;
* Түріктің мемлекеттік медициналық ұйымдардың ауруханаларын басқару жүйесі Қазақстанда енгізіледі;
* Түріктер қазақстандық денсаулық сақтау статистикасын қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартудың жөнін, жолын көрсетеді;
* Медициналық қызметтердің сапасы және денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу бағыттарында ықпалдасады;
* Мейіргерлік қызмет бойынша ынтымақтастық орнатылады;
* Фармацевтикалық қызмет, медициналық бұйымдар, жабдықтар және вакциналарды әзірлеу саласындағы ынтымақтастық, ақпарат пен тәжірибе алмасу жүзеге асырылады;
* Денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы әзірлеуде білім мен тәжірибе алмасады;
* Тәжірибе алмасу және бірлескен қызметті одан әрі дамыту мақсатында сарапшылар мен денсаулық сақтау қызметкерлерімен алмасуға ерекше назар аударылады, қазақстандық және түркиялық ұйымдардың арасындағы тікелей ынтымақтастық өзара нығайтылады;
* Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) және Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) және басқа денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар аясында бірге әрекет етеді;
* Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қоса алғанда, әртүрлі инвестициялық модельдер аясында денсаулық сақтауға инвестициялар саласында, ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу, әзірлеу, енгізу және тәжірибе алмасу салаларында бірлесе қимылдайды;
* Түркияның цифрлық денсаулық сақтау саласындағы озық практикасы Қазақстанда қолданылып, дамытылады.
* Егер келісім сөз жүзінде қалмай, лайықты орындалса, онда қазақстандықтарға түркиялық озық клиникалар қолжетімді болуға тиіс.
Мысалы, ең заманауи жабдықтармен үздік жарақтанған, әлемдегі ең ірі 4-ші аурухана дәл осы Түркияда орналасқан.
Түрік пациентіне қамқорлық сүйсінтеді
Жалпы, бұл туыс елде денсаулық сақтау ісінің озық жолға қойылғанына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният түгіл, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де тамсанып жүр.
Оның айтуынша, бұл елдің медицина саласын цифрландыру тәжірибесі Қазақстанға үлгі.
"Түркияда міне, 10 жылдан бері e-Nabız атты орталықтандырылған жүйе жұмыс істейді екен. Бұл қазақшаға тамыр соғысы деп аударылады. Дәл осы жүйеге елдегі барлық клиникалардан деректер жиналады. Соның арқасында адамдарға өзімен бірге бұрынғы түскен рентген, МРТ, КТ түсірілімдерін, УДЗ жазбаларын алып жүрудің қажеті жоқ. Түркия азаматы кез келген клиникаға барса, оған қатысты барлық клиникалық деректер ортақ базадан табыла кетеді. Әр сала дәрігері содан өзіне керекті деректі алады. Егер азамат өз денсаулығына қатысты әлдебір мәліметті не анықтаманы алғысы келсе, ол да сол жүйеден ұсынылады. Бұл деген ғажап. Мысалы, сіз кеше Анталиядағы жеке клиникада қаралсаңыз, ертесіне Анкараға ұшып кетіп, сондағы кез келген, яғни жекеменшік не мемлекеттік ауруханаға барсаңыз, сіздің кешегі дәрігерге қаралғандағы деректеріңіз, соның ішінде бүкіл диагнозыңыз, дәрігердің рекомендациялары, дәрілерге рецептілер, бәрі-бәрі қолжетімді болады", – дейді Бағдат Мусин.
Бұл әзірге Қазақстан тұрғындары үшін арман ғана. Қынжылтатыны сол, республикамызда азаматтардың Электронды денсаулық паспорты 2015 жылдан бері енгізіліп жатыр. Ел Президенті бұл іске 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауы аясында тың серпін беруге тырысты, талап қойды. Оған сәйкес, Қазақстан 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, қағазсыз, цифрлы медициналық құжат айналымға толық көшуге тиіс болатын.
Алайда қазақстандық сырқаттар сол бойы өз денсаулығына қатысты барлық қағаздарды, анықтамалықтарды, түрлі түсірілімдерді жинап, бір емханадан басқа клиникаға тасып жүруге мәжбүр. Бұл әсіресе, тұрақты есепте тұрған, созылмалы аурулары бар науқастарға қиын.
Түркияда болса, трекинг жүйесі енгізілген. Ол лабораториялық анализдер мен зерттеулерге қатысты барлық процестерді бақылауға мүмкіндік береді. Мәселен, Түркия азаматы қан, зәр тапсырса, сол күннен-ақ зертханалық зерттеулердің алғашқы қорытындыларын біле бастайды. Ол нәтижелермен дәрігері де танысып, онлайн ақыл-кеңестер, қажет болса, қосымша зерттеулерге бағыттамалар, жаңа дәрілерге рецепт бере алады.
Оның үстіне Түркия азаматтарына дәрі-дәрмектің біразы тегін берілетін көрінеді.
Трекинг жүйесі дәрілік препараттардың, соның ішінде вакциналардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Ал МӘМС жүйесі енгізіліп, медицинасы ақылы болған, әрі артта қалған Қазақстанда пандемия өршіп тұрған тұста, қандай емханада қандай вакцина қалғанын тіпті Бірыңғай байланыс орталығы да айта алмады. Соның кесірінен, Денсауминінің жанында қоныстанған астаналықтардың өзі бір вакцинация бекетінен екіншісіне жүгіріп, қарадай сергелдеңге түсті.
Біздің медициналық шенеуніктер әр емхананы компьютермен жабдықтап шыққанына мәз болады. Содан біздің дәрігерлер қадаға байланған аттай амалсыз жұмыс орнынан алыстай алмайды. Мысалға, сырқат жұмыстан тыс уақытта өз учаскелік дәрігерінің мейірбикесіне шұғыл хабарласса, ол келесі күні емхананың есігі ашылғанша, еш қайран қыла алмайды. Түркиялық дәрігерлер мен мейіргерлер планшеттермен "қаруланған". Өз пациентіне кез келген уақытта көмекке келе алады. Бұл үшін оларға тіпті қосымша ақы төленеді екен.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Түркияның медицина саласын цифрландыру тәжірибесін енді "міндетті түрде Қазақстанда пайдалануға" уәде етіп отыр.
Сөз болған екіжақты келісім 5 жылға жасалды. Егер ол өнімділігін, тиімділігін паш етсе, онда келісім әрі қарай 1 жылдық келесі кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.